АМАНАТТЫҢ ТӨЛ ИЕСІ
Имансыз пенде бұл ғұмырда ен дәулетке кенеліп, мансабы көк тіреп тұрса да, ол шындығында бақытсыз. Мұсылман пенде пәни дүниеде ел арасында «басына бақ дарымаған, соры бес елі» атанып, бақытсыз болса да, ол негізі бақытты. Өйткені, ол – жалпы жаратылыс Иесінің досы. Құранда Алла Тағала: «Алла – өзіне иман еткендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады. Ал қарсы келгендердің достары – шайтан. Оларды жарықтан қараңғылықтарға тартады» . Міне, мұсылман Жаратушының досы болғандықтан өмірде еш нәрсеге өкінбейді. Бұл дүниеде мәңгі бақи тұрақтап қалмайтына һәм ақыретте сол Ұлы Досына қайтатынына бек сенеді. Өзінің жаны да, отбасы да бәрі Ұлы Жаратушының аманаты екеніне кәміл иланады. Кез-келген сәтте Алла Тағала аманатын алатын болса, онда мына дүниеде мәңгі қалатындай көріп ғұмыр кешуім тіпті қисынсыз емес пе?! Бірақ мұсылман адам да періште емес пенде ғой. Ол да қателеседі. Ол да кейде бұл ғұмырды пәни деп білгенмен, аңғалдықпен адасады. Сондықтан әрқашан бір-біріне ақиқатты насихаттап отыру – мұсылмандардың парызы.
Пайғамбарымыз былай дейді: «Исрайыл ұрпақтарының арасында ғалым һәм көп құлшылық қылар тақуа бір адам бар еді. Осы кісінің бір күні сүйіп қосылған әйелі кенеттен қайтыс болады да әлгі адам қатты қайғырып, есікті іштен тарс бекітіп, аза тұтып, төсектен тұра алмай жатып қалады. Оның осы жағдайын сол елдегі бір әйел естиді. Әлгі ғалымның үйіне келіп, есік аузындағы кісілерге: «Менің ғалыммен жекеше шаруам бар еді»,- дейді. Ауыздағы адамдардың бірі ғалымға: «Мына жерде сізді бір әйел күтіп тұр. Сөзсіз сізге жолығуым керек. Жеке мәселем бар дейді! – деп хабар береді. Ғалым: «Келсін»,- деп жауап қатады. Әйел жанына келіп: «Сізден бір нәрсе сұрағалы келіп едім»,- дейді. Ғалым: «Не сұрайын деп едің?»,- дегенде әйел: «Менің көршімнен аманат етіп алған бір алқам бар еді. Оны біраз уақыт тағып, пайдаландым. Кейіннен менен сол алқаны қайта сұрады. Сіз не дейсіз? Алқаны иесіне қайтарып берейін бе? - дейді. Ғалым: «Әлбетте, дереу қайтарып беруің тиіс»,- деп нақты айтады. «Бірақ алқа көптен бері мойнымда тағулы еді. Сондықтан оны қатты жақсы көріп қалған едім»,- деп, әйел бергісі келмегенін білдіреді. Ғалым сонда: «Оған әбден үйреніп, жаныңа жақын болғанына қарағанда, ол сенде көп тұрып қалыпты ғой. Дереу аманатты иесіне қайтаруың қажет»,- дейді. Осыны айтқанда әйел: «Құдай Тағала ақырын берсін! Сен Алла Тағаланың аманат етіп беріп, енді қайтарып алған нәрсесіне қайғырып отырсың ба? Ол берген аманатына сенен қарағанда әлдеқайда лайық емес пе?»,- дейді. Ғалым уәжге жығылып, Хақ Тағалаға шүкір етіп, ес жияды» .
Міне, атақты ғалымға ауылдың қарапайым әйелі насихат айтып, тәубесіне келтірген. Бұл да – нағыз мұсылман қоғамының хикметті бір көрінісі. Атам қазақта мұндай мысалдар көп. Уәссәләм.
Мұхитдин ИСА