ҒАЙЫПҚА ИМАН ЕТУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

08 сәуір 2024 1589 0
Оқу режимі

Ислам діні бойынша ең қуатты иман – ғайыпқа сену. Яғни, көрмеген нәрсесіне сену деген сөз. Бұл да Аллаға және  Оның  Елшісі  Хазіреті  Мұхаммедке  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!),  оның әкелген хабарларына шын жүректен күмәнданбастан сенумен жүзеге асады.

Әсілінде, иман етудің ең маңызды шарты көзге көрінбеген нәрселерге, яғни ғайып әлеміне сенуден  тұрады.  Адам  баласы  ғайыпқа  иман  келтіру арқылы шынайы мумин сипатын алатындығын мына аят растайды:

«Сондай олар көмеске (ғайыпқа) иман келтіреді»(2.Бақара-3). Адам көзге көрінетін барлық нәрсеге сенетіндігі сөзсіз. Бірақ, көзге көрінбейтін нәрсеге сену әркімнің қолынан келе бермесі анық.

Алла біздерге ғайыпқа сенуді бұйырады, яғни алдымен Алла өзіне сенуді, періштелеріне сенуді, ақырет күніне сенуді, ақыретте болатын есеп-қисапқа сенуді әмір етеді.  Бұлар,  әлбетте  ғайып  әлеміне  жатады.  Алланы ешкім көзімен көрген жоқ, періштені адам көре алмайды және өлгеннен кейінгі өмірге ешкім барып-келмеді.

Мұның бәрі біздер үшін қияли нәрсе секілді көрінеді. Күпірлік дегеніміз осы қияли нәрсе секілді көрінген жайттарға сенбегеннен  шығады.  Сондай-ақ,  Хазіреті  Адамның (а.с.)  топырақтан  жаратылғандығын,  оның  періштелермен  тілдескенін  ешкім  көрген  жоқ,  тек  Құран  Кәрімде айтылғандықтан  осылай  деп  білеміз.  Сондықтан  ислам дінінің өзге діндерден бірден-бір ерекшелігі ғайыпқа сену болып есептеледі. Ал көрінетін нәрсеге сенудің исламда ешқандай мәні де, маңызы да жоқ.

Бұл  дүниеге  Аллаһқа,  оның  елшілеріне,  ақыреттегі өмірге сенбейтін қаншама адам келіп кетті. Міне осындай түсінік пен сенімде болған адамдардың ақыретте Алланың бар және бір екендігіне, ақырет өмірінің хақ екендігіне көзі жетіп, Алла Тағаладан кешірім сұрап, жалбарынатын сәті аятта былайша бейнеленеді:

 «Күнәһарлардың, Раббыларының жанында бастарын иіп: «Раббымыз! Көрдік, естідік, енді бізді (дүниеге) қайтар, салих амал істейік».  Рас  нандық    дегендерін  бір  көрсең!» (32.Сәжде-12).

Ғайыпқа  сенудің  негізін  –  «әмәнту  билләһида» айтылған иман шарттарына шын жүректен, ешбір күмәнсіз сенім  құрайды.  Дегенмен,  адамның  көру  мүмкіндігінен тыс әлемдердің бәрі ғайыпқа жатқанымен, олардың бұл мәселеге  қатысы  жоқ  екендігін  айта  кеткеніміз  орынды  болар.  Мысалы,  электр  тогы,  ауа,  ақылды  көре алмағанымызбен  бар  екендігіне  сенеміз.  Бірақ  мұндай дүниеге сену иманға жатпайды.

Мұсылман кісі ғайыпқа сенген кезде оның қандай, қалай  болатындығын  көп  сұрай  бермеуі  тиіс.  Өйткені, дәл ғайып әлеміне байланысты мәлімет Құран мен хадисте шектеулі түрде айтылған. Одан арысы мұсылманның иманына  қатысты  жайт.  Мысалы,  ақыретте  амалдарымызды  өлшейтін  таразының  болатындығы  аятта баян  етіледі.  Бірақ, ол таразының шын  мәнінде  қандай болатындығы беймәлім. Электронды таразы ма, киломен өлшейтін таразы ма, граммен өлшейтін таразы ма, ол бізді қызықтырмауы тиіс.  Біздің міндетіміз сол таразының болатындығына сену ғана. Оның қандай болатындығы бір Аллаға аян.

Алла Тағала тақуа құлдарын мадақтап, олардың ерекшеліктерін айтқан кезде олардың ғайыпқа сенгендігін білдіреді және  Пайғамбарымызға  былай  дейді:

«Шын мәнінде сен, үгітке еріп, Рахманды көрмей-ақ  қорыққан  кісілерге  ескерте  аласың.  Алланың жарылқайтынын ең жақсы сауап (берілетінін) айтып, қуанышты хабар бер. (36.Ясин-11).

 

 

 

 

Дереккөз: «Иман негіздері» кітабынан

Пікірлер Кіру