"ӘКЕСІ ТІРІ КІСІ БАС ҰСТАМАЙДЫ"

19 қаңтар 2024 2433 0
Оқу режимі

Адамның Алладан кейінгі пірі - өзін өмірге әкелген ата-анасы. Қазақта Әке - Басие, ол шаңырақтың тірегі, ол - отбасының тұтқасы. Осындай алдыңда асқар таудай Әке тұрғанда баласы бас ұстап, әкесінің жолын кесуді ойына да алмаған, бұл қазақтың ұғым-түсінігіне мүлде жат қылық.

Тіпті өзі балалы-шағалы болып кексе тартса да, әкенің көзі тірі болса, бас ұстамайды. Қайта әкенің амандығын тілейді, өзінің әлі де әкелі "бала" екеніне шүкіршілік етеді. Енді ше, әр адамда әке біреу-ақ емес пе!

Әке өмірден өткен жағдайда көрші-көлем, дос-жаран, жекжат-жұрат марқұмның қырқы өткен соң қаралы үйдің қамкөңіл адамдарын қонаққа шақырады. Оны бір жерде - "көңілшай", тағы бір өңірде "жұбатушай" немесе "еңсе көтеру" деп те атай береді. Қалай аталса да, басқаның қайғы-қуанышын көтерісе білетін көңілге қарағыш халқымыздың бұл да - бір текті ғұрпы. Осындай қонақтықта жөн білетін үлкен кісілердің бірі ұлға:

"Қарағым, енді әкенің орынын жоқтатпай шаңыраққа ие болатын сенсің. Отбасыңның береке-құтын жұтатпай үй ішіңе қамқор Басие бол, әкеңнің түтінін түзу шығаруыңа Алла нәсіп етсін!" - деген секілді тілектерді айтып, алдына бас тартады. Бұл - әшейін бас мұжу емес, азаматқа жүктелген үлкен міндет.

Бауыры бүтін кім бар дейсіз, осы жағдай біздің де басымыздан өтті.

Бәкең - Бақытжан Момышұлы бақилық болғанда бізді де "көңілшайға" жанашырлар бірінен соң бірі шақырып көңілімізді демеді.

Сонда таңғалғаным - ұлым Ержанның алдына бас ұсыну ешкімнің ойына келмегені. Әдеттегідей дастарқан басында отырған жасы үлкендер өздері бас ұстап жатты. Жасырып қайтейін, кәдімгідей көңіліме келді, әйтсе де, үнсіз жүрдім.

Бірақ күттім.

Бір күні атақты әнші қызымыз Мақпал Жүнісова шайға шақырды.

Дардай мосқал ер-азаматтар білмеген дәстүрді үнемі сахнада жүретін әнші біледі деп иегім қышыған жоқ. Алайда сол Мақпал:

"Бақытжан аға осы үйге келгенде бас ұстаушы еді, енді бас - сенің сыбағаң, айналайын!" - деп баламның алдына бас қойды. Сөйтіп, менің күпті болып жүрген көңілімді білгендей, бұл жолы Мақпал көрегенділік көрсетті.

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру