Әйел еріне қылған қызметіне байланысты жәннатқа не тозаққа лайық

30 қараша 2020 6160 0
Оқу режимі

Әйелі күйеуіне адал қызмет етуі тиіс. Бұл қызмет Алла Тағаланың алдындағы құлшылық болып саналады әрі Оның ризашылығына жетелейді.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір әйелден: «Тұрмысқа шықтың ба?» – деп сұрайды. Әйел: «Иә», – деп жауап қатады. «Күйеуіңе қалай қызмет етесің?» – деп сұрайды Алла елшісі (с.ғ.с.). «Қолымнан келгенше оны күтуге тырысамын», – дейді әйел. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдің күйеуіне қызмет етуінің маңызын былай деп көрсетеді: «Оған бар ынта-шынтаңмен қызмет көрсетуге тырыс. Себебі, жәннатқа кіруің де, тозаққа кіруің де оған көрсететін жұмысыңа байланысты».

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахаба әйелдердің тағы біріне: «Күйеуіңе көрсеткен қызметің – садақа», – деп айтқаны бар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екінті намазынан кейін жұбайларының үйіне кіріп, олармен әңгімелесетін. Әйелдері ол кісіні құрақ ұшып күтетін. Қолдарынан келгенін аямайтын. Мысалы, хазірет Хафса анамыз (р.а.) оған бал шәрбатын әзірлейтін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйі тура жәннаттың бір сарайындай еді. Ол үйде мейірім мен бауырмалдық үстемдік етіп, бір-біріне деген көңілдері ерекше еді. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жандарынан артық жақсы көрген жұбайлары оны әрдайым қуантуға тырысатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да оларға әрдайым шаттық сыйлай білетін.

Асты-үстіне түсіп күтетін әйелді қай еркек жек көрсін? Атам қазақтың айтқанындай, әркім сыйлағанның құлы емес пе? Мұсылман ананың ұзатып жатқан қызына «Қызым, сен күйеуіңе адал жәрдемші бол, сонда ол да саған берілген құл болады» деп айтқан өсиетінде үлкен мағына жатқан жоқ па? Сонда күйеуінің де жарына деген көңілі тұрақты болады.

Жігіттің халқына қадірлі, жора-жолдастарының арасында беделді болуы да әйел затына байланысты. Ер-азамат жұмыстан шаңырағына шаршап оралғанда, үйдің іші де, балаларының үсті-басы да тап-таза болып, әкелеріне еркелей ұмтылса, жұбайы алдынан күлімдеп шығып, жылы шыраймен қарсы алса, отағасының жаны жай тауып, көңілі көтеріліп қалмай ма?

Үйінен көтеріңкі көңіл-күймен жұмысқа шыққан адамның жұмысы да алға басып, жеткен жетістігі де жоғары болмақ, сыйламаған ер-азаматтың жұрт алдында да, бала-шағасының ортасында да қадірі болмақ емес.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру