АЛЛАҒА ҒАШЫҚТЫҚ

04 тамыз 2023 3472 0
Оқу режимі

Жаратушыға деген ғашықтық – жүрек пен жан азығы әрі көздің нұры.

Ғашықтық – рухтың сенімі, рухтың амалы, рух дәрежесі, рухтың халі. Егер құл Раббысына ғашық болмаса, сенім де, амал да дәрежелер де жансыз денеге ұқсап қалады! Аллаға деген ғашықтыққа қол жеткізу үшін Жаратушысын шынайы тану керек, яғни Оның көркем есімдері мен сипаттарын жақсы тани білу керек.

Алла Тағала құранда былай дейді: «Егер Алланы сүйсеңдер маған еріңдер. Сонда сендерді ол сүйіп, күнәларыңды кешіреді. Алла аса кешірімді де қайырымды, деп айт» («Әли Имран» сүресі, 31-аят).  Алланы жақсы көрген жан ешбір қайғымен уайымға, болмашы дүниелер үшін Аллаға қарсы шығып алданбай, ғибадатын жасап, Аллаға тәуекел ететін болады. 

Əбу Разин Тукай Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі, иман дегеніміз не?» – деп сұрағанда: «Алланы жəне Оның елшісін басқа нəрселерден артық сүюің», – деп жауап берген екен (Ахмад).

Әнас ибн Мəлик (р.а.) риуаят еткен келесі хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Мені отбасынан, малы мен адамдардан артығырақ жақсы көрмейінше, пенденің иманы кемелденбейді», – деп айтқан. Басқа риуаятта: «Тіпті өзінен де артық жақсы көрмейінше», – делінген (Бұхари, Мүслим).

Абай атамыз – Алланың адамды махаббатпен, сүйіспеншілікпен жаратқанын көңіл көзімен көреді. Алланың адам баласын махшарда сұрау беретұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар екендігіне көз жеткізеді. Cөйтеді де: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» – дейді. 

Бұл Абай атамыздың алғашқы сүюі – адамның Аллаға деген махаббаты. Бұл жайында ол өзінің:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,
Жүректің ақыл суаты,
 Махаббат қылса тәңірі үшін, деген өлең жолдарында жеткізген. Ең бірінші махаббат – Жаратушыға арналатынын осыдан байқай аламыз.

Адамзатқа әр сәтінде өнеге бола білген ардақты Пайғамбар (с.ғ.с) мына бір дұғасына да көңіл бөліп қарасақ. Муғаз ибн Жəбəл: «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Алла! Маған Өз махаббатыңды, Сені сүйген пенделерінің махаббатын, Сенің махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруімді нəсіп ет! Махаббатыңды маған салқын судан да жақсы көрсет!», – деп дұға қылатын» – деген хабарды жеткізген (Тирмизи).

Əбу Бəкір Сыддық (р.а): «Кім Алла Тағаланың махаббатын татып көрсе, дүниемен ісі болмай қалады жəне адамдардан оқшауланады», – дейді.

Хасан Басри (р.х.): «Кім Раббыны таныса, Оны сүйеді. Кім дүниені таныса, одан жүзін бұрады. Мүмин өмірін ұйқыда өткізбейді, бəлкім ақыретін ойлап, қайғыда болады», – деген.

Яхия ибн Муғаз (р.а.): «Алланың кешірімінің кеңдігі сонша, оған барлық күнəлар батып кетеді. Сонда Оның разылығы қандай болмақ?! Алланың разылығының кеңдігі сонша, барлығы батып кетеді. Олай болса, Оның махаббаты қандай болмақ?! Алланың махаббатынан ақыл-есінен адасады. Олай болса, Оның достығы қандай болмақ?! Оның достығы Өзінен басқасының барлығын ұмыттырады. Олай болса, оның мейірімділігі қандай болмақ?!» – деген.

Келесі риуаятында: «Уа, Алла Сенің қасыңда көрінбей ғұмыр кешемін. Саған мадақ айтып құлшылық етемін. Мені бала кезімнен жолыңа салдың, Өзіңді танытып суғардың. Өзіңнің ізгілігіңнен бердің. Түрлі оқиғаларды басыма бердің. Кемшіліктерді жасырдың, тəубе қылдырдың, оқшауландырдың, ынтызарлыққа салдың, махаббатпен амал қылдырдың, сөйтіп мені сынаққа салдың. Мені хауызыңа жібер, шөлімді басайын. Саған құлшылық етіп шынығайын. Сенің əміріңе бойсұнайын, Сөзіңді үнемі қалап тұрайын! Балалық шағымнан Саған құлшылық етіп, əдет қылдым, енді сақал-мұртыма оқ түскенде қайтып Сенен кетпекпін?! Мен бұл дүниеде қанша уақыт қалсадағы зікір айтамын, саған мінəжат қыламын. Себебі мен саған ғашықпын. Əрбір ғашық өз махаббатын тілейді, одан басқа ешкімді көрмейді», – деп айтқан. Осы сияқты, Алла тағалаға деген маған махаббат жайында айтылған көптеген хабарлар бар. 

Аллаға деген шынайы махаббат – мұсылманның ұлы сипаты. Алланы жақсы көретін құлдарынан болайық, ақырымыз жәннат болсын! Әмин! 

«Cәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің найб имамы
Анарбеков Жомарт Амандықұлы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру