Достық негіздері

24 қараша 2020 6007 0
Оқу режимі

Саратанның сартап ыстығында кенезесі кеуіп сапарлап келе жатқан жолаушыға төбесінен бір шөкім бұлт көлеңке түсіріп, бауырынан ақ нөсерін төгіп-төгіп жіберсе, оның шөлі басылып, көңілі бір көтеріліп қалатыны айдан анық. Сол секілді өмірден сан түрлі теперіш көріп, күйзеліске ұшыраған кісінің жаралы жанына жан досының ыстық ықыласы жалау болатыны да сөзсіз. Алайда, жеміс ағашы мәуесін үйіп-төгіп беретін дарақ болғанға дейін көп күтімді қажет ететініндей, жабырқаған көңілдерге демеу болар достық сезім де ұдайы қастерлеуді қажет етеді. Достықтың саф сезімін аппақ айдын көлге теңесек, жанқияр жандар сол айдын көлде сейіл құрған аққу-қаз тәрізді. Яғни, досы жоқ жандар - жарты адамдар, ал достық сезімін аяламағандар - бақытын бағалай алмағандар.

Хақ Елшісі (с.ғ.с.): «Бір адамды жақсы көрсеңіз, оны ашып айтыңыз. Осылай жасасаңыз, оның жүрегінде сүйіспеншілік пайда болып, саған деген махаббаты арта түседі», - дейді. Яғни, достық сезім кемелдене түсуі үшін жүректің үні көмескіленбей көмейден күмбірлеп шығып, көркем түрде иесіне жеткізіліп, жария болғаны дұрыс. Себебі, қап түбінде саф алтынның жатпайтыны секілді, достық сезімнің дүрсілі сәті соққанда жүректі жарып шығады. Демек, достық сезімді ішке бүгіп ұстамастан, уақыты келгенде томағасын сыпырған жөн.

Достық қарым-қатынас кемерінде толықсып тұруы үшін ақиреттік бауырлар әманда бір-бірінің хал-ахуалын сұрап, қайғысы мен қуанышына ортақтасып, бір-бірінің есімін атағанда құрметпен һәм әсем аттармен атағаны абзал. Бұл жөнінде хазреті Омар (р.а.): «Досыңды ұдайы әсем есіммен атап, оған алдымен сәлем беріп, ізетпен үйіңнің төрінен орын берсең, сол достық саф күйінде сақтала береді», - дейді. Яғни, достық сезім ғұмыр бойы жан-дүниеңді жаулап тұруы үшін досыңа тек жақсы атауларды телуге тиістісің.

Әбу Дарда (р.а.) бір жерде жатқан екі сиырды көрді. Біреуін тұрғызып жіберіп еді. Екіншісі де орнынан тұрды. Мұны көріп: «Алланың разылығы үшін дос болғандар осылайша тұрғанда да, жүргенде де бірге жүреді», - деп ағыл-тегіл боп, жанарын жасқа малыды. Иә, досыңның бөркі қисайып, басына алмағайып күн туа қалса, ерте келген көктемгі қарлығаштай алғаш болып сен қол ұшын созуың қажет. Мұндай сындарлы сәтте бейғамдық танытсаң, онда сенің достығың жалаң достық болғаны. Ал, досың қуанышқа кенеліп жатса, алғаш болып сен қуануға тиістісің. Себебі, иллаһи достар қашанда өмірдің ащысы мен тұщысын бірге бөлісуімен ерекшеленеді.

Шынайы бауырмалдықтың белгілерінің бірі, досымыз болмаған жерде, оған қатысты әңгіме бола қалса, оның жақсы қасиетін айтып, мақтан етуіміз қажет. Сондай-ақ, досымыздың әрбір жасаған жақсы ісіне шүкір еткеніміз абзал. Хазреті Әли (р.а.): «Дін-бауырының бір ізгі ниетіне разы болмаған, оның игі амал-әркетіне де көңілі толмайды», - дейді. Тегінде, жақсы істі бағалай білетін жандар көпшілік ішінен әрқашан табылады. Демек, біз досымыздың жақсы ісі түгілі, әлі жүзеге аспаған бір ізгі ниетінің өзіне разылық көрсеткеніміз жөн.

Жалпы, мұсылман жан досынан сөз жәрдемін аямағаны игі. Достың мерейін үстем етуі үшін ол туралы айтылған өсек-аянға қарсы тұрып, оны қал-қадірінше қорғап-бағуы шарт. Себебі, мұндай сын сағатта үнсіз қалсақ, онда досымызға опасыздық жасаған боламыз. Бұл досымызға біреу зәбір көрсетіп жатқанда, оған араша түспеумен бірдей. Негізі досқа сөз тигізу, таяқ тигізгеннен де ауыр қасірет. Өйткені, досыңа тіл тигізгенің - өзіңе тіл тигізгенің. Досы үшін етінен ет кесіп беруге даяр тұратын ислам ғұламаларының бірі: «Біреу досым жөнінде жаман сөз айтса, досым сол әңгімені тыңдап тұрғандай сезініп, оның басынан сөз асырмаймын. Ал, досым туралы пікір айтар болсам, ол тап қасымда тұрғандай сөйлеймін», - дейді. Демек, досқа деген ыстық сезім ол - сені, сен - оны көріп тұрғандай шынайы болғанда ғана достықтың негіздері мызғымастай берік бола түсері сөзсіз.

Ықшамдап тәржімалаған Мұхан Исахан

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру