БАЛА ЖӘНЕ ДІН

29 мамыр 2024 1872 0
Оқу режимі

Қазірде жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі баланың діні мәселесі. Әтбір ата-ана дүниеге әкелген баласын өздері қалағандай тәрбиелейді. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Алайда, баланың болашағы немесе көзқарасы, тіпті тәрбиесі үнемі ата-анасы қалағандай бола бермеуі мүмкін. Әлеуметтік желі, балалардың өз ортасы т.б. көптеген факторлар жанама әсер етіп жатады. Кейде мешітке бара қалсаң ұсақ балалар ойнап жүреді, тіпті бастауыш сыныпта оқитын балалар әкесімен бірге намаз оқып тұрады. Бір жағынан иманды ұрпақ болып өсіп келе жатыр екен деп қуанайын десең көбінесе уахаби-сәләфит жігіттер балаларын (тіпті кішкентай қыздарын да) жиі намазға сүйрейтіндігін байқайсың. Талтайып тұрып артық тәкбір алып әкесінің аузынан түскендей намаз оқып тұрғанда екіұдай ойға қаласың. Болашақ уахабилер. Бірақ бұлардың ерекшелігі кейіннен қабылдаған емес, буа бітті уахаби болып туғандар. Ондаған мың салафиттер отбасында жүздеген мың болашақ уахаби-салафилер тәрбиеленіп жатқандай қорқыныш билейді. Кейде, керісінше әсіре діндарлардың балалары діннен безіп кетеді. Бала кезіндегі діни мәжбүрлік, есейге кезде дінсіздікке жетелейді. Екеуі де оңған дүние емес.

Енді балалар каникульға шығып жатыр. Әр өңірдегі мешіттерде «имани жаз» жобасы бойынша балалар мешіттерге келеді. Болашақ жастардың бүгіннен мешітте жүруі, ертеңгі жамағатты қалыптастыратын да болар. Бірақ, теріс ағымда жүргендердің бастабында барлығы мешітке барып, сауат ашып, тіпті намаздарын Ханафи мазабы бойынша үйренгендігін назарға алсақ, бүгінгі сауат ашу курсында жүрген балалардың қаншасы ертең мазхабты жоққа шығарып, «әмин!» деп айғайлап тұрары белгісіз. Өткен жұмада қасымда тұрған ең жас балалар барынша «әмин!» деп айғайлады. Намаз соңында бір-бірінің қолынан ұстап ерлік жасағандай құттықтап жатыр. міне, біздегі діндарлықтың сиқы. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей енді не істейміз?. Біреулер балаларды мүлде мешітке кіргізбеу керек дейді. Ол да радикализм емес пе?! Дегенмен, балалардың болашақ тәрбиесін ойлаған діндар ата-аналар үшін жас кезінде қарилыққа, медреселерге беру өзі бағындыра алмаған діндарлықтың шыңына балалары жетсе екен деген тілегі қалай болмақ?!

Қалай болғанда да баланың діндар болуы ата-ананың қалауына қарай емес, болашақ түсінігіне, өзінің діндарлыққа бейімділігіне байланысты. Сондықтан, балаға дінді тықпалау түрінде емес, үлгі ретінде беру дұрыс деп ойлаймын. Адам құдайды саналы түрде түсінетін, іздейтін жас 18 жас шамасында дейді психологтар. Оған дейін көбінесе ата-анасының дінінде болады. Ал діндар болам деп мешіт жағалаған балалар мен жастардың көзқарастарын ата-анасы мұқият қадағалау керек. егер өз бетінше жіберетін болса әке-шешесін кәпір, істеген асын харам дейтін көзқарасқа ұрыну қаупі бар. Хадисте «Жастың ең абзалы өзін қарт адам сияқты ұстағаны, қарттың ең жаманы өзін бала сияқты ұстағаны» десе, қазақ «Баланың балалығын тыйғаның, өскендегі даналығын тыйғаның дейді! Сіз қалай тәрбиелеп жатырсыз?...

 

Кеңшілік Тышхан

Пікірлер Кіру