ДИЕТА – ЕМНІҢ БАСЫ

12 ақпан 2024 2504 0
Оқу режимі

Диета екі түрлі болады. Бірі ауру тудыратын нәрселерден аулақ болу, бұл сау адамдардың диетасы. Екіншісі науқастардың диетасы болып табылатын ауруды арттыратын нәрселерден аулақ болу. Ауруы жоқ адамдар бұл екінші диетаны ұстанбауы керек. Сау адамдардың диета ұстауы науқасқа еліктеу сияқты болады.

Диетаның негізгі дәлелі – тәйәммум туралы аят. Өйткені Алла тағала ауруға шалдыққандарға, егер суды пайдалану ауруын асқындыратын болса, намаз және басқа да ғибадаттар үшін тәйәммум алуды бұйырды.

Сондықтан адам табиғатына зиян келтіретін нәрселерден аулақ болғаны абзал. Кейбір ұлы дәрігерлер: «Емің басы - диета», деп айтып кеткен.

Диета ұстау, тек ауруға ғана емес, аурудан енді айыққандарға да өте пайдалы. Өйткені олар диета ұстамай тамақтың түр-түрін жесе, аурулары қайталануы мүмкін. Сондықтан реконвалесценция (сауықтыру кезіндегі әлсіздік) кезеңінде зиянды нәрселерден аулақ болып, пайдалы тағамдарды тұтыну керек.

Үммі Мунзир бинти Қайс (р.анһума) былай дейді:

«Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әлимен (р.а.) бірге маған келді. Әлидің (р.а.) көзі ауырып тұрған болатын. Үйде жеміс (балғын құрма) бар еді. Ардақты Пайғамбарымыз жемісті өзі жеп, Әлиге жемістен жемеуін тапсырды. Мен біраз Мангольд жапырақтары қосылған арпа пісіріп қойған едім. Тағамды дастарханға әкелдім. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Уа, Әли! «Мынадан жеуіңе болады, бұл саған өте пайдалы», - деді.

Бір сөзбен айтқанда, диета – ең үлкен ем. Әр адам өз жағдайына сәйкес диетаны ұстануы керек. Бірақ, егер науқас адам немесе жаңа жазылған кісі диета бойынша жемеуі ұсынылған нәрселердің бірін жаны қаласа және оны қорыта алатындай болса, аздап жеуіне болады.

Пікірлер Кіру