ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРТАЛАС...

06 қараша 2024 635 0
Оқу режимі

Әлеуметтік желіде "Дін керек пе, ғылым керек пе?" деген сыңайдағы пікірталас толастар емес. Өкінішті...

Біз кезінде, "ғылыми атеизм" дәуірінде тек ғылым керек деп өстік. Философияны да "ғылым" дедік. Оны "ғылыми философия" деп те атап алдық.

Негізі, адам байғұсты жолға салып, шектеп, иектеп, бір үкімге, бір шаблонға салу — детерминизм. Онсыз да адам еріксіз махлұқ. Ол әлсіз. Онда бәрі шектеулі. Соған қарамастан оны шектеу мен еркіндікке қауыштыру арасында танымдардың миссиясы басталады.

 Адамды қоршаған таным көп. Ол — діни таным, ол — ғылыми таным, ол — философиялық таным, ол — мифтік таным, ол — аккульттік таным... Осылай кете береді. Солардың біреуін ғана қалдырып, басқасын шектеу — спекуляция, идеология, аяғы саясатқа бастайды...

Егер "сіздегі бес сезім мүшесінің біреуін ғана қалдыр, қалғанын алып тастайық" десе, қайсысын таңдайсыз? Көзді ме, жоқ әлде құлақты ма? Тілді ме, жоқ әлде мұрынды ма? Жоқ әлде теріңді ме? Жоқ, сіз келіспейсіз.. Себебі олар — сізге қызмет етіп тұрған, көзге көрініп тұрған аса қажет құралдарыңыз... Ал танымдар ше? Олар — сіздің рухани, сана, ақыл, ерік, ой салар құралдарыңыз... Сізге көрінбейді, танылады, білінеді, сезіледі, сенесіз, мойындайсыз, ұғасыз. Бәрі — ішкі танымдық құралдарыңыз. Фараби бабаңыз "адамда ішкі-сыртқы он құрал" бар дейді. Сыртқы бес сезім мүшесі, ішкі бес интеллектуалдық құрал.

Кеше кеңестік идеология кезінде ғылымпаздықпен ауырдық, ғылыми танымды бәрінің ақиқат өлшемі деп танытып бақтық. Бірақ оны да негіздей алмайтын болып шықтық. Адамның сырына, болмысына қиянат жасалды. Қысым мен ережелер, идеологиялық догма рухтың ақиқатына жауап бере алмады. Сондықтан адамды қоршаған танымның ешқайсысы артық немесе сырттан таңылған дүние емес. Олар — рухтың, сананың, ақылдың, болмыстық "меннің" ерекшелігіне, сұранысына жауап беретін танымдық қабаттар. Сосын бұлардың арасында иерархиялық мәртебе қойып, "мынау бірінші, мынау екінші" деп жік қоюға болмайды. Қойғандар бар, олар адасуда. Бізге ғылым да, ой да, өнер де, ертегі де, аңыз да, дін де, жыр да, сән-сәулет те — бәрі керек. Біз еркін қоғам құруымыз үшін де осындай кеңдік пен әлем жарата алуымыз керек. Егер адам болсақ... Әрине, біз робот емеспіз. Адам мәні — рух. Оның қажеттілігіне өзінен тыс ешкім бойлай да алмайды. Ол — өзі автоном әлем. Расында әрбір адам жеке әлем. Сондықтан өзіңнің дұрысыңды бәріне таңбағын. Сосын... Алла, әлем және адам арасындағы байланысқа сенімнен басқасы шыдас бермейді. Мына әлемнің өзінде де сенім, дін болмаса, адамдағы ожданды,  мұратты, мақсатты, құндылықты, моральды, құқықты, саясаттың тұрақтылығының, баяндылығының төркінін таба алмайсың. Сондықтан да Фараби "Парасатты ел тұрғындарының" көзқарастарының төркінін Ұлы Жаратушымен байланыстырды. Сол үшін оны кеңестік идеология  ғылымпаздық, спекулятивтік білім тетігі, утопия деді. Қысқасы, адамға керек танымның ешқайсысы өлмейді, өмір сүре береді. Әрине, адамзат барда. Олардың біреуін ғана таңдап өлтіремін, жоямын дегендер — кешегі тарихтан тағылым алмағандар. Сосын адамды тануға қабілетсіздер. Діннен бас тартсаңыз — кешегі кеңестік идеологиядан тағылым алыңыз, философиялық танымнан бас тартсаңыз — бүгінгі уахабизмнен тағылым алыңыз. Ғылым мен дінді, философияны үндестіргіңіз келсе — Фарабиден тағылым алыңыз...

Жалпы адамға бет бұрайық. Ең дұрыс бағыт сол!!!

Досай КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер Кіру