ИМАМ АҒЗАМНЫҢ (РАХ.) НАСИХАТЫ

16 мамыр 2024 1418 0
Оқу режимі

Ей, балам! Саған айтар түрлі насихатым бар, оларды мықтап есіңде сақтап, тиісті үлгіде амал ететін болсаң, дүние мен ақыретте бақыт пен салауатқа қауышасың:

* Әрдайым тақуалықтан айрылма. Үнемі Aлла тағаладан қорқып өзіңді күнә жасаудан қорға. Aлла тағаланың бұйрығын орындауың тек оған құлшылық ету үшін болсын.

* Істеуің тиіс нәрселерді білмей қалып жүрме! (Дүние мен ақырет ісінде кем-кетігіңді толықтыр, білмейтіндеріңді үйренуге күш сал).

* Өзіңе келгенде сыпайы және әділ бол. Қажет болмайынша нәпсіңді еркіне жіберме. 

* Ешбір мұсылманға қастық жасама.

* Қанағатшыл бол. Aлла тағаланың саған нәсіп етіп, бұйыртқан дәулет пен қызметке разы бол. Ашкөз болма.

* Басқалардан сұраудан сақтану үшін қолыңдағы нығметтің қадірін біліп, сақтауда ұқыпты бол, ысыраптан сақтан.

* Жұрттың көзі өзіңде болғанын қалама!

* Бұйрық не рұқсат болмайынша ешкімнің жұмысына араласпа!

* Алдыңнан жұрт шыққанда оларға сәлем бер. Сөйлеу қажет болса, салих кісілерге ұнайтын, ал жаман адамды жаманшылықтан тыятын нәрсе айт, сөзің қысқа әрі нұсқа болсын.

* Aлла тағаланы көп зікір ет, есіңнен шығарма, Расулуллаһқа (с.а.у.) салауатты көп айт.

* Күнбе-күн Құран оқып сауабын Расулулланың (с.а.у.) пәк рухына бағыштап тұрғайсың.

* Көршілеріңе жақсылық, қайырым жаса, көңілдерін таба біл. Олардың жайсыз ісіне сабыр ет.

* Әһли сүннет уәл-жамағаттан ажырама. Бидғатшылар мен адасушылардан сақтан.

* Барлық ісіңе ықылас қой, халалынан ішіп-жеуге күш сал, харамнан аулақ бол.

 

Пікірлер Кіру