БЕС НӘРСЕ КЕЛМЕСТЕН БҰРЫН БЕС НӘРСЕНІ ОЙЛАН

06 мамыр 2024 1693 0
Оқу режимі

Жаратушы Иеміз Алла Тағала адам баласына сансыз нығметтер мен жақсылықтарды нәсіп етті. Адам баласына ол нығметтердің Хақ Тағаладан екендігін мойындап, олардың қадірін біліп, бағалауы қажет. Кезкелген өзімізге берілген нығмет Хақ Тағаладан екені ақиқат. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі 17-аятында:

«Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла өтеЖарылқаушы, ерекшеМейірімді», – деп айтқан.

Сол нығметтердің ішінде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) беснығметті ерекше атап, адам балаларының осы бес нығметтіңерекше қадірін білуі керектігін ескерткен. Ол турасында хадис шәріпте:

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағала: кәрілік жетпей тұрып жастықшақтың қадірін,ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін, жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» – деген (имам Хаким).

Сөзді қысқа айтса да,терең мағынаны қамтып сөйлеу – ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берілген ерекшеліктердің бірі. Кей хадистерде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың мағлұматты жақсы есте сақтаулары үшін «екі», «үш», «төрт», «бес» сияқты сандарды тілге тиек еткен. Егер осы хадисте айтылған бес нығметке қысқаша тоқталар болсақ, бұл нығметтердің әрқайсысының өзіндік үлкен орны, баға жетпесқұны бар екендігін түсінеміз.

Бірінші: Кәрілік жетпей тұрып, жастық шақтың қадірін білу

Жастық шақ – қайтып келмейтін көктем, ағысы өзгермейтін өзен, сондай-ақ, аспанда тек бір рет қана жарқ етіп көрінетін жұлдыз. Көктемдегі жас топыраққа егін егіп үлгермесек, күзде мол өнім күтуге болмайтындығы сияқты, жастық шақты пайдалы іспен өткізбеген адамның қартайғанда оның жемісін көруі екіталай. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рум» сүресі 54-аятында: «Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін ол әлсіздіктен соң  (буындарыңды бекітіп) күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады», – деп жастық шақты екі әлсіздік ортасындағы адам бойына күш-қуат бітетін уақыт екендігін айтқан. Адамның негізгі өмірі  – осы орта кезеңді қамтиды. Сол себепті көбірек сұралатын өмір кезеңі де осы екі әлсіздіктің ортасындағы – қуатты кезең.

Ұлы адамдардың көбі үлкен нәтижелерге осы жастық шақта кол жеткізген. Алысқа бармай өзіміздің тарихымызға назар салсақ, Абылай хан бабамыз жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқар жыраудың Абылай ханға арнап:

Сен жиырма жасқа жеткен соң,

Алтын тұғыр үстінде

Ақ сұңқар құстай түледің, – деген сөздері осыған дәлел.

Қаракерей Қабанбай бабамыз он алты жасар бала кезінде ағасын өлтірген жоңғар батырынан кек алған. Төле би бабамыз 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында таныла бастаған. Абай атамызды әкесі Құнанбай 13-жасынан түрлі күрделі, даулы мәселелерге араластырып, тәрбиелеп, шыңдаған.

Халқымыз: «Болатын елдің баласы он бесінде баспын дейді, болмайтын елдің баласы отызға келседе жаспын дейді», –деп, жастардың үлкендерше терең ойлы, ақылды да парасатты болуы керектігін айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақыретте адам баласы жастық шағындағы істеген амалы үшін сұралатындығын айтып:

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша орнынан тапжылмайды», – деген (имам Тирмизи).

Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз:

Yш-ақ түрлi өмiр бар: бәрi де – мас,

Бiр рәуiштi болады шал менен жас.

Ең керектi дегенiң – ортаншы өмiр,

Түгел қолың жетпейтiн бiр жанталас.

Қапы өткiзбе сол кездiң бiр сағатын,

Өкiнiшi қалмайды, кетсе ағатың.

Күнi-түнi дей көpмe, ғылым iзде,

Қалсын десең артыңда адам атың, – деп, жастық шақты қапыда өткізіп алмауды насихат еткен.

Ендеше, құметті жастар, осы бір бағалы кезеңді өзімізге, қоғамға пайдасы тиетін істермен өткізуге бар күш-жігерімізді жұмсайық.

Екінші: Ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін білу

Жоғарыдағы хадисте айтылған, адам баласы қадірлеп, бағалауы керекті болған нығмет – денсалуық. Халқымызда: «Денсаулық – зор байлық», «Бірінші байлық – денсаулық», «Байлық – байлық емес, денсаулық – байлық» деген нақыл сөздер өте көп. Бұл айтылған сөздерден ата-бабаларымыздың денсаулықты қаншалықты жоғары бағалағандығын, тіпті оны негізгі байлық деп танығанындығын түсінеміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген (имам Бұхари).

Дініміз Ислам денсаулықты адам баласына берілген аманат деп қарауға, оны күтуге үйретеді. Өйткені ауру атаулы зиянның алдын алмағандықтан, денсаулықты күтпегендіктен пайда болады. «Ауырып ем ізедегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, адам баласы кезкелген сырқатқа себепші болатын, денсаулығына кері әсерін тигізетін істерден сақтануы қажет. Ал денсаулығын тиісті дәрежеде күтпеген адам ауруға өзі себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Юнус» сүресі, 14-аятында:

«Расында Алла адамдарға еш зұлымдық етпейді. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық етеді», – деп айтқан.

Адам баласы ауруға душар болса, бұл өмірде тамақтану, сусын ішу, ойнап-күлу сияқты барлық зат өзінің маңызын жоғалтатыны белгілі. Сол себепті де даналардан: «Денсаулық – сау адамның басындағы тәж. Оны сырқат адам ғана көре алады», – деген сөз қалған.

Әл-Фараби бабамыз: «Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек», – дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

«Уа, Алланың құлдары! Емделіңдер, себебі Алла қандай да бір дерт жаратқанда оның шипасын да қоса жаратқан», – деген (имам Әбу Дәуд).

 Бір Алладан шипасын үміт ете отырып, қазіргі таңдағы дамып жатқан медицинаның қызметтерін пайдалану, сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен емдік амалдарды орындау, қасиетті Құран мен хадистерде келген шипалық дұғаларды пайдалана отырып емделу сауапты әрі міндетті амал екенін білуіміз керек.

Үшінші: Кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін білу

Кедейлік сынақ болғандығы сияқты, байлық та адам баласына берілген сынақ. Адам баласы қолына байлық тигенде такаппарланып, өзгелерден өзін жоғары санау, сараңдық қылу сияқты істерден барынша сақтануы қажет. Мұсылман адам бай болатын болса, сол байлықты берген Жаратушысына шүкір етіп, шамасы келгенше қолында барымен жақындарына, мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, көмектесуге тырысады. Әйтеке би бабамыз:

Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін,

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, – деп, байлық арқылы өзгелерге пайда тигізуді көздеу керектігін айтқан.Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 92-аятында:

«Сендер сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар», – деп айтқан.

Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз:

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, алалды ізде,

Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи, – деп, малды жиюдағы мақсаттың қандай болуы керектігін жеткізген.

Қазақ тарихында мыңғыртып мал айдаған, сандығы сары алтынға толы бай адамдар аз болмаған. Олардың арасында айналасындағы аш-арықтардың аузын аққа тигізіп, қол үшін берген, халыққа мектеп, мешіт, медресе салып берген қаншама Атымтай жомарттары көп еді. Мысалы, хәкім Абай өзінің әкесі Құнанбай қажы жайында:

Мұсылманға қоймаған

Орынсыз жанжал шатақты,

Зекет жиып, егін сап,

Тойдырған ғаріп, жатақты, – деп айтқан.

Міне осындайасыл бабаларды үлгі етіп, біз де адал еңбекпен мал тауып, оны игі жолда жұмсай білуіміз керек.

Төртінші: Өтіп кетпей тұрғанда бос уақыттың қадірін білу

Уақыт – Алла Тағаланың  адамзатқа берген үлкен нығметі.Өміріміз уақыттан тұратынын ескерсек, адам баласы өзінің әр сәтін босқа жібермей, пайдалы етіп өткізуінің маңызы зор екендігін ұғынады. Имам Шафиғи (Алла ол кісіні рақымына алсын): «Уақыт бейне бір жүзі лыпылдаған өткір қылыш секілді, егер оны дұрыс қолданбасаң, өзіңді кесіп түседі», – деген.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Муминун» сүресі, 99-аятында адам баласы дүниеден өтер алдында уақытты жақсылық амалдарсыз текке өткізіп алғандығына өкініп:

«Олардың біріне өлім келе қалса: «Раббым (дүниеге) қайтара көр! Бәлкім мен қалдырған дүниемде жақсылық амалдар істермін!» – дейді», – деп айтқан.

Өмірде қандай да бір нәтижеге қол жеткізген адамдардың жетістікке жетуінің басты себебі –уақытты тиімді пайдалануынан. Сол себепті де көптеген ғалымдар, даналар уақытты тиімді пайдалану жайында өсиеттер қалдырған. Мысалы, хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Төрт нәрсе кері қайтарылмайды. Ол: атылған оқ, жұмсалған ақша, қолға түскен мүмкіндік, өткен уақыт», – деген.

Халқымыздың ақиық ақыны Мұқғали Мақатаев:

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға!, – деген.

Құнды, бағалы затты адам баласы қастерлеп, құрметтеп, сақтайтыны белгілі. Сол сияқты біздер үшін аса құнды болған уақытта әр адам бағалай білуі тиіс. Оны бос, пайдасыз істермен өткізуден сақтанып,әсіресе, уақыттың жауы болған бос сөз, орынсыз қалжың, пайдасыз істермен айналысу сынды істерден аса сақ болған жөн.

Бесінші: Ақтық сәт келмей тұрып өмірдің қадірін білу

Өмір – адам баласына берілген үлкен сый. Бір мәрте ғана берілетін ғұмырды адам баласы бағалап, жақсылықпен өткізуге тырысуы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында:

«Ол Алла қайсыбірің жақсы іс істейтіндеріңді сынау үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол – аса үстем, өте кешірімді», – деп айтқан.

Өмірдің ұзақ, әрі салиқалы амалдарға толы болғандығы жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі амалдары ізгі болғандары», – деген (имам Тирмизи).

Өмір – сынақ алаңы. Оның ащысы мен тұщысы, ауыртпашылығы мен жеңілдігі, жақсылығы мен жамандығы қатар жүреді. Мұсылман адам жақсылыққа шүкір, қиындыққа сабыр ете білуі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 155-аятында:

«Әрине сендерді қауіп-қатермен, ашаршылықпен және малдарыңнан, жандарыңнан, сондай-ақ өнімдеріңнен кеміту арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді(қуант) сүйіншіле»,–деп айтқан.

Мағжан Жұмабаев:

Өмір осы – бірде ол болар бұлтты,

Қатты желді, дауылды, кейде отты.

Құрып дымың, қайғырып, жас төгерсің,

Бұлт ашылар – қайғының бәрі бітті, – деп, өмірге баға беріп, қиындық артынан жеңілдік келетінін айтқан.

Дүние тіршілігі мәңгілік емес.Біреуге ерте, біреуге кеш ақтық сәтінің келетіндігі ақиқат. Адам осы ақиқатты ешуақыт есінен шығармай, бұл дүниеде өзін қонақ іспетті сезініп, Жаратушы алдындағы міндеттерін орындап, ғибадат-құлшылығын жасап, адамдармен барынша сыйлыстық, жақсы қарым-қатынаста болуы керек.

Адам баласына бұл өмірде берілген әр нығметтің ақыретте сұрауы бар.  Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәкәсүр» сүресі, 8-аятында:

«Ол күні берілген нығметтерден міндетті түрде сұраққа тартыласыңдар», – деп айтқан.

Ендеше, әр нығметтің қадірін біліп, бағалап, Жартушымыз Алла Тағала разы болатын амалдарды атқаруға тырысайық.

Алла Тағала баршамызға разы болып, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

 

Пікірлер Кіру