Бойдақтық – бостандық па?!

12 қараша 2018 9691 0
Оқу режимі

Қазіргі қоғамымызда сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың көп екені жасырын емес. Ертеде кедейлер беретін қалың малы болмағандар үйлене алмай жүріп қалған. Ол түсінікті шығар. Ал қазір ше? Қазіргі сүрбойдақтардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Сондықтан олардың көбеюінің себебі материалдық жағдай болмаса керек. Үйленуді бейнет көріп, дүние байлығына қол жеткізуді мақсат санайтындар көбейіп келеді. Шариғат заңдары мен рухани тәрбие, қазақи салт-дәстүр материалдық жағдайдың табанында жаншылып жатыр қазір.  

Үйленбей жүргендердің уәждеріне құлақ түрсек:

  • қазіргі қыздар мал-дүниеге қатты мән береді;
  • түр-келбетіңе қарайды;
  • көп нәрсе талап етеді;
  • қалағандарын жасатқысы келетін көкірек мінездері бар;
  • қалың мал, құдалық, киіт, той сияқты шығындардан қорқады, т.с.с

Қыздардың тұрмысқа шығуларына не кедергі?

  • ерлердің үйлену үшін емес, көңіл көтеру үшін жүрулері;
  • мансапты қыздарды қалауы;
  • таныстыратын «жеңгелеріміздің» азайып кетуі;

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Жұбайы болмаған адам – міскін», - деген екен. Бұған: «Ей, Алла Елшісі, мал жағынан бай болса да ма?» – деп сұрағанда, Расулла (с.ғ.с.): «Бай болса да», – деп жауап берген. Байқадыңыз ба? Алла Елшісі бойдақ адамды міскінге, кедейге жатқызып отыр. Қазақ ұғымында «екінші байлық – ақ жаулық» деп жұбайды байлық деп есептейді емес пе?!

Тағы бір хадисте: «Үйлену ырзығыңды арттырады», – делінген. Құран сөзін өмір салтына айналдырған қазақ халқы: «Екі жасты қосқанның сауабы бар, дос арасын ашқанның обалы бар», – дейді. Қыздарды тұрмысқа бермей, отырып қалудың зияны жайлы: «Қызыңды ерге бермей ұстама көп, өлерсің ауырмай-ақ құстана боп» деген.

Сонымен, бұл мәселенің бірден-бір шешімі – иманымыз бен шариғат заңдарына сүйене отырып шаңырақ көтеру.  Өмірлік серік таңдауда сұлулығы, дүниесі немесе мансабына емес, оның адамгершілік қасиеттеріне қараңыз. Ертеңгі күні балаларыңызға жақсы әке, ардақты ана бола алатын жанды таңдаңыз. «Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру