Әйел даналығы

03 қыркүйек 2020 7075 0
Оқу режимі

Күйеуі ашу үстінде әйелінің жағынан тартып жіберіпті. Әйелі: «Мен саған шағымданамын» - дейді. Сонда әлі де болса ашуы тарқамаған күйеуі: «Үйден шыға алсаң...» - дейді.

- Сонда мені есік пен терезені жауып үйде ұстамақшысың ба? Жоқ, ол мен үшін кедергі бола алмайды.
- Сонда не істемек ойың бар?!

Сонда әйелі: «Оның жолын табамын», - деп жуынатын бөлмеге бет алады.

Күйеуі: «Е-е-е, мынау терезеден қашамын десе керек», – деп, үйдің сыртына шығып, жуынатын бөлменің жанында күтіп тұрады. Бірақ қанша күтсе де терезеден ешкім көрінбейді. Содан соң «Бұған не болды?»  деген оймен үйге кіреді.

Үйіне кірсе әйелі дәрет алып жуынатын бөлмеден шыққан беті екен. Жүзі мен қолынан дәреттің ізі көрініп тұр. Сол сәтте ол: «Енді не істер екен?» - деген күйеуінің бетіне күлімдеп қарап: «Мен қазір Алла Тағалаға шағымданамын. Ол үшін ешбір есік кедергі бола алмайды» - дейді де жайнамазды алып намазға жығылады.

Мұны көрген күйеуі үндеместен тұрған жерінде мелшиіп тұрып қалады.

Әйелі намазын ұзақ оқиды. Әсіресе, намаздың сәждесінде ұзақ тұрады.

Әйел намаз оқып болған соң істің мәнін түсінген күйеуі: «Сәждеде ерекше көп дұға еттің ғой деймін, а?» - деді. Әйелі бетіне қарап тұрып байсалдықпен: «Сен қалай ойлайсың?» - деді.

Істегеніне өкіне бастаған күйеуі: «Негізі саған қол көтеру ойымда жоқ еді. Ашу үстінде байқамастан саған қол көтеріп қойдым» - деді. Сонда әйелі: «Оны мен де түсіндім. Сол себепті сәждеде саған емес, бәлкім арамызға түскен лағнеті шайтанға шағымдандым. Ақіреттік жолдасым, балаларымның әкесіне жамандық тілесем, менің кім болғаным?» - дейді. Мұны естіген күйеуі көзіне жас алып, әйелінің екі қолын сүйеді де: «Құдай ақы! Осыдан соң саған ешбір жамандық істемеймін» - деп ант ішеді.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру