АЛЛА РАЗЫЛЫҒЫ ҮШІН ЖАҚСЫ КӨРУ

04 наурыз 2024 2843 0
Оқу режимі

Ислам дініндегі ерекше маңызды құндылықтардың бірі мұсылман адамдардың бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көруі. Міне, дәл осы мінезге бүгінгі қоғамымыз ауадан да, судан да мұқтаж десек артық айтқандық емес. Өйткені адамдар арасындағы сүйіспеншілік жоқ жерде өзге жақсылық бола қояды деуге сену қиын. Жақсы көрмеген адамына ешкім жақсылық та жасамайды. Ал бір-біріне жақсылық жасамайтын елдің тіршілігін өзіңіз елестете беріңіз. Бір-бірін жақсы көретін адамдардан құралған қоғамның бүгіні бақытты, келешегі кемел.

Адам жүрегінде жақсы көру сезімі болмаса, онда бірте-бірте жанашырлық, ықылас, кешірімділік, кең пейілділік, жомарттық секілді имани құндылықтар да азая береді. Олардың орнын тәкаппарлық, қарабастың қамын ғана ойлаушылық, сараңдық, ашкөзділік секілді кеселді сезімдер жайлап кетуі да әбден мүмкін. Әрине, бүгінгі қоғамда адамдар бірін-бірі жек көреді деп айта алмаймыз. Бірақ біріне-бірі немқұрайлы, атүсті қарайтындар аз емес. Алла разылығы үшін жақсы көруді сезім дегеннен гөрі қалау деп атаған дұрыс. Себебі адамдардың іштей қажыр-қайраты, ерік-жігері, қалауы болмаса, бір-бірін жақсы көре қоюы қиын. Демек, жақсы көру сезімі бойына әбден сіңіп, әдет-дағдыға айналғанша, адам өзін біршама қинаса да болады.

Енді Алла разылығы үшін жақсы көру сезімінің Ислам дініндегі орнына тоқталайық. Себебі әр жақсылықтың бастауы Ислам дінінде болатыны секілді, бұл ізгілікті қалыптастырудың тетігі де асыл дінімізде жатыр.

Алла тағала бізді қоршаған барша ғаламды да, адамзатты да теңдессіз шеберлікпен және махаббатпен жаратқан. Ғалымдар барша жаратылыстың бар болуының себебі де, негізі де және оларды бір-бірімен байланыстырып тұрған ең мықты дәнекер де сүйіспеншілік екенін айтқан. Ғаламдағы барша жаратылыстың астарында Алла тағаланың шеберлігі жатыр. Ендеше, сол теңдессіз жаратылыстарды жақсы көру сезімі біздің Жаратушымызға деген махаббатымыздың деңгейі болмақ. Жаратылысты қанша жақсы көрсек, Жаратушымызға деген сүйіспеншілігіміз де сондай деңгейде болғаны. Бірақ есте болатын нәрсе, адамдарды қызметі, атағы, байлығы, абырой-беделі үшін емес, Алланың махаббатпен жаратқан бір пендесі болғаны үшін жақсы көргеніміз дұрыс. Ал пендешілік мақсаттар үшін құрылған достық еш уақытта алысқа бармайды.

Бірде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз сахабаларының ортасында отырғанда былай деді: «Алланың құлдарының ішінде бір топ бар. Олар пайғамбар да емес, Алла жолында қайтыс болған шәһид те емес. Бірақ қиямет күнінде олардың Алла құзырындағы мәртебесіне пайғамбарлар да, шәһидтер де қызыға қарайтын болады» деді. Сонда пайғамбарлардың өзін қызықтыратын бұл қандай жандар екенін білгісі келген сахабалар: «Уа, Алланың елшісі, олар кімдер? Қандай ісімен ерекшеленді? Айтыңызшы, біз де оларға деген сүйіспеншілігіміз бен ыстық ықыласымызды арттырайық» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар араларында ешқандай туысқандық, сауда-саттық, кәсіптік байланыс болмаса да, Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көргендер. Аллаға ант етейін, олардың жүздері тұнған нұр, әрі өздері нұрдан жасалған мінбердіңүстінде тұрады. Адамдар үрейленіп, қорқып тұрғанда оларда ешқандай қорқыныш сезімі болмайды. Басқалар қайғырып тұрғанда олар қайғырмайды», – деді.

Өзгелерді жақсы көру сезімі ең алдымен Аллаға деген махаббаттан, Ақирет күніне терең иман келтіруден туындайды. Содан соң әрбір адамның қадірі мен құнын бағалай білу, өзгенің қателіктерін кешіре білу, біреудің орнына өзіңді қоя білу маңызды.

Мұсылмандарға бір-бірін жақсы көрудің ақиреттегі қарымтасы да үлкен. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуынша, «Қиямет күні Алла тағала былай деп бұйырады: Меніңәміріме бойұсынып, бір-бірін жақсы көрген пенделерім қайда? Оларды Менің аршымның көлеңкесінен өзге сая табылмайтын осы күні өз көлеңкеме паналатайын». Ал дүниедегі өмірінің есебін беретін махшар күнінде әркім өз денесінен аққан терге иегіне дейін көміліп қиналып тұрған шақта бұл иләһи пананың маңызы зор. Сондықтан бұл дүниеде адамдар бір-бірін болмашы кемшілігі үшін немесе жай ғана түсініспеушіліктің салдарынан толыққанды жақсы көре алмай жатса, одан артық өкініш жоқ. Мұсылман адамды қадіріне жетіп, жақсы көре алмау осындай зор мүмкіндіктен құр қалдырады.

Шынында да, көзді ашып жұмғанша өте шығатын өтпелі өмірде адамдарды жақсы көріп, Алланың хикметін сезінуден артық қызық жоқ.

Сөзіміздің соңын сахабалар дәуірінен нағыз Алла разылығы үшін жақсы көрудің бір үлгісін айта кетелік. Әбу Ыдырыс әл-Хаулани былай деп әңгімелейді: «Бір күні мешітке кірсем, жаны жайсаң бір жігіт, айналасын қоршап бір топ адамдар отыр екен. Бір нәрсеге келісе алмай қалған жұрт, әлгі жігіттен төрелік сұрап отыр. Әрі оның айтқан өсиеттерін ұйып тыңдап отыр. Бұл жігіт кім деп сұрап едім. «Муаз ибн Жәбәл» деп жауап қайырды бір кісі. Содан ертесі күні таңертең мешітке қарай асықтым. Барсам, ол менен бұрын келіп намазын оқып отыр екен. Намазын аяқтағанға дейін күттім де, қасына барып сәлем бердім. Сосын оған:

– Алланың атымен ант етейін, мен сені жақсы көремін,– дедім.

– Алла разылығы үшін жақсы көресің бе?

– Иә, Алла үшін.

– Шынымен Алла үшін бе?

– Иә, шынымен Алла үшін.

Сонда әлгі жігіт мені өзіне тартып құшақтап тұрып былай деді: – Сені құттықтаймын. Өйткені Пайғамбарымыздың былай дегені бар: «Алла тағала «тек қана менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендер, менің разылығым үшін бір жерге жиналғандар, Менің разылығым үшін бір-біріне қонаққа барғандар және тек Менің разылығым үшін ғана садақа беріп, жақсылық жасағандар махаббатыма лайық болады» дейді».

 

 

Пікірлер Кіру