АЛЛА ТАҒАЛА ЖАҚСЫ КӨРЕТІН СӨЗДЕР
Алла – мінсіз, кемшілік атаулыдан ада! Бар мадақ пен шексіз шүкір бір Аллаға тән. Алладан басқа тәңір жоқ! Алла ұлы!
Үмму Һани (Оған Алла разы болсын) былай деген: «Бір күні Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) менің хал-жағдайымды сұрай келгенде мен: Уа, Алланың елшісі! Мен қартайдым. Маған отырған қалпымда істей алатын бір іс айтсаңыз жақсы болар еді, – деп өтіндім. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: Жүз рет “Субханаллаһ”, – деп айт. Расында, бұл Исмайыл ұрпақтарының арасынан жүз құл азат еткенмен тең. Жүз рет “Әлхамдулилләһ”, – деп айт. Өйткені, бұл ер-тұрманы сақадай сай жүз сәйгүлікпен Алла жолында күрескенмен тең. Жүз рет “Аллаһу әкбар”, – деп айт. Өйткені бұл құрбандыққа атаған жүз түйеңе тең. Жүз рет “Лә иләәһә иллаллаһ”, – деп айт. Расында, бұл сөздің сауабы жер мен көктің арасын толтырады. Осыны орындасаң, сол күні бірде-бір адам сенің осы ісіңнен артық игі іс жасай алмайды. Тек, сен секілді істеген адам ғана саған жете алады, − деп айтты»[1].
Сондай-ақ, осы хадистегі аталмыш сөздердің артықшылығы жайлы Имам Муслимнің Сахих хадистер жинағы мен Имам Ахмәд ибн Ханбәлдің «Муснәд» атты хадис жинағында да хадистер бар. Сәмура ибн Жундуб (Оған Алла разы болсын) жеткізген бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың ең жақсы көретін сөздері – “Субханаллаһ”, “Әлхамдулилләһ”, “Аллаһу әкбар” және “Лә иләәһә иллаллаһ”. Бұл сөздердің қайсы бірімен бастасаң да бәрібір», − деген[2].
[1] Ахмәд ибн Ханбәл, Муснәду әл-ансар 25675
[2] Сахих Муслим, Әдәб 3985; Ахмәд ибн Ханбәл, Муснәду әл-басриин 19248