ИСЛАМ – ҒЫЛЫМ ДІНІ

23 сәуір 2024 1926 0
Оқу режимі

Ислам ғылымды қолдайды, ешқандай қағидасына кереғарлық танытпайды, қайшылық жасамайды. Ислам ғылымның нағыз бұлағы болып табылады. Ол адамзатқа пайдалы һәм тура жолға бастайтын ғылымды уағыздайды.

Ислам діні келіп, тарап, халықтың көпшілігі білім ізденуге ден қойды. Бірақ ол кезде қазіргідей мектептер немесе жоғарғы оқу орындары болмады. Сол үшін де Ислам мәдениетінің білім бұлағы, ғылым орталығы, мектебі мешіт болды. Мешіт мұсылманның тек ғибадат ететін орындары ғана емес, сонымен қатар мұнда оқу-жазуды, Құран оқуды, шариғат ілімдерін және басқа ілім салаларын үйренді. Мешіттермен қатар оқу-жазуды, хат тануды үйрететін мектептер болды. Кейін, барып, тегін оқытатын оқу орындары ашыла бастады. Ол кезде оқыту жүйесі екі түрге бөлінді.

1) Даһили (ішкі) – бұл қазіргі мектеп-интернаттарға ұқсас келеді. Онда жағдайлары нашар отбасылардың балалары, алыстан келгендер және шетелдіктер оқыды.

2) Харижи (сыртқы) – бұл кәдімгі оқу орындары секілді. Онда білім алушы таңертең сабағына барып, біткен соң үйіне қайтады. Бұл оқыту жүйесінің екі түрінде де оқу ақысыз болды. Әрбір оқу орнында мешіт, аудиториялар, оқушылар бөлмелері, кітапхана, асхана, дәретхана, әжетхана болды. Ал кейбір оқу орындарында спорт алаңдары қоса салынған. Бұл оқу ғимараттарында жоғары дәрежелі ғалым ұстаздарға емтихан тапсырып рұқсат алғандар ғана сабақ беретін. Мұсылман басшыларының, байларының, саудагерлерінің жаңа ғимараттар салуына көмек берулері нәтижесінде оқу орындары көбейді. Алғашқы кезде оқытушыларға еңбекақы төленбеді. Бірақ бертін келе білім алу орындары көбейіп, өркендеген кезде оқытушылар еңбекақымен қамтамасыз етілді.

Әрбір мәдениет бір ғана халықтың не бір ғана ұлттың өнері болып есептеледі. Және оны жасаушы ұлт өкілін ғана мақтан тұта алады. Ислам мәдениеті – иісі мұсылман бауырлардың қолымен жасалған көпке ортақ мәдениет. Ислам мәдениетін діннен бөлек алып қарауға болмайды. Ислам дін мен ғылымды егіз тұжырымға санайды. Ал христиан ғылымды дамыту орнына көптеген ғалымдарды инквизиция сотымен тірідей отқа өртеді, соның салдарынан Еуропада ғылым кеш дамыды. Дін мен шіркеу Еуропа құрлығындағы түгел өркениеттің жолын бөгеген кертартпа қара күштер ретінде өмір бақи өшпес қара таңбамен танылып қалды.

Исламнан бұрынғы халықтар қол жеткізген ғылыми жетістіктердің болғаны рас. Мұсылмандар қысқа мерзімде-ақ оларды меңгеріп, иманнан алған күш-қуаттың арқасында есепсіз жаңалықтардың бетін ашты. Олардың еңбегінің қызығын бұл күні күллі адамзат көруде. Әсәресе мұсылман еместер көбірек көруде. Ислам ғалымдары шұғылданбаған, үлес қоспаған ғылым саласы жоққа тән. Мұсылман саяхатшылар қалдырған мәліметтер мен карталар арқылы Ертіс және Енесей өзендерінің жоғарғы аңғары мен Корея жағалауына дейінгі мекендер тарихта жазулы қалды. Мәселен, 1368-жылы қайтыс болған белгілі саяхатшы Ибн Батутта (1304-139) сонау Зайтун (қазіргі Гонконг) аймағына шейін барғанын, аталмыш аймақтың дүние жүзіндегі ең үлкен теңіз порты екенін, 100-ден астам үлкен кеме мен сансыз кішігірім кемелер тұрақтайтынын, осы ғаламат сауда өнер кешендері шалғай таулардан теңіздер арқылы тасымалданғанын жазған[1].

Аббаситтер халифаты тұсында Ислам ғұламалары көне грек, парсы және басқа тiлдердегi жазба еңбектердi, оның iшiнде антикалық мәдениеттi бiржолата жойылып кетуден сақтап қалды.

Бiр кездерi бiздiң ата-бабаларымыз осы араб тiлi арқылы өз еңбектерiн жазды әрi көпшiлiкке таратты. Махмуд Қашқаридiң араб тілінде жазылған «Диуани лұғаты әт-түрік» кiтабында бұрынғы түркi халықтарының әрiптiк таңбалары 18 болғанын және кейбiр түркi тайпалары оған қосымша белгiлердi қосып, әрiптер саны 25-26-ға жеткенiн жазды. Әбул-Хасанат Мәуләуи Әбдул-Хай Марғұланидiң шариғат заңдары туралы жазылып, Қазақстан мен Орта Азияға кейiннен тараған «Әл-хидая» кiтабын ағылшындар төл тiлiне аударып, жанұя қатынастары бойынша заңның баптарына пайдаланған. Қазiр ол кiтап ағылшын тілінен орыс тiлiне аударылып баспадан шықты.

Діни философия бойынша алғашқы еңбектер һижраның 300-жылында жазылған. Ислам философиясының көш басшысы Әл-Кинди осы жылдары, яғни 1100 жыл бұрын еңбектерін қалдырған. Еуропа жер шары дөңгелек екендігіне көздері анық жетпей әлі ХVІІІ ғасырда бастарын қатырып дауласып жүргенде, Ислам ғұламалары бұл мәселені VІІІ ғасырда, халифа Харун Рашид тұсында зерттеп қойған еді. Бағдат шаһарының сыртындағы Нисфун-Нәһәр деген жерде әртүрлі сызықтар мен өлшеулер жасап, жер шар тәрізді дөңгелек деп қортынды жасады. Куба аралын тапқан Кристофор Колумб бұл пікірді ауадан алған жоқ. Ол жердің дөңгелек екендігін Аверроистан естідім деп жазған. Мұсылман ғалымы Ибн Рушдті Еуропа осылай атайтын. Токио обсерваториясының директоры танымал ғұлама Ешиди Коган халықаралық конференцияда: «Мен әлем сырларының құпиясын зерттеудің жаңа әдісін таптым, ол – Құран оқу. Құранды оқыңыз, ол сізге толықтай ғаламның сырын ашады» деген. Ал Американың эмбриология және адам жаратылысы туралы ғылымдарының докторы Кейт Мор «Адам жаратылысы» деген кітап жазды. Оған араб ғалымдары: «Сіздің осы кітаптағы келтірген пікірлеріңіз Құран мен хадиске өте сәйкес келеді. Егер сіз келіссеңіз, біз оны аят-хадистермен байытып және толықтырып, жаңадан бастыртып шығарар едік» деген. Ол келісті, нәтижеде айтқандай етіп, «Адамның жаралуы Құран мен медицина арасында» деген атпен жарық көрді. Құран аяттары жылма-жыл өмір заңдылықтарымен дәлелдене түсуде.

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ

Пікірлер Кіру