Беті қызарып, жүзіне күлкі ұялады

14 тамыз 2019 8257 0
Оқу режимі

Пайғамбарлықтан алдын Әбу Ас Мұхаммедке (с.ғ.с.) келіп: «Үлкен қызыңыз Зейнепті айттырып келіп тұрмын», - деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Өзінің ризашылығын сұрамайынша, келісе алмаймын», - деп қызына барып: «Нағашыңның ұлы маған келіп, сенің атыңды айтып тұр. Өзің оны күйеу ретінде құп көресің бе?» - деді. Зейнептің беті қызарып, жүзіне күлкі ұялады. Пайғамбар (с.ғ.с.) шығып, қызы Зейнепті Әбу Асқа тұрмысқа берді. Осылайша, үлкен махаббат қиссасы басталды. Олардың Әли және Үмәмә есімді перзенттері болды.

Әбу Ас жолаушылап сапарда жүрген кезде Алладан уахи келіп, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) елді мұсылманшылыққа шақыра бастады.

Әбу Ас шаңырағына келгенде жұбайы: «Саған айтар үлкен жаңалығым бар», - деп, мұсылман болғанын жеткізді. Күйеуі ештеме демей, үйден шығып кетті. Шошып кеткен Зейнеп оның соңынан жүгіріп: «Әкем пайғамбар болды, мен мұсылман болдым», - деп жатты. Сонда Әбу Ас: «Әуелі маған неге айтпадың», - деп, екеуінің арасында кикілжің туды. Бұл сенім мәселесі еді. Зейнеп: «Әкемнің сөзін өтірік дей алмаймын, әкем өтірікші болмаған. Ол шыншыл әрі аманатшыл. Жалғыз мен емес, анам да, бауырларым да иман етті. Көкемнің баласы – Әли бин Әбу Талиб, әпкенің ұлы – Осман бин Аффан да, досың – Әбу Бәкір де мұсылман болды», - деді.

Сонда күйеуі: «Мен адамдардың «Әйелінің көңілі үшін жұртынан безді, ата-бабасынан теріс айналды» деген сөзін жақтырмаймын. Бірақ, әкеңе де ешбір жала жаппаймын», - деді. Сосын тағы да: «Мені ақтап, мені бағаласаң нетті?» - дейді. Зейнеп: «Сені мен ақтамасам, кім ақтайды? Бірақ, мен сені бағалауым үшін ақиқатта сенің жәрдемшің болуым керек», - деді.

Міне, осылайша жиырма жыл сөзінде тұрды. Әбу Ас сол күйі кәпір боп өмір сүре берді.

Һижрет басталған кезде Зейнеп әкесіне келіп: «Уа, Алла елшісі! Маған күйеуімнің жанында қалуға рұқсат бересіз бе? - деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Күйеуің мен балаларыңның жанында бол», - деп айтты.

Бадр шайқасы болған кезде Әбу Ас Құрайыш әскері қатарында шайқасуға шешім қабылдады. Күйеуі әкесіне қарсы қылыш көтермек. Осы сәтті көз алдына елестеткен Зейнептің жаны шығып кете жаздайды. Ол жылап: «Уа, Алла! Балаларым жетім боп немесе әкемнен айырылып, таң атырудан қорқамын», - деп жалбарынды. Шайқаста Әбу Ас бин Рабиғ тұтқынға түсті. Меккеге оралған адамдардан Зейнеп: «Әкем қалай, не болды?» - деп сұрап жатты. Жұрт: «Мұсылмандар жеңіске жетті», - дегенде шүкіршілік етіп, сәжде жасады. Содан соң: «Күйеуім қайда?» - деп сұрады. Адамдар: «Оны қайын атасы тұтқынға алды», - деді.

Күйеуін тұтқыннан босатып алу үшін қолында бар ең қымбат дүние - анасынан қалған алқасы ғана бар еді. Сол алқаны беріп, Әбу Астың бауырын Мәдинаға аттандырды. Пайғамбар (с.ғ.с.) тұтқындарды іздеп келген тума-туыстарынан құнын алып отырған. Солардың арасынан жұбайы Хадишаның алқасына көзі түсіп: «Бұл кімге берілген құн?» - деді. Адамдар: «Әбу Ас бин Рабиғқа берілген құн», - десті. Пайғамбар (с.ғ.с.) көзіне жас алып: «Бұл Хадишаның алқасы еді», - деді. Сосын орнынан тұрып: «Уа, халайық! Бұл азаматты күйеу бала ретінде ешбір айыптамап едім, оны босатсам қалай қарайсыңдар? Қызыма алқасын кері қайтарсам? - деді. Адамдар: «Әрине, Алланың елшісі», - деп қолдау білдірді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) оған алқаны беріп жатып: «Зейнепке айт, Хадишаның алқасына немқұрайлы қарамасын», - деді. Сосын: «Ей, Әбу Ас саған бір сөз айтайын», - деп оған қарай икемделіп, сөзін жалғастырды: «Ей, Әбу Ас! Алла Тағала маған мұсылман әйел мен кәпір ер кісінің арасын айыруға әмір етті. Қызымды маған қайтарасың ба?» - деді. Әбу Ас: «Иә», - деді.

Зейнеп күйеуін Меккенің қақпаларында тұрып қарсы алды. Жұбайын көрген кезде Әбу Ас: «Мен жолға шығамын», - деді.
– Қайда? – деп сұрады. 
– Жолға шығатын мен емес, сен әкеңе қарай жолға қамдан.
– Неліктен?
– Мені мен сенің арамыз ажырағаны үшін. Әкеңе қайт.
– Сен маған серік  болып, мұсылман боласың ба? 
– Жоқ.

Зейнеп ұлы мен қызын алып Мәдинаға жолға шықты. Осыдан бастап алты жыл Зейнепті айттырып келген ер азаматтар толастамады. Зейнеп барлығын да қабыл етпей, күйеуі қайтып келуін күтумен болды.

Аарада алты жыл өтті. Әбу Ас Меккеден Шамға бет алған керуенмен жолға шықты. Жол үстінде бір топ сахабаларды көріп: Зейнептің шаңырағы жайлы сұрады. Таң намазынан алдында Зейнептің есігін қақты. Зейнеп оған: «Мұсылман боп келіп тұрсың ба?» - дегенде, Әбу Ас: «Жоқ, қашып пана іздеп келдім», - деді.
– Мұсылман болғың келе ме? - деп сұрады.
– Жоқ.
– Қорықпа. Нағашымның баласы, Әли мен Үмәма балаларымның әкесі қош келдің, - деп кіргізді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) таң намазын жамағатпен оқып болған сәтте, мешіттің арғы жағынан: «Әбу Ас бин Рабиғқа пана беріліпті», - деген дауыс естілді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендер де мен естігенді естідіңдер ме?» - деді. Жұрт: «Иә, Алланың елшісі», - деді. Зейнеп келіп: «Уа, Алла елшісі! Әбу Ас алыстаса – нағашымның баласы, жақындаса – баламның әкесі. Оған пана бердім», - деді.

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, халайық! Бұл азаматқа күйеу бала ретінде ешбір мін тақпағанмын. Ол менімен сөйлесіп шындығын айтты, уәде беріп, уәдесінде тұрды. Оған мал-дүниесін қайтарып, еліне қайтуға рұқсат беруіме қалай қарайсыңдар, келісесіңдер ме? Мен осыны құп көріп тұрмын. Ал, келіспесеңдер, шешім сендердікі, ақиқат та сендер жақта. Ол үшін сендерді ешбір жазғырмаймын», - деді. Жұрт: «Уа, Алла елшісі! Оның малын кері қайтарамыз», - деп жатты.

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, Зейнеп! Сен пана болған адамды біз де панамызға алдық», - деп қызының үйіне барып: «Зейнеп! Қонағыңды құрметте, ол – нағашыңның баласы, бала-шағаңның әкесі. Бірақ, жақындама, өйткені оған рұқсат жоқ», - деді.

Зейнеп: «Құп, уа, Алла елшісі!» - деді. Қонағына: «Ей, Әбу Ас! Бізбен айырылысқаның саған оңай тиіп жүр ма? Мұсылман боп бізбен бірге қалғың келе ме?» - деді.

Әбу Ас: «Жоқ», - деп мал-мүлкін алып, Меккеге кері қайтты. Меккеге жетіп келгенде тоқтап: «Уа, адамдар! Мынау сендердің мал-мүлкің, тағы да бір нәрсе қалды ма?» - деді. Адамдар: «Құдай саған жақсылығын берсін, сен өз аманатыңды толығымен орындадың», - десті. Сонда Әбу Ас: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – Алла елшісі екеніне куәлік беремін», - деді. Әбу Ас таңсәріде Мадина қаласына кіріп, Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі! Кеше маған пана болдыңыз, бүгін Алладан басқа құдай жоқ, Сіз – Алла елшісі екенін куәлік етуге келдім», - деді. Сосын Әбу Ас: «Уа, Алла елшісі! Зейнепті қайтарып алуыма рұқсат бересіз бе?» - деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Менімен жүр», - деп ертіп алып, Зейнептің үйіне барды. Зейнептің есігін қағып: «Ей, Зейнеп! Нағашыңның баласы бүгін маған келіп сені кері қайтарып алуға рұқсат сұрап тұр, қабыл аласың ба?» - деді. Зейнептің беті қызарып, жүзіне күлкі ұялады.

Зейнеп бір жылдан соң көз жұмды. Күйеуі Әбу Ас қатты жылады. Алла елшісі (с.ғ.с.) оның көзін сүрткеніне жұрт куә болды. Сонда ол: «Уаллаһи, уа, Алла елшісі! Зейнепсіз мына дүниеге шыдай алар емеспін», - деді. Жұбайынан кейін бір жылдан соң Әбу Ас та дүние салды.

Міне, бұл – махаббат дастаны. Аманатшыл күйеу, ізгі де сабырлы әйел және парасатты әке қиссасы. Бақытты шаңырақ қиссасы...

Руслан Қамбаров

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру