Ана мен әйел – таразының екі басы

02 тамыз 2021 7516 0
Оқу режимі

Ана мен әйел таразының екі жағы. Біреуінің есесінен екіншісі жәбір-жапа шегеді. Талай ақжаулықты ана, өзегін жарып шыққан перзентінің сол таразыны дұрыс ұстай алмағанынан, қорлық көріп, балағат сөз естіп тіпті таяқ жегені бар. Кейбірі өмірінің мейірімділік пен қамқорлыққа ең қажетті шағында қарттар үйінен бір-ақ шыққан. Мұндай қорлықты бауыр еті баласынан көруі қасіретін екі есе ащы ете түседі. Сірә, басқа ешкім ондай зұлымдық жасамаса керек. Жауына емес мейірбан анасына жасайды, бизнестегі қарсыласына емес бесікте жатқанда ақ сүтін беріп, түн ұйқысын төрт бөлген анасына жасайды. Ал, ана баласы ұйықтаса ғана демалады. Баласы тамақтанып қарны тойған соң ғана аузына бір түйін нан салады емес пе? Жалған дүниедегі ең абзал жанға мұншама қаттылық пен дөрекілік қандай шығуда?! Әйелінің көңілінен шығу үшін бе? Әлде, әйеліне деген махаббатын көрсету үшін бе? Мұндай зұлымдықты естіген тасжүрек адамның өзі тітіркеніп шошитын болар. Бұл адамның ойына келмейтін жауыздық. Ақыл-парасат қабыл ете алмайтын зұлымдық емес пе?

Анасының қос білегіне алтын-күміс білезік тақса, ең әдемі көйлек кигізсе жараспай ма? Анасының әр күнін шуақты, әр сәтін бақытты етсе көп пе? Әр күнін анасына жақсылық етуден бастаса құба-құп болар еді. Әрі бұл өмір сыйлаған анасына перзенттің жасаған болмашы ғана жақсылығы боп есептелер еді. Өйткені, анасын арқалап Кағбаны тауап етіп жүрген адамға сахаба Абдулла бин Омар: «Сені жарық дүниеге алып келер сәттегі анаңды шыдатпай қысқан толғақтарының бірін де өтей алмадың, бірақ бұл жасаған ісің ізгілік, жақсылығыңды тоқтаусыз жасай бер», - деп айтуы соның бір айғағы. Өзінің бар жағдайын жасап, ал анасын қараусыз қалдырған бейбақтардың жүрегінен мейірімділік атауы жоғалған заман туды. Бірақ, сол мейірімсіздігі үшін ең Мейірімді Хақ Тағала құзырында жауап беретіні сөзсіз. Мұндай безбүйрек перзент ауыр жазаға әбден лайықты.

Әрине, анаға жасалатын қамқорлық пен жақсылық әйеліңізге тиесілі ақысынан алынбайды. Өмірлік жарыңызды қараусыз қалдырыңыз деген сөз емес. Анаңызды көңілінен шығу үшін әйеліңізді балағаттап, таяқтың астына алыңыз деген де сөз емес. Әйел – аманат. Некелесу арқылы Алла Тағала құзырында әйелді төсекте адал жар, өмірде серік етеміз. Сондықтан да әйелге жақсы қарым-қатынаста болу мұсылманның жақсы сипаттарының бірі.

Бірақ, әйеліңізге жасалған жақсылық анаңыздың есебінен болмауы қажет. Жаратқан Алладан және Елшісінен кейінгі ең қадірлі де ардақты жан болған анаңызға арналған мейірімділік пен қамқорлық есебінен болмауы керек. Құрсағында тоғыз ай көтеріп, өлім мен өмір арасында дүниеге алып келген, ақ сүтімен бірге бар жақсылықты баласының бойына сіңірген ең абзал жанға жақсылық бірінші кезекте әрі еселеп жасалуы керек.

Анаңыздың сіздің жүрегіңіздегі орны әйеліңізге және ұл-қызыңызға деген сүйіспеншіліктен әлдеқайда биік тұруы керек. Анаңызды орнына ешбірін қоюға болмайды. Сіздегі бар жақсылық пен ізгіліктің қайнар бұлағы – ақжаулықты анаңыз. Өмірдегі барлық жетістіктің себебі анаңыздың ақ тілегінің арқасында. Сондай-ақ, сәтсіздік пен сүрінуіңіздің басты себебі де анаңыз қос жанарынан тамшылаған жастары. Алақанын жайып, қарғыс айтпаса да көңілі ауырып, көзіне жас толса болғаны, сіздің өміріңізде сәтсіздіктер басталады. Біздің қоғамда ділімізге де, ұлттық санамызға да жат бір заң қалыптасқан, ол анаңның көңілін тапсаң, әйелің ренжиді немесе анама алып беретін болсам, әйеліме бермеуім керек деген «заң». Таразының басын тең ұстау қиын деген сияқты ешбір жерде жазылмаған, ойдан шығарып алған қисынсыз ұғым. Әрине, мұндай түсінік қате. Ананың орны ерекше, әйелдің де жөні бөлек. Әрқайсысының өзіне тиесілі ақысы бар. Бірінің ақысын жасаумен екіншісі ешбір жәбір көрмеуі тиіс.

Сөздің тоқетері әйеліңізді анаңызбен салыстырмаңыз. Құран Кәрімнің өзінде бір аятта ата-ананы қатар айтса, басқа аяттарда ақжаулықты ананы қайта-қайта және тек жалғыз өзін ғана баяндауы тектен-тек емес.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру