АЙТОЛДЫНЫҢ ҰЛЫНА АЙТҚАН ӨСИЕТТЕРІ

08 қараша 2024 693 0
Оқу режимі

Айтолдының ұлы Өгдүлмішке бірінші өсиеті:

- Балам, көңілің мен тіліңді таза ұста.

Тәңірге сыйын! Ғапыл болмай, ақыретің үшін де қамдан.

Әркетіңді дұрыста. Мал-дүние үшін қайғырма. Амалың ізгі болса, мал-дүние өзі келеді.

Халық бұлғақ, төңкеріс бастаса, жырақ тұр, жырақ. Наданның бұлғағына ерме, одан қаш. Әй қозым, бектердің жаман ниетпен айтатын сөзін аузыңа алма. Кісінің қиянатын қолдама, өзің де қиянат қылма. Әрқашан ізгілік қыл, нәпсіңді басып, арыңды таза ұста. Қандай іске кіріссең де, әуелі ақырын ойла. Соңы белгісіз іс адамды қор етеді. Егер өкпелесең, өзіңді ұста, сабырлы бол. Сабырлы кісінің ертеңі сүйініш. Уайым-қайғыға батып, бейнетке түскен жан сабыр етсе, соңында қайта қуанышқа кенеледі. Егер бақ-дәулетің қайтып, бүкіл есіктер жабылса, сабыр етсең, бәрі реттеледі. Сабырлы бол, сабыр - нағыз ердің ісі. Сабыр еткен көкке жол табыды.

Өзекті жанға бір өлім. Ойлан. Өзіңнің кім екеніңді ұмытпа. Жиында - сөзіңе, кісінің үйінде көзіңе сақ бол.....

Айтолдының ұлына айтқан екінші өсиеті:

- Ұлым, басыңа келген жақсылық пен жамандықты Алланың тағдыры деп біл. Жаратқанға иман келтір, Оған құлшылық қыл. Не қаласаң да, Одан тіле. Саған жәрдем беретін Одан басқа күш жоқ. Алланың жарлығын құрмет тұт, сонда сені Тәңір тағала екі дүниеде абыройлы етеді.

Жүріс-тұрысың түзу болып, тура жолдан тайма. Сыпайы бол, сөзің өктем болмасын. Ой жүгірт! Бұл дүние үшін өзіңді отқа итерме. Кісінің дүниесін алма, тәкәппарланып, күш көрсетпе.

Туралықтан таймай, әділ бол. Сүйініш пен қуаныш туралықтың ішінде болады. Халыққа басшы боп, жоғары мәртебеге жетуді қаласаң және әділ бол. Адамның әрекеті тура, дұрыс болса, екі дүниеде маңдайы жарқырайды....

Айтолдының ұлына айтқан үшінші өсиеті:

- Құлыным, маңайыңа ізгілік қыл, жамандықтан жырақ тұр. Ізгілік жасау арқылы өзіңді тамұқтан қорға. Жамандарға жақындама, сені қор қылады. Жамандық - жылан, ол сені көрге тығып тынады. Екіжүзді кісіге сырыңды айтпа. Сөзің жайылып, сырың ашылады. Өсекші кісіні үйіңе жуытпа, көріп- білгенін бүкіл елге жаяды. Сыннан өткен, сенімді кісіні өте жақын тұт. Одан саған мыңдаған жақсылық келеді. Барлық сөзді тыңда, бірақ тез иланба. Көңіл сырыңды берік сақта.....

Айтолдының ұлына айтқан төртінші өсиеті:

- Қоңыр қозым, ұятсыз кісілерден жырақ тұр. Ұяты бар адамға меннен мың сәлем. Ешбір істе асықпа, сабырлы бол. Сабырлы кісілер мұратына жетеді. Қандай іс болса да, жақсы ойман кіріс. Жақсы оймен бастасаң, береке саған байланады. Тіліңе сақ, көзіңе абай бол. Тамақты аз және адалынан же.

Дүниеңді кірісіңе қарай жұмса. Өзіңе жараспайтын әрі жалған сөзден бас тарт. Жалған сөз адамның қадірін кетіреді. Ағайын - туысыңа жақын бол. Ұлыққа да кішікке де күлімдеп сүйкімді бол. Кісіге берер дәм-тұзың мол болсын, келген кісіні тойдыр. Ал енді, кісінің айыбын көрсең жасыр.

Аллаға сиынып, құлшылыққа мұқият бол! Күнәлі істерден өзіңді аман сақта. Бақ-дәулет қонса тәкәппарланбай, шамаң келгенше ізгілік қыл. Бақ-дәулетке мастанып, бұл дүниеге алданба. Бәрі өткінші.

Арақ ішпе, бұзықтыққа қатыспа. Зина жасама, жырақ тұр. Пасық, жүзіқара атанудан сақтан. Бұл екі істен құт пен береке қашады, кедейліктің есігін ашады.

Ұлым! Ұмытпа, бұлар саған керек өсиет. Айтқанымды ұстансаң, қуанышың аз болмас. Көңіліңде сақта!

 

ҚҰТАДҒУ БІЛІК

Жүсіп Баласағұни

Ермек Мухатайдың фб парақшасынан

Пікірлер Кіру