АЛЕКСАНДР ДЮМА ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ КЕШІРІМ ҚАҒИДАСЫ

02 наурыз 2023 3381 0
Оқу режимі

Алексанр Дюманың «Граф Монте Кристо» шығармасына «Кешірім қағидасы» деген атау берер едім.

Шығармада жазықсыздан жазықсыз 14 жыл қамауда болып,  қашып шыққаннан кейін кек алмақ болған теңізші Эдмонд Дантестің оқиғасы баяндалады. Роман бақыттың өлшемі жоқтығы, бақыт тек қана салыстырмалы түрде бағаланатынын паш етеді. Алайда, біз бүгін аталған романды кешірімнің озық үлгісін көрсеткен шығарма ретінде қарастырып көрмекпіз.

Эдмонд Дантестің ең негізгі төрт дұшпаны болды.  Оның капитан болатынын көре алмай, түрмеге түсуі үшін бар құйтырқылықты жасаған Данглар; Дантестің сүйгені Мерседесті қызғанып, Дангларға көмектескен Фернан; көршісі, айлакер, ашкөз Гаспар Кадрусс та оған жала жабылуына көмектесті; сондай-ақ, Дантестің жазықсыз екенін біле тұра өз мансабын ойлап, оны тұтқындаған Нуартье де Вильфор.

Эдмонд Дантес 14 жыл Иф қамалында тұтқында болғанда оның камералас көршісі  Монте Кристо аралында қазынаның бар екенін айтады. Қамалдан қашып шыққанан кейін сол қазынаның көмегімен дұшпандарынан кек алуға мүмкіндік алады. Ол үш дұшпанының көзін жойғаннан кейін ең негізгі дұшпанын кешіріп, біз күтпеген шешім қабылдайды.

Ол «Мен әлемді бақылап, кек алмақ болдым. Алайда бұлай ету, тек Құдай ісі екенін түсіндім» дейді.  Жазушы Бексұлтан Нұржекенің сөзімен айтсақ: «Кек бәрібір өткеннің олқылығын толтыра алмайды. Қайта одан бетер қаусатып кетуі мүмкін. Кеткен есеңді тек тыныштық қана өтейді. «Орнында бар оңалар» дегенді, қазақ сірә, осыны ойлап айтқан».

Хош, автор мұнымен не айтқысы келді?

Оқырман мұны аңғармай қалуы мүмкін, бірақ шын мәнінде Дантес өз қолымен ешкімнің көзін жоймаған-ды. Бар болғаны олардың басқа да былықтарын әшкерелеп, жазаларын алуға жағдай жасады. Фернан билікке барып, жемқорлықпен айналысты, Гаспар Кадрусс ақша үшін кісі өлтіруге дейін барды, ал  Нуартье де Вильфор өз жеке басының қызығы үшін адамдардың арымен, өмірімен ойнады. Басты кейіпкер осы үш дұшпанының басқаларда кеткен ақысы үшін қылмыстарын әшкерелеп, көздерін жойды. Төртінші дұшпаны Дангларға келгенде автор оның жиіркенішті қасиеттері мен Дантеске қылған қиянатынан басқа кісіге жасаған жамандығын көрсетпеді. Өз кезегінде Дантестің оны кешіруі бізге Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзіне жамандық қылғанды кешіріп, бірақ қоғамға жасалған жамандыққа бейжай қарамайтын ұстанымын ұсынып тұрғандай. Ол (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзіне жасалған зұлымдық үшін ешкімге ренжімейтін, ал бауырының ақысы желінгенін көрсе қатты аушланатын.  Сондықтан да шығармаға «Кешірім қағидасы» деген атау жарасатын секілді.

Қасиетті Құранда «кешірім» сөзі екі жүзден астам жерде айтылады. Бұл дініміздің  кешірімділікке ерекше мән бергендігін көрсетеді. Өзгелердің  қатесін кешіре білу – адамгершіліктің ең жоғары үлгісі.

Алла Тағала Құранда:

 «Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бетіңді бұр!» («Ағраф» сүресі, 199 аят), деп әмір етеді. Ардақты пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Өзінен алыстап кеткендерге жақындау, зұлымдық жасағандарды кешіру, мақрұм қалдырғандарға (ештеңе бермегендерге) сыйлық беру – жақсы мінезді болу деген сөз»-десе, бабаларымыз: «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш»деп өсиет қалдырған.

Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру