ИСЛАМ ЖӘНЕ УАҚЫП

20 желтоқсан 2023 2550 0
Оқу режимі

Қазақ даласын зерттеген шетелдіктердің еңбектерінде қазақ халқының мұсылманшылықты жақсы ұстағандығы жайында деректер бар. Соның бірі 1879 жылы Петербордан шыққан «Ресей халықтары» деген еңбектің қазақтарға арналған шығарылымында дала халқының күні құлшылықпен басталатыны туралы мағлұматтар келтірілген.

«Қырғыздардың (қазақтардың) күні таң атқаннан басталады. Таң жарығы шығар-шықпастан молда немесе ерте тұрған бір адам даусын созып азан айтады. Сол сәтте бүкіл киіз үйдің есіктері ашылады. Оянған жандар дәрет алу үшін суға барады. Дәрет алған соң алғашқы намаз үйде немесе үй сыртында оқылады. Әйелдер жағы бұл кезде төсегін жинап, от жағып, таңғы астың қамына кіріседі. Таңғы астан кейін үй иесі қолын жуып, «Аллаһу әкбар» деп сақалын сипайды. Сосын әрқайсысы өз тіршілігіне кіріседі» («Дін мен дәстүр» кітабы, 57-бет).

Мәскеудің әскери-тарихи мұрағатында Путинцев есімді Орынбор губернаторы кеңесшісінің ХІХ ғасырда жазылған хаты бар. Хаттың «Қырғыз-қайсақтар туралы қысқаша мәлімет» деп аталатын бірінші бетінде: «Қырғыз-қайсақтар мұсылман дінін ұстады. Көшіп жүргендері ташкенттік және бұқаралықтарды молда етіп алады. Қырғыздарды дінге берілген деп айтуға болмаса да, олар Мұхаммедтің хадисі мен ұстанымына берік. Ант бергенде олар (қырғыздар) Құранды пайдаланады», – деп жазылған.

Ислам дінін өмірінің рухани тірегі еткен қазақ халқы қашан да Құранға құрмет көрсетіп, асыл дініміздің құндылықтарын насихаттап өткен. Осы жолда жан алысып, жан беріскен. Өмірін қатерге тігіп, құдайсыз қоғамда өмір сүрмеуге тас бекінген Әлихан Бөйкейхан, Жақып Ақбаев мәтінін әзірлеген, Ресей патшалығын дүр сілкіндірген Қарқаралы құзырхаты (петиция) қазақ халқының, мұсылман қауымының болашағы үшін жазылғаны ешқандай күмән тудырмайды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқыған сайын, жаңаша ой түйеміз. Сол секілді Қарқаралы құзырхатын қайта оқыған сайын соны ой келеді, көзқарасың өзгеріп сала береді. Дала өлкесінің мінезін көрсеткен, көздеп отырған мақсатын айқындап берген құзырхатта: «...біз қымбат құнмен есеп айырысамыз», – делінген. Мұсылман қазақтың түйсігіндегі қымбат құн қайсы? Әрине ол – адамның жаны, діні мен ділі, тілі мен дәстүрі. Осы жолдағы күрес – нағыз ерлік.

Құзырхаттың бірінші жолында: «Қырғыз (қазақ) халқының аты «мұсылман қырғыз (қазақ)» деп аталып, әскери міндеттен босатылсын», – деп жазылған. Бабаларымыз мұсылман қазақ болуды үлкен мәртебе көрген және соны талап еткен. Біле білсек, бірінші талаптың осыдан басталуында үлкен мән жатыр. Бұл тегінен айрылып, атынан жерініп, мұсылман болғысы келмейтіндер үшін мәңгілік ұран болса дейміз. Сондай-ақ құжатта: «Қажылыққа баруға шек қойылмасын, еркіндік берілсін», – деп жазылған. Аталарымыздың арманы, тектілердің тілегі бүгін орындалды. Аллаға шүкір дейміз. Бірақ олар бұл күнді, тәуелсіздігімізді көре алмады. Алайда өжеттіліктен туған әрекеттерінің жемісін өздері көруді мақсат тұтпады. «Біз көрмесек те, игілігін ұрпағымыз көрер» деген үміт басым болды. Бізге де қазір осындай мінез керек.

Құзырхаттың жалпы мәтінінде: «Қырғыздарға (қазақтарға) мешіт, медресе салуға рұқсат керек. Құдайға құлшылық етуге еркіндік болсын. Ол жерлерде араб, парсы және түрік тілінде сабақ беруге, газет және кітаптар шығаруға, баспахана салуға рұқсат берілсін. Әр болыста алымды жинайтын адамдар сайлануы тиіс, шариғатқа сәйкес, қозғалыстағы дүние-мүлкінен алынатын процентті белгілі (зекет, готур, бітір) басқа да міндетті алымдар, кедей отбасының оқушыларына төленеді. Мешіт пен медресенің пайдасына уақыпқа рұқсат етілсін», – деген жолдар бар.

Исламдағы уақыптың маңызы және оның сауабы үлкен. «Уақып» қорының директоры Ардақ Нүсіпханұлы бір сұхбатында уақыптың мәнін түсіндіре келе: «Ислам діні, жалпы шариғатымыз жақсылық жасауға бұйыра отырып, адам баласын екі дүниеде де бақытты болуға жол сілтейді. Соның бірі – уақып. Адамның өзінің меншігіндегі мүлікті елдің игілігіне пайдалануға беруін уақып деп атайды. Тура мағынасы – «ұстау», шариғаттағы мәні – өзіне тиесілі бір мүлікті Алла разылығы үшін халықтың игілігіне жарату арқылы мол жақсылыққа, сарқылмас сауапқа кенелу», – деген болатын. Құран Кәрімде уақып жасауға ынталандыратын мынадай аяттар бар: «Уа, иман келтіргендер! Тапқан нәрселеріңнің және Біздің сендер үшін жерден шығарған өнімдеріміздің жақсы әрі адалынан садақа беріңдер» («Бақара» сүресі, 267-аят); «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» («Әли Имран» сүресі, 92-аят).

Осындай мағынадағы аяттардың бірінде: «(Уа, мүміндер!) Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла жолында жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені Алла – Ғани (ешкімге һәм ешнәрсеге мұқтаж емес шексіз, түгесілмес байлық иесі), ал сендер – пақырсыңдар (һәм Аллаға әркез мұқтажсыңдар). Ал егер (діннен, бойсұнудан) теріс айналсаңдар, сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды» («Мұхаммед» сүресі, 38-аят) делінген.

Ислам тарихында уақып жасаған тұлғалар көп болған. Солардың бірі де бірегейі – хазіреті Осман (оған Алла разы болсын). Ол өз заманында мұсылмандардың игілігі үшін құрма бағы мен құдықты уақып еткен болатын. Арада 1400 жыл өтсе де мұсылмандар Османның уақып еткен құрма ағашы мен құдығын әлі күнге дейін пайдаланып, игілігін көруде. Бұл құдықтың суы мен құрма ағашының жемісі Османның (оған Алла разы болсын) кезінде қажыларға тегін таратылатын, әлі де сол үрдіс жалғасын тауып келеді.

Ізгілердің жолын жалғаған біздің ата-бабаларымыз да ел игілігі үшін мешіт-медресе салдырып, халық игілігіне берген. Патша үкіметі кезінде Құнанбай қажы Өскенбайұлы Қарқаралыдан мешіт салып, мұсылман қауымының игілігіне берді. Сонымен қатар қажылыққа барған сапарында Құнанбай бастаған ұлт зиялылары қазақ елінен келетін қажылардың қамын ойлап тәкие (қонақ үй) салдырған болатын. Олардың бұл ізгі ісі ұрпақ үшін мәңгі өнеге болары анық.

 

Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы

«Иман» журналы, №10, 2023 жыл

 

Дереккөз: Иман журналы

Пікірлер Кіру