ДОМБЫРАНЫҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ОРНЫ: ИСЛАМ ТҰРҒЫСЫНАН МУЗЫКАҒА РҰҚСАТТЫЛЫҚТЫҢ ДӘЛЕЛДЕРІ

14 желтоқсан 2024 1549 0
Оқу режимі

КІРІСПЕ

        Домбыра – қазақ халқының ұлттық мұрасы, мәдени-рухани құндылығының ажырамас бөлігі, рухани байлығы және тарихи жадының символы болып табылады. Оның үні қазақтың жүрегіндегі табиғи құндылықтарды оятып, азаттық жолындағы ерлігін, ата-баба өсиеттерін, рухани құндылықтарын жеткізеді.

        Халқымыздың діни және рухани көшбасшылары домбыраны ұлттық тәрбие құралы ретінде пайдаланып, халықтың жүрегіне иман, ынтымақ және рухани тәрбие беріп, жас ұрпағымыздың бойына тарихи мұраны дарытып, тәрбиелік мәні зор ұлттық аспап ретінде қастерледі.

         Өкінішке орай, тәуелсіздік жылдарынан бастап күні бүгінге дейін адасқан деструктивті ағымдар осы ұлттық аспабымыз болған домбыраны харам деп айыптап келеді. Олар өздерінше ұлттық мұрамызды мансұқтап, құран мен хадисте үкімі нақты харам деп айтылған деп негізсіз пәтуаларды айтып қоғамымызда резонанс туғызуда. Олардың бұл әрекеттеріне исламтанулық ғылыми тұрғыда жауап беру өте маңызды мәселе.  

         Асыл дініміз исламда ұлттың тілін, дәстүрін және мәдениетін сақтауға үлкен мән беріледі. Ислам шариғатында домбыра немесе басқа да музыка аспаптарын пайдалануға қатысты тікелей үкім жоқ. Сондықтан домбыра тарту мәселесі исламның жалпы қағидалары мен музыка туралы көзқарастарына сүйене отырып талқыланады.

ИСЛАМДАҒЫ МУЗЫКАҒА ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫ КӨЗҚАРАСТАР

        Исламда музыканы толықтай харам деп санайтын нақты аят немесе хадис жоқ. Оның үстіне ислам діні пайдалы нәрселерді харам санамайды. Музыкаға және музыкалық аспаптарға қатысты талас-тартысты пікірлер Құрандағы Лұқман сүресінің 6-аятындағы мағыналардан яғни, «Адамдардың арасында мағынасыз әңгімелерді (Ләһу әл-хадис) сатып алып, адамдарды білместікпен Алланың жолынан адастыратындар бар»,-деген аяттан, сосын Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Менің үмбетімде шарап, музыка аспаптарын (мә’азиф) және зинақорлықты халал деп санайтындар пайда болады (Бұхари)»,- деген хадисінен туындайды.

  Алайда «ләһу әл-хадис» (لَهْوَ الْحَدِيثِ) термині және  (معازف) (мә’азиф) сөзі хадистің контекстіне қарай өзгеретінін ғылыми тұрғыдан объективті түрде яғни, егжей-тегжейлі зерттеуді керек етеді. Ислам ғалымдары бұл терминдерді түрліше түсіндірген. Яғни, «ләһу әл-хадис» термині исламдық құқықта музыка, ойын-сауық және мәнсіз әңгімелерге қатысты пікірталастардың бір бөлігі ретінде жиі талқыланады. Ғалымдардың бұл терминге берген түсіндірмелерін келесі үш категорияға бөліп қарастыруға болады:

Уаһабилік ғалымдардың түсіндірмелері

        Уаһабилердің ең ірі ғалымдары болған Ибн Қайим әл-Жәузия мен Ибн Таймия және ол екеуіне ерігендер музыканы толықтай харам деп санайды. Олар музыка адамның жүрегін қараңғылатады және Алланы еске алуға бөгет жасайды деп пайымдайды. Оған дәлел ретінде:  Құранда келген «лаһу әл-хадис» терминін алға тартып тар түсінікте яғни, бір жақты қарап (музыка) деп мағына беріп тәпсірлейді. Сондай-ақ, хадисте келген «мә’азиф» сөзін де нақты тыйым салынған аспап және күнаға апаратын құрал ретінде көретіндіктерін айтады. Осылайша, жанама түрінде дәлел келтіреді.

Тасауф ғалымдарының түсіндірмелері

        Суфизм өкілдерінің арасында музыка мен әнді (самә’) рухани дамудың құралы ретінде қарағандар аз болмады. Олар музыка мен әнді Аллаға жақындаудың, жүрекке рухани әсер етудің, сопылық зікірдің және ішкі тыныштыққа жетудің тәсілі деп түсіндірген. Төменде музыкаға ерекше мән берген көрнекті суфизм өкілдерін келтіреміз:

          1.Имам әл-Ғазали (1058–1111).   Ол өзінің әйгілі «Ихия улум әд-дин» (Дін ілімдерін жандандыру) еңбегінде музыка мен самә’ты рухани тәжірибе ретінде қолдайды.

          Ол музыканың адамның жүрегіне ерекше әсер ететінін және оны Алланы еске алу мен ғибадатқа ынталандыруға пайдалануға болатынын айтады. Бірақ оның шарттарын атап өтеді:

  1. Музыка күнәға итермелемеуі тиіс.
  2. Оны тыңдаушы рухани жетілген адам болуы керек.
  3. Әндердің мазмұны Алланың разылығына сай келуі қажет.    

      2. Жәлал ад-Дин Руми (1207–1273). Ол сопылық музыка мен биді (сәма’) Алланы еске алудың қуатты құралы ретінде қолданады. Ол негізін қалаған Мәуләуи дәрежесінде дәстүрлі музыка мен айналып билеу (уажд) Алламен байланысқа жетудің тәсілі болып табылады. Руми музыка адамның жүрегін ашып, оны рухани бақытқа бөлейді деп сенеді. Оның «Мәснәуи» еңбегінде музыканың Аллаға жақындататын құрал екені туралы айтылатын көптеген өлеңдер бар, мысалға:

        «Музыка – жүректің азығы, ол рухқа қанат бітіреді, жүректі Аллаға бағыттайды».

          3. Ибн Араби (1165–1240). Ол да музыка мен поэзияны адамның рухани әлеміне әсер ететін құрал ретінде қарастырады. Ол Алланың сұлулығын музыка арқылы сезінуге болатынын айтады. Оның философиясында музыка ғаламның үйлесімі мен Алланың жаратылысындағы сұлулықты бейнелейді. Сондықтан ол музыканы дұрыс қолданғанда адамның рухани дәрежесін көтереді деп сенеді.

            4. Шах Нақшбанд (1318–1389). Нақшбандия тариқатының негізін қалаушы Шах Нақшбанд музыкаға сақтықпен қарағанымен, оны Алланы еске алудың және рухани тереңдікке жетудің қосымша құралы ретінде рұқсат етті.

        Нақшбандия тариқаты зікірге көп мән бергенімен, белгілі жағдайларда музыка қолданылған.

          5. Әбу Хамид әл-Кушайри (986–1072). Ол да өзінің «Рисала» атты еңбегінде музыкаға оң көзқараспен қараған сопылар туралы жазады. Ол музыканың жүректі тазартатын және Алланың сүйіспеншілігін сезінуге жетелейтін құрал екенін айтады.

          Суфизм өкілдері музыканы шариғат талаптарына сай қолдануды талап етті. Олар мына шарттарды ұстанды:

        1.     Музыка күнә мен азғындыққа шақырмауы керек.

        2.     Тыңдаушының ниеті таза болуы тиіс – яғни, ол Алланы еске алып, рухани күш алуға бағытталған болуы керек.

        3.     Музыка құмарлықты оятпай, керісінше, жүректі Аллаға бағыттауы қажет.

            Осы суфи ғалымдары жоғарыдағы хадисте келген (мә’азиф) яғни, музыка аспаптары сынға алынғанымен, хадистің контекстіне қарай музыканың адамды жаман істерге итермелейтін түрлері туралы айтылған деп түсіндіреді. Осы себептен музыкаға және музыкалық аспаптарға қатысты көзқарастар әртүрлі болып келетінін айтады.

Қазіргі заманғы ғалымдардың көзқарастары

         Қазіргі ғалымдар арасында «лаһу әл-хадис» терминін уақытты зая кетіретін, зиянды және адамды Алланы еске алудан алшақтататын әрекеттер деп түсіндіргендер бар. Олар бұл ұғымды музыкамен ғана шектемей, жалпы адамды жақсылықтан алыстататын кез келген әрекетке қатысты қолданады. Мұндай ғалымдар шариғат талаптарын қазіргі заман жағдайларына бейімдеп түсіндіруге тырысады. Төменде сол ғалымдардың кейбірін атап өтеміз:

          1.Шейх Юсуф әл-Қардауи, «лаһу әл-хадис» терминін тек музыка немесе әндерге қатысты қолдануға болмайтынын атап көрсетеді. Оның пікірінше, бұл ұғым адамды бос істерге жұмсалған кез келген әрекетті қамтиды. Ол музыка мен ойын-сауықты шартты түрде рұқсат етеді, бірақ олар адамды күнәға, жаман мінез-құлыққа немесе уақытты зая кетіруге итермелесе, тыйым салынатынын айтады.

          2.Қазіргі заманғы фақиһ әрі шариғат ғалымы Мустафа әл-Буға, «лаһу әл-хадис» ұғымын адамның рухани дамуына зиян келтіретін кез келген іс-әрекет деп түсіндіреді. Ол бұл терминді тек музыкамен байланыстырмай, оны бос уақытты зая кетіретін кез келген ойын-сауыққа қолданады. Оның пікірінше, музыка немесе ойын-сауық мазмұнына қарай бағалануы тиіс: егер оның мазмұны жақсы болса және ол адамның рухани немесе моральдық дамуына кедергі келтірмесе, оны пайдалануға рұқсат етіледі.

         3.Салман әл-Ауда, «лаһу әл-хадис» ұғымын түсіндіруде оны уақытты бос әуреге жұмсау немесе зиянды ойын-сауық ретінде сипаттайды. Ол терминнің тек музыканы білдіретінін жоққа шығарып, оны мазмұны мен ниетке қарай бағалау керек дейді. Оның көзқарасы бойынша, қазіргі әлемде ойын-сауықтың көп түрі адамды жақсылықтан алыстатуы мүмкін, бірақ оның бәрі бірдей харам саналмайды.

        4.Шейх Мұхаммед әл-Ғазали (XX ғасыр), музыка және ойын-сауық мәселесінде жеңіл көзқарасты ұстанған ғалымдардың бірі. Ол «лаһу әл-хадис» тек музыкаға ғана қатысты емес, адамның уақытын бекер өткізетін кез келген әрекеттерді қамтитынын айтқан. Оның пікірінше, егер ойын-сауық адамды шаршағаннан кейін демалдырып, Алланың жолында өнімді еңбек етуге күш берсе, онда ол шариғатқа қайшы емес.

       Қазіргі ғалымдардың көпшілігі «лаһу әл-хадис» терминін тек музыкаға қатысты тар шеңберде қарастырмайды. Олар бұл ұғымды адамның уақытын зая кетіретін, зиянды немесе пайдасыз әрекеттерге бағыттайды деп біледі.

Осы ғалымдардың түсіндірулері:

        1.     Терминнің мағынасы ниетке, мазмұнға және адамның іс-әрекетінің нәтижесіне байланысты.

        2.     Егер белгілі бір ойын-сауық немесе музыка адамды жақсылықтан алыстатпаса, оны толықтай харам деп санауға болмайды.

         Бұл көзқарастар «исламның жеңілдігі» мен «өмірдің түрлі жағдайларына икемділігі» қағидаларына сәйкес келеді.

ҒЫЛЫМ МЕН МӘДЕНИ ТҰРҒЫДАН ДӘЛЕЛДЕР

          Бұл жерде домбыраның психологиялық және рухани пайдасын айта кеткен жөн. Зерттеулер көрсеткендей, ұлттық аспаптардың үні адамның психикасына оң әсер етеді. Домбыраның сазы адамның жүрегін тыныштандырып, мейірімділік пен ізгілікті оятады. Мысалға қазақтың күйлері: «Адай», «Сарыарқа», «Ерке Сылқым» адамның эмоциясын реттеп, рухани байытуға ықпал етеді. Музыка рухани тәрбиенің бір құралы ретінде қарастырылатындықтан, домбыра арқылы орындалатын шығармалар адамның рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Домбыра тарту адамның ми қызметін жақсартып, когнитивті дағдыларын дамытып, шығармашылық қабілеттерін арттырады. Сондай-ақ, музыка – ұлттың генетикалық коды болып табылады. Яғни, домбыра арқылы халықтың тарихи және мәдени мұрасы сақталады. Осыны ұмытпауға тиіспіз. Оның үстіне ислам ғылымға қарсы емес, керісінше оны қолдайды. Музыка мен оның аспаптары ғылым тұрғысынан адамның психологиялық және рухани дамуына оң әсер ететінін дәлелдеген. Демек, домбыраны харам деп айтуға негіз жоқ.  

ДОМБЫРАНЫҢ ИСЛАМДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА САЙ КЕЛУІ

           Домбыраның мазмұны келесідей: Домбыра арқылы орындалатын күйлер мен әндер адамды тәрбиелеуге, имандылыққа, әділеттілікке шақырады. Мысалға: Шәлкиіз, Бұқар Жырау, Ақтамберді, Қашаған сияқты ақындардың шығармаларында діни тақырыптар жиі кездеседі. Домбырамен орындалатын шығармалардың көпшілігі Алланың ұлылығын, адамгершілікті және рухани мұраны дәріптейді. Қорыта айтқанда, домбыра исламдық құндылықтарға толық сәйкес келеді. Яғни, тәрбиелік мазмұнды насихаттау арқылы – адамгершілік пен рухани құндылықтарды дамытады. Ұлттық мұра ретінде де исламның мәдени ерекшеліктерін құрметтеу қағидасына сәйкес келеді.

Сондықтан, мазмұны жамандықты насихаттайтын немесе азғындыққа итермелейтін әндер орындалмаса, домбыра харам бола алмайды.

ДОМБЫРАҒА РҰҚСАТ БЕРУ ШАРТТАРЫ

Ислам шариғаты домбыра тартуға белгілі бір шарттармен рұқсат береді:

1.     Мазмұны: Домбыра арқылы орындалатын шығармалар жамандықты немесе азғындықты насихаттамауы керек.

2.     Шектен тыс қолданбау: Домбыра адамды Алланы еске алудан, намаздан немесе негізгі міндеттерінен алаңдатпауы тиіс.

3.     Ортасы: Домбыра зиянды, харам істермен байланысты ойын-сауық ортасында қолданылмауы қажет.

4.     Ниет: Домбыра арқылы адам өз рухани дамуына, тәрбие мен жақсы мақсаттарға ұмтылуы тиіс.

ҚОРЫТЫНДЫ

          Домбыра – қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханиятының маңызды бөлігі. Исламда музыкалық аспаптарды пайдалануға қатысты тыйым олардың мазмұны мен әсеріне байланысты ғана беріледі. Ислам адамның жүрегі мен рухын тыныштандыратын кез келген әрекетті құптайды, егер ол шариғатқа қайшы келмесе. Домбыраның үні мен мазмұны рухани құндылықтарды дәріптейтін болса, оны харам деп айтуға негіз жоқ.

          Хужжат әл-Ислам имам әл-Ғазалидің жасаған  тұжырымына сүйеніп, домбыраны ұлттық тәрбие мен рухани дамудың құралы ретінде қарастыруға толық болады. Бұл аспап Алланы еске алуға кедергі келтірмей, адамның рухани дамуына және қоғамның игілігіне қызмет етсе, оны шариғат рұқсат етеді деп есептеледі.

 

Темур АМАНҚҰЛ –

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

дінтану және мәдениеттану кафедрасының

 аға оқытушысы, Ph.D докторы.

Пікірлер Кіру