ИТ ПЕН ЕР
"Ит - жеті қазынаның бірі". Оны білеміз. Алайда атам қазақ: "Ит - тойған жеріне, ер - туған жеріне", - дегенді де айтқан. Бұл мақал негізінде ісі де, тірлігі де оңғарылмай, жанбағыс үшін бөгде жерде тіршілік етіп жүргендерге қарата айтылса керек. Осыған керағар, жолы оңғарылғандардың өзіне: "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол", - деп қоятынымыз да бар. Бұл да мәні өзгерген мақал. Оны ретіне қарай айта жатармыз. Әзірге мын "ит" пен "ердің" басын ашып алайық. Ердің жайы белгілі. Бұл тұрғыда аталарымыз:
"Жекен жерінде көгерер,
Ер елінде көгерер", - деген. Ал ит... Иә, итке сенім жоқ. Сірә аталарымыз:
Аш иттің құйрығын
Сұқ ит жалайды", - дегенді соған орай айтса керек. Жалпы итке сенім жоқ екенін Асқар Тоқмағамбетовтың мына өлеңінен де аңғаруға болады:
"Екі төбет кездесіп,
Жер ошақтың басында,
Отырысты тілдесіп,
Ешбір жан жоқ қасында:
"Нәсіліміз бір еді,
Кел таласты тастайық,
Мәңгі достық, бұл тегі —
Болсын, бүгін бастайық", —
Деді - дағы қос төбет,
Бірін-бірі жаласты,
Сөйткенше бір кесек ет
Ортаға түсті... Таласты.
Айтылған сөз, берген серт
Қалды ошақтың басында,
Жұмарлады көк төбет,
Дос не керек, ашында!".
Иә, "Жеңген ит желкесінен талайды", - деген осы. Алайда иттің қай кезде де өз иесіне адалдық танытатынын жоққа шығаруға болмайды. Сірә аталарымыз: "Итті күшігінде үйрет", - дегенді соған орай айтса керек. Ит бойындағы осы мінезді Қадыр ағамыз өз өлеңінде былай суреттепті:
"Қожасының бұйрығын
Қалт жібермей,
Қалбақтап,
Бұлғаңдатып құйрығын
Қалады ит жалбақтап.
Ары бардың, адалдың
Асқақ тұрар шоқтығы.
Тегін емес,
Адамның
Құйрығының жоқтығы!".
Бәрімізге белгілі. Ит - жеті қазынаның бірі. Соған орай адам баласы итті өзіне жақын тұтады. Ел арасында мынандай әзіл де бар:
"Бір ауылда бір шал бәрін мазақтап, бәрімен қалжыңдасады екен. Бір күні сол шалдың Ақтөс деген иті өліп қалады. Ауылдағы жігіттер жиналып:
- Біз де барып қалжыңдайық. Иті өлгеніне көңіл айтып барайық - дейді.
Жігіттер жиналып барса, шал есік алдында отыр екен.
- Ата, итіңіздің арты жақсы болсын! - деп жігіттер шалды құшақтап көңіл айтыпты. Сонда шал:
- Әй, кемпір, шай қой, Ақтөстің достары келді! - депті".
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Ол үшін әуелі "Ит - тойған жеріне, ер - туған жеріне", - деген мақалдың тура мағынасына назар аударып көрелік. Басы ашық жәйт. Ит иесін тастап ешқашан тойған жеріне кетпейді. Оның тойған жері - өз үйі. Демек бұл жерде мақал ұйқасы үшін итті құрбандыққа шалуға болмайды. Ал "ерге" келсек, тағы да басы ашық жәйт. Қазақ туған ауылынан ұзай қоймаған адамды ер санатына қоспайды. Қайта ондайларды "үй күшік" деп күстәналайды. Жарайды, негізгі мән мұнда емес, ауыспалы мағынасында делікші. Бірақ қалай болғанда да ауыспалы мәннің өзі сыртқы формаға үйлесіп тұру керек қой.
Иә, үйлесу керек. Сондықтан да мақалдағы тойған жерін місе тұтып, сол жерде байланып қалған "итті" нәпсі деп түсінген жөн. Ал туған жер - жәннат. Алайда оған тек ерлер ғана орала алады. Соған орай Білге қаған: "Нағыз ер «дүние-мал» деп дірілдемес болар", - деген. Алайда ер туралы түсінік те әрқилы. Мәселен, Иүгінеки Ахмед: "Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте", - десе, Юлиус Фучик:
"Сын сағаттарда қоғам мүддесі үшін жасалуға тиістіні жасайтын адам - нағыз ер", - дейді. Ал Асан қайғы атамыз болса:
"Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар,
Дәулеті күнге артылып, не қылса да мол болар", - деп ер мәнін адам басына қонған бақытпен байланыстыра ашады. Себебі біз:
"Ер жігіт елі үшін туады,
Елі үшін өледі", - деген халықтың ұрпағымыз. Соған орай:
«Малы жоқ» деп
Ерден түңілме.
Егіні жоқ деп
Жерден түңілме", - деп те қоямыз. Себебі, біз: "Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар", - деген халықпыз. Оның үстіне, аталарымыз айтпақшы:
"Ылдисыз өр болмайды,
Табыссыз ер болмайды".
Әйтсе де ерге балаған адамның бәрі туған жеріне жете бермесе керек. Біз тілге тиек еткен мақал соны қай ердің де қаперіне салады. Қаперге салатыны, "Ер қартайса, қазаншы,
Бүркіт қартайса, тышқаншы болатынын" білген. Жалпы ерлік қалпын сақтап тұру оңай емес. Бұл тұрғыда Наполеон Бонапарт та:
"Ерлер төрт, ал әйелдер алты сағат ұйықтауы керек. Одан артық тек балалар мен пессимистер ғана ұйықтайды", - депті.
Қорыта келгенде айтарымыз: "Ер жігіт елі үшін туады, Елі үшін өледі". Аталарымыз: "Ер мойынында қыл арқан шірімес", - дегенді соған орай айтқан. Бұл тұрғыда Жамбыл атамыз да:
"Ел үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария кең болар", - дейді.
Сөз соңын Әлихан Бөкейхановтың сөзімен түйіндесек: "Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса - қазақ халқы соңынан ерер еді". Әйтсе де Махамбет ақын айтпақшы:
"Ерулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай.
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Әр түйірі ат болмай,
Атыңды байлап келгенде,
Қатын-бала жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?".
Құдияр БІЛӘЛ