АДАМ ІБІЛІСТЕН НЕНІ БІЛДІ!

31 қазан 2024 818 0
Оқу режимі

Абу Дарда (Оған Алла разы болсын):

«Алла Тағалаға ең құрметті  адам, ол күн мен айды бақылап жүретін адам», - дейді. Сол кезде оны естіп отырғандар:

 «Ей, Абу Дарда, ол азаншы ма?» - деп сұрайды. Сонда ол:

 «Күн мен айды бақылаушы  адам ол – әрбір намаз уақытын бақылап жүретін мұсылман», - деген екен. Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Намаз – Раббымыз Алла Тағаланы риза қылады, намаз оқыған пендені періштелер жақсы көреді. Намаз -  пайғамбардың жолы, Алланы тану, иманның негізі, дұғаның амалдардың қабыл болуы, ризықтың берекесі, дененің рахаты, дұшпанның қаруы (Алла Тағала адамға сендердің ашық дұшпандарың – шайтан деген, яғни намаз – сол шайтанға қарсы қару). Намазды  шайтан жек көреді, ал намаз болса өлім періштесі адам баласының жанын алуға келгенде ортасында шапағат, қабірде шырақ, қабірде астына төселетін төсеніш, екі періште келіп, қабірде сұрақ қойған кезде оларға жауап және қиямет күні жолдас, қиямет күні болғанда ешқандай көлеңке жоқта сол намаз-көлеңке, басына тәж, үстіне киім, шашылып тұрған нұр, оттан қорған және мұсылманның құжаты, мизан таразысында ауыр басатын, сирот көпірінен өткізуші. Намаз - жәннаттың кілті, өйткені намазда тәсбих бар, мақтау бар, қасиет бар, ұлықтық бар, дұға бар. Амалдардың ең абзалы – өз уатында оқылған намаз», деп жақсылап суреттеген.

Намазға тұрмаған, Адамға сәжде етуге тәкаппарланған Ібілістің халі нешік болды?! Алла Ібіліске еріп, тәкаппарланғандарды тозаққа салады. Тура жолдан адасушылардың барар жері де тозақ. Ал, сол мәңгілік алаудан құтқаратын ең негізгі амал – намаз. Бізге жеткен риуаятта былайша айтылған:

«Ібіліс (Алланың оған лағнеті болсын) әуелгі замандарда көзге көрініп жүретін еді. Оған бір ер адам келіп:

«Ей, Ібіліс, сен осындай бір Алла Тағаланың жиіркенішті тозағына лайықта халге қалай жеттің?», - деп сұрайды. Сонда Ібіліс:

«Менен бұл сұрақ жайлы ешкім сұраған емес. Сен неге сұрадың?», - дейді. Сонда ол ер адам:

«Мен де сенің дәрежеңе жеткім келеді», - дейді. Сол кезде Ібіліс:

«Егерде сен сондай бір Алланың ең жиіркенішті, тозаққа лайықты құлдарының қатарына қосылғың келетін болса,  онда сен намазға немқұрайлылықпен қара және әрбір нәрсеге ант іше бер. Қандай бір мәселе болмасын сен ант іше бер», - деп айтады. Осыны ести сала әлгі ер кісі:

«Алла Тағаланың атымен ант ішемін, енді мен әрқашан уәдеге берік боламын, намазымда ешқашан немқұрайлылық танытпаймын», - дейді. Осыны естіген Ібіліс өзінің алданғанын сезіп:

 «Мен ешқашан мұндай адамға алданып көрген жоқпын, енді мен ешқашан адаммен сөйлеспеймін», - деген екен. Пендені тура жолдан тайдырып, Алланың қаһарына ұшыратуды қалайтын Ібілістің өзі адаммен сөйлеспейтін болған, ал адамдар ше? Шайтанның алдауына еріп, нәпсінің ерткен жағына ығып барады. Ислам діні мейірімділік пен ізгіліктің жолы. Жақсы амал еткендер әлбетте жақсылыққа қауышады. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Қиямет күні құлдан ең бірінші сұралатын  ол – намаз. Егерде оның есеп-қисабында парыз намаздары толық болса, оның есеп-қисабы ары қарай жеңіл болады. Ал егерде парыз намаздары толық толмаса, онда Алла Тағала періштесіне: «Оның нәпіл намаздары бар ма? Алып келіңдер», - дейді. Осы нәпіл намаздарымен парыздардың орны толықтырылады. Толмаса, Алла Тағала: «Істеген ізгі амалдарын алып келіңдер», - деп бұйырады. Егер осымен оның парыз намаздары толса, ары қарай Алла Тағаланың есеп-қисабы ол пенде үшін жеңіл болады» деген. Және де пағамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егерде құл бес уақыт намазына және жамағат намазына үнемділік танытса, Алла Тағала оған бес қасиет береді: тіршілікте қиындықты кетіреді, қабір азабын кетіреді, ақырет күні амал дәптерін оң жағынан береді, сирот көпірінен найзағайдай өткізеді, жәннатқа ешқандай есеп-қисапсыз кіргізеді. Ал егер, намаздары мен жамағат намазына немқұрайлылық танытса, Алла Тағала ондай құлын он екі азаппен жазалап қояды:

оның үшеуі тірі кезінде,

үшеуі өлер алдында,

үшеуі қабірінде,

үшеуі қиямет күнінде.

Тіршіліктегі жазасы – қайбір ісі болмасын Алла берекені кетіріп қояды. Амалдары қабыл болмайды, ризық несібесінде береке болмай, жүзінен жақсылықтың белгісі кетіп, нұрсыз көрінеді. Маңайындағы адамдардың жүрегіне сол адамға деген жеккөрініш пайда болады.

Өлер алдындағы азабы – пенде жан тапсырар алдында қарны ашқан, қатты шөлдеген күйде болып, жаны тәнінен өте ауыр жағдайда шығады.

Қабірдегі азабы – қабірде екі періште қояр сұрақ ауыр болады, қабірі тарылған кезде пенденің қабырғалары қайысып, қараңғы түнек болады.

Қияметтегі азабы – есеп-қисабы ауыр болады, ол пендеге Алла Тағаланың ашуы орнап, оны Тозақ отымен жазалайды», - деген.

Сағид ән Қотада Дәниалдың (Оған Алла разы болсын) Мұхаммед пайғамбардың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)үмметін былайша сипаттағанын жеткізген:

«Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметі намаз оқиды. Егерде Нұхтың (Оған Алланың сәлемі болсын) үмметі де намаз оқығанда, олар суға батпайтын еді. Егерде осы намазды Ғад қауымы оқыған кезде, оларға бір жел келіп олар құрдымға ұшырамайтын еді. Егерде Самуд қауымына бұл намаз келіп, олар намаз оқыған болса еді, оларды бір жаңғырық құрдымға ұшыратпаған болар еді, - деп айтты да, кейін Қотада, - Намаздарыңа сақ болыңдар, өйткені намаз мұсылмандар үшін жақсы амал боп берілген. Намаз - көп жамандықтан сақтайды», - деп ескертті.

Міне сондықтан да барша мұсылманды ықыласпен намаз оқуға үндейміз. Алла Тағаланың сүйікті құлы болуды армандап, сол жолда ізгі амалдар жасау қажет.  Өз үмметі турасында Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметімді Алла Тағала рақметіне алды. Расында Алла Тағала өздерін әлсіз санап, ықыласпен дұға жасап, намаз оқығаны үшін олардан пәлелерді кетіреді», - деді.  Осы айтылға сөзге лайықты болайық, құрметті мұсылман бауырлар!

 

АЙТҚАЗИН Рауан Төлеубекұлы

 

Пікірлер Кіру