Алғашқы сәжде

10 ақпан 2021 9561 0
Оқу режимі

Бұл оқиға АҚШ-тағы Канзас университетінің математика оқытушысы, профессор Джеффри Лангтың «Мен мұсылман болған күн» кітабынан алынған. Онда профессор өзінің Ислам дінін қабылдаған соң, алғашқы намазы туралы жазады:

«Мұсылмандықты қабылдаған күні мешіт имамы маған намаз оқудың ережелерін үйрететін кітапшаны сыйға тартты. Мұны көрген мұсылман оқушыларының кейбіреуі «нәпсіңізге ауыр тиетін, қиынға соғатын шаруаларда асықпаңыз» деп кеңес берді. Мен таң қалдым: намаз оқу қиын ба? Сол оймен шешім қабылдадым – бес уақыт намазды үйреніп, бүгіннен бастап оқуға кірісем.

Сол күні бөлмемде отырып алып, кітапшадағы сүрелерді, дұғаларды оқып шықтым. Намаз әрекеттерін үйренуге, арабша мәтіндерді оқып, ағылшын тіліндегі мағыналарын түсінуге тырыстым. Намазға дайын екеніме сенімді болғанымда түннің бір жарымы еді. Демек, құптан намазынан бастаймын.

Дәрет алу үшін жуыну бөлмесіне кірдім, кітапқа қарап рет-ретімен дәрет алдым. Бөлменің ортасында құбыланы шамамен болжап, жайнамаздың үстіне бардым. Бірақ, сол сәт есік ашық емес пе екен деген алаңдаулы ойлар басымнан өтті. Бір барып қарадым, жапқан екенмін. Намазға тұрдым, терең тыныс алдым, сосын қолымды көтердім. «Аллаху акбар» деп тәкбір айттым да дауысымды ешкім естімей жатыр ма деген оймен терезе жаққа қарадым, перде ашық еді. Дереу терезе алдына бардым, мені біреу көріп жатқан жоқ па деп сыртқа қарадым, ешкім жоқ. Пердені жақсылап жауып, жайнамазға оралдым. Әуелі «Фатиха», артынша қысқа сүрелердің бірін оқыдым (арабша оқуға қатты қиналдым, егер сол мезетте кез келген бір араб мені тыңдаса, ештеңені түсінбеген болар еді). Сосын ақырын ғана тәкбір айтып рүкүһке иілдім, қолымды тіземнің үстіне қойдым. Осы кезге дейін белім ешкімнің алдында мұндай дәрежеде бүгілмеген еді. Үш рет «Субхана Раббиял-азим», сосын еңсемді түзеп «Сами Аллаһу лиман хамидаһ, Раббана уа ләкәл хамд», дедім. Жүрек соғуы жиіледі. Енді сәждеге кезек келіп еді. Алаңдаулы көздерім сәждеге қадалды: «Мен енді иесінің құзырындағы құл секілді қолдарым мен тіземді жерге қоям ба? Неліктен өзімді-өзім қорлап, мұрнымды жерге тигізем? Жоқ, бұлай ете алмаймын!». Осы ойлармен орнымда шегедей қадалып қалдым. Тұрып кетейін десем, аяқтарым қатып қалған сияқты еді. Жоқ дедім өзіме, бастадым ба, артқа қайтпаймын. Я, Алла, көмек бер деп өзімді мәжбүрлеп иілдім, басымды сәждеге қойдым (мұрным жерге тиді). Үш рет «Субхана Раббиял-аъла» дедім. Тізерлеп отырдым да тағы да сәждеге бардым. «Аллаһу акбар» деп орнымнан тұра бере нәпсіммен тынымсыз арпалысып жаттым...

Келесі рәкәғаттар, сәжделер айтарлықтай оңай және жайлы болды. Екі жағыма сәлем беріп жатқанымда көкейіме қорланғандай сезім түйдім, ғажап-ақ, намаз оқу соншама қиын ба? Осы ой басқа келісімен тұла бойымды ар-ұят, өкініш түйсіктері билеп алды. Басым иілді де... жылай бастадым: «Я, Алла, тәккәппарлығымды кешіре гөр. Өзіңе мәлім, мен ұзақ жол басып келдім. Қазір тура жолдың басындамын, аяқтауыма көмек бер...»

Сол сәт дірілдеп тұрған денеме жайылған ләззәтқа толы еркіндік сезімі жүрегімнің түбіне дейін жетіп келді, сезем. Бейне Алла Тағаланың мейірін денемдегі ұсақ молекулаларға дейін сезінді. Ал, өзім себебін түсінбеген күйде жылай бердім. Ол жылау ерекше тәтті еді (сол кездегі түйсіктерімнің дәлелін енді тапқандаймын: біз шын көңілден тәубе еткенімізде Алла өткен күнәларымызды кешіреді екен және шипа береді екен)...

Басымды қос қолдап қсықан күйі ұзақ жылап отырдым. Жан дүнием түгел егіліп отырған сол сәтт Алла Тағала мен намазға өте мұқтаж екенімді, онсыз өмір сүру енді мүмкін еместігін түсіндім де ғибадат еттім:

Алла, егер мен саған тағы күпірлік етсем, жанымды алшы, құзырыңа иманыммен барайын. Осы сәттен иландым, сенің бар екеніңді жоққа шығарар болсам, өмірдің маған керегі жоқ. Сенсіз жер басып жүру маған харам!»

Құлмахан Салыбек

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру