БАЛҚЫ БАЗАР АЙТЫПТЫ

13 наурыз 2024 1630 0
Оқу режимі

Балқы Базар (1842-1911) асыл ойдың қабы, асыл сөздің сазы болған біртуар ғой, жарықтық!

Кейде бабалар сөзін есіме түсіріп отырып, өз-өзімнен селк ете қаламын. Ой, иманды болғырлар кейінгілер айтатын сөзден ештеңе үлестірмей, масақ қалдырмай, түгел айтып кеткен ғой.

Дүниені қудым ізденіп,

Ұстамаққа кезеніп,

Дүние қырын салмады,

Ешбір бізге еміреніп.

Бұл жалғанға келген соң

Әр тарапқа толқытты

Көңіл мұндар желденіп.

Дүние қызық көрінді

Алтайыдан алдымда,

Соқпаққа көрдім серменіп,

Құлпырған қара құндыз деп,

Тұңғиықты тереңге

Талай құлаш сермедік.

Жолбарыстай ыңыранып,

Қайрат сыймай қанаға

Нар бурадай көлбедік...

 

Опасы жоқ дүние,

Түспей қолға, қуғанмен

Неше бір алуан түрленіп.

Өткіздік өмір ғақлатпен

Атаңа нәлет дүниенің

Алдағанын шын көріп.

Хақ шариғат ойламай,

Дүниенің кірімен

Қалды көңіл кірленіп...

 

Талма-тал түс болғанда,

Талықсығанға ұқсаймыз

Дүние – киік, адам – ит,

Қуа-қуа ізденіп,

Ерлерге азап шектірді.

Атаның мекен қонысын

Кәуір алып жерленіп,

Азаттыққа қару жоқ...

Қарусыз жауға бару жоқ...

 

Осы күнде біз тұрмыз

Саңлау таппай көздейтін...

Бұрынғы өткен ерлердің

Еске түссе істері,

Іш толады шерленіп...

Көкіректің қабы жарылып,

Ретімен шығарға

Сөз сыймайды кернеліп.

 

Өлім босағасында тұрып Базар жырау­дың айтқан ұзақ өлеңінің ішінде мынадай сөздер бар:

Дүние, бір толқыттың, бір қорқыттың,

Айрылып аждаһадай ақыры жұттың.

Болғанда бізге жолдас сертің қайда?

Достықты құшақтасқан неге ұмыттың?..

Құлаштап дүние сені қармансақ та,

Кері келгенге ұқсайды – ер Қор­қыттың...

Осы аз ғана өлеңдерден Базардың тұңғиық терең ақын екендігіне көзің жетеді. "Тереңдігім теңіздей, қайратым қоңыр өгіздей. Халқымның аузын тұшыттым, сере шыққан семіздей"-деп жырлаған Базар жырау, шын мәнінде тұңғиық қой.

(Әлеуметтік желіден алынды.)

 

Пікірлер Кіру