Адал кәсіп

06 маусым 2020 10613 0
Оқу режимі

Тіршіліктегі әрбір жан иесі шыр етіп дүние есігін ашып жан тәсілім етіп, о дүниеге аттанғанға дейінгі аралықта пеншенесіне жазылған рызық-несібенің дәмін татады. Оған Хақ-Тағаланың әр-Раззақ сипаты кепіл. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Өздерің айтыңдаршы, сендерге көктен және жерден ризық беретін Алладан өзге жаратушы бар ма?» (Фатыр сүресі, 3 аят) деп бұйырған. Сондай-ақ, Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифінде: «Адам баласы өзінің ризығын алмай бұл фаниден қайтпайды...», – дейді. Яғни, әрбір жұмыр басты пенденің бұл ғұмыр-дариядан өзіне өлшеулі несібесін алатыны хақ. Осы себептен де атам Қазақ: «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» деген ғұмырлық тәжірибеге негізделген қағидамен өмір сүрген.

Шынтуайтында, мұсылман баласы ризықты Жаббар Хақтың жазатынын біліп, өз несібесіне ие болу үшін қал-қадерінше еңбектенеді. Ал, Ұлы Жаратушы төккен терің, жасаған амалыңа қарай ризық-несібеңді береді. Тәңір-Хақ – әл-Адл, яғни, Жаббар Иеміз – әділеттілердің әділеттісі! Ол кімді жарылқаса да, жазаласа да кемел әділеттіліктің Иесі. Бұл туралы Алла Тағала Құран-Кәрімде:

«Алла құлдарынан кімді қаласа, несібесін кеңітеді де тарылтады. Күдіксіз Алла әр нәрсені толық біледі» (Ғанкабут сүресі,62 аят) деп бұйырады. Яғни, Ол аз немесе молынан ризық-несібені таттырса да жарылқаушы һәм несібеңді кемітпей беруші. Әрі сол ризық-несібені иеленуге күш-қайрат пен қабілетті беретін де Ұлы Жаратушы! Тек жұмыр басты пенде өз ризық-несібесін тауып жеуде – Алла Тағала тарту еткен қабілет-қарыммен аянбай тер төгіп, еңбек етуі тиіс. Бұл тіршілік аксиомасы!

Иә, адам баласы кемел сана мен тіршілікке икемді қабілет иесі болғандықтан, дәйім нан талап қып, еңбек етуі қажет. Тіршілік етуге қабілет-қарымы бола-тұра шарасыздық танытып, жарлы-жақыбайдың күйіне түсу – ар көтермейтін сын.

Бірде Алла Елшісіне ансарлардан бір сахаба қайыр сұрайды. Хақ Елшісі әлгі ансардан үйінде қандай мүлкі бар екенін сұрайды. Ол бір ғана төсенішінің және су ішетін ыдысаяғының бар екенін айтады. Тәңір Елшісі: «Осы мүлкіңді алып кел», – дейді. Ансар үйдегі сол бұйымын дереу алып келеді. Хақ пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол бұйымдарды ашық сатылымға шығарады. Бір алымсақ бір дирхамға, келесі алымсақ екі дирхамға бағалайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) төсеніш пен ыдысаяқты екі дирхамға сатып, пұлын иесіне беріп: «Бір дирхамға бала-шағаң үшін қорек ал, бір дирхамына ара сатып алып, оны маған алып кел», – дейді. Жарлы сахаба Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұйырғанындай бір дирхамды отбасына жұмсап, бір дирхамға ара сатып алып келеді. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араға сап жасап беріп, онымен отын жинап, соны сатуды және он бес күннен соң қайта келуді бұйырады. Жарлы сахаба арасымен отын жинап, оны сата бастайды. Уәделі уақытта Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, 10 дирхам кірісі бар екенін қуана жеткізеді. Хақ Елшісі тапқан табысына өзіне керек киім-кешек, азық-түлік алуға кеңес беріп: «Өстіп маңдай теріңмен табыс табуың ақырет  күні пешенеңдегі қайыршылық табынан әлдеқайда қайырлы. Тіленшілік тек шарасыз қалған жағдайда, қарызға белшесінен батқан немесе адамды құрдымға кетіретін кісі өлтірудің бодауын төлейтін жағдайларда ғана болады»  (Әнес б. Малик риуаят еткен) дейді.

Көріп отырғанымыздай Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ер-азаматтың алақан жайып, қайыр сұрағанын дұрыс көрмей, қара жұмыс істесең де, қара терге малшынып, адал еңбек етіп, табыс табуды жөн санаған. Алла Тағала Құран-Кәрімде:

«Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар.» (Бақара, 172) деп азықтың халалын ғана емес, адал кәсіп етіп, маңдай термен табыс табуды меңзеген һәм бұйырған. Иә, сонда ғана біздің тапқанымыз «ризықтың жақсысы» болмақ. Атам қазақ та: «Үдере көшкен уығын сындырады, еңбекке жегілген жұмысын тындырады» дейді. Яғни, жемісті жұмыс жасасаң, бейдауа ғұмыр кешпей, өмірің келісті болатыны дәлелдеуді қажет етпейтін өмір заңдылығы.

  Осы тұрғыда Хақ Елшілері өз қауымдарына қалай үлгі-өнеге бола алған еді? Бір-екі мысал берер болсақ:

Задында, пайғамбарлар – Ұлы Жаратушының қалауымен ерекше зүбәражат жаратылған адамзаттың иір бұтақ ардақтылары болып саналады. Пайғамбарлар мұқым ғалам үшін илаһи нығмет һәм адамзаттың бақ құсы десек асыра айтқандық емес. Хақ Елшілері Жаббар Хақтың бұйырған илаһи үкімдерін мұртын бұзбастан қаз-қалпында сақтап жеткізіп, оны қалай ұғып, қалай тұтыну керектігін үйретуші – тәлімгерлер. Олардың ұлы миссиясы – илаһи хақиқатты паш ету болғандықтан, пайғамбарлар бұл міндетті мінсіз атқарған.

Пайғамбарлар дінбасы болғанымен, олар дінді дүние ісіне пайдаланбаған. Олар әрдайым алушы емес, беруші қол бола білген. Мысалы, пайғамбарлар тізбегінің алтын арқау, күміс жалғауы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген» деп, теміршілік кәсіптің пірі болған әзіреті Дәуіт пайғамбардың еңбекқорлығын өзгелерге өнеге етіп көрсеткен болатын.

Әсілі, әзіреті Дәуіт әрі пайғамбар әрі ел билеген әмірші еді. Мәшһұр ғұлама Имам Құртуби әзіреті Дәуіт пайғамбардың теміршілік кәсіпті игеруіне мына оқиғаның түрткі болғанын айтады:

«Әзіреті Дәуіт пайғамбардың қарапайым киім киіп, көшеге шығып, жұртшылықтан: «Дәуітті қандай адам деп ойлайсыз?» деп сұрайтын ғадеті бар еді. Бірде Жәбірейіл періште жас адамның кейпіне еніп, онымен бетпе-бет ұшырасады.

Әзіреті Дәуіт: – Әй, жігітім! Дәуіт туралы қандай пікір айтасың?
Жәбірейіл періште: – Дәуіт ізгі адам. Дегенмен, оның бір кемшілігі бар.
Әзіреті Дәуіт жалма-жан: – Ол қандай кемшілік еді? деп уәждің сырын білгісі кеп сауал тастайды.
Жігіт кейпіне енген Жәбірейіл періште: – Дәуіт күн-көрісін мемлекет қазынасынан айырады. Әсілі, пенделердің еңі ізгісі өз бейнетімен табыс тапқан кісі , – дейді.

Орынды сын естіп, ағыл-тегіл жылаған әзіреті Дәуіт көз жасына ерік береді. Сосын: «Уа Жаратушы Ием! Мені мемлекеттің қазынасына масыл етпейтін, өз ішіп-жемімді өзім табатын кәсіп үйрет көр!» деп жалбарынады. Жаббар Хақ елшісінің сұрағанын қабыл қылып, әзіреті Дәуітке сауыт жасауды үйретеді. Сөйтіп, әзіреті Дәуіт темірді иіп, одан сауыт жасайтын темірші ұстаға айналады.

Жалпы, пайғамбарлардың дені күн-көрісін айыру үшін белгілі-бір мамандықтың иелері бола білген. Айталық, алғашқы тіршілік иесі әрі ілкі пайғамбар әзіреті Адам – диқаншы, әзіреті Нұх – ағаш шебері, әзіреті Ыдырыс – тігінші, әзіреті Ибрахим – маташы, әзіреті Дәуіт – темірші, әзіреті Сүлеймен – себет тоқушы, әзіреті Зәкария – ағаштан түйін түйген ұста, әзіреті Иса – дәрігер, әзіреті Худ пен әзіреті Салих – саудагер, әзіреті Әюб – бағбан, әзіреті Мұса мен әзіреті Шұғайып қой баққан шопан болған. Яғни, Алла Елшілері өз азықтарын өз еңбектерімен тауып, отбасыларын өздері асырап баққан. Ешкімге салмақ салмай, ішкен асына адал болғандықтан, оларды көпшілік пір тұтқан.

Ал, Пайғамбарлық нән сораптың қаранары, ілкі ислам көшбасшысы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай кәсіппен шұғылданған еді?

Дүние есігін ашпай тұрып әкесінен, алты жаста анасынан, сегіз жаста атасы Әбдумуталиптен айырылып, одан соң көкесі Әбу Тәліптің қамқорылығында өскен Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаршадайынан еңбек етті. Ол алғаш рет шопан болып еңбек еткен еді. Иә, шопандық оның пайғамбарлық ұлы миссияны атқармас бұрын басынан кешірген ұлы еңбек мектебі еді. Қой қайырып, мал күзеткен сол күндері туралы пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Алла шопандық жасамаған ешқандай пайғамбарды жібермеген», деп шопандық кәсіптің артықшылықтарын айтып беретін.

Сахабалары:
– Уа, Алланың Елшісі! Сен де (шопан) ме?», – деп сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Иә, мен де Меккенің Карарит деген жерінде қой бақтым, – деген болатын.

Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімдіктің қасіретін тарта жүріп, сегіз жасында-ақ көкесі Әбу Тәліпке масыл болмай, кәсіп қылды. Бұл сөз жоқ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзат баласын ерінбей еңбек етуге үндеген сұлу сүннеті еді.

Тарихи деректерде Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ер жетіп, жиырма үш жасқа толғанда Меккенің бай саудагер әйелі Хадиша бинти Хуалидпен мудараба келісімі негізінде керуенбасы болып, сауда-саттық жасағандығы айтылады. Мудараба деп – капитал мен еңбекті ортақтастырып, кәсіп жасауды айтамыз. Бұл келісім түрі араб қоғамында Исламға дейінгі сауда-саттық саласында кеңінен қолданысқа ие-тін. Кейін Ислам шариғаты да мудараба келісімін құптаған еді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауда-саттыққа қалай араласқан еді?

Хадиша анамыз халықаралық сауда-саттық жасай алатын білікті һәм дипломат адам іздеген болатын. Себебі, Хадиша анамыз осы жолы өте ірі көлемде жүк тиеген керуенді» Сирияға жібермек болады. Осы іске Хадиша анамыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) керуенбасылыққа тағайындайды. Оған серік әрі бақылаушы етіп Майсара атты қызметшісін қосып жібереді.

Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауда есептеріне өте мұқият еді. Тіпті, ішкен бір кесе суының да есебін жасайтын. Бірде Майсара керуенбасының есепке беріліп кеткенін көріп:

– Әй, Мұхаммед! Бірнеше сағаттан бері ненің есебін шығара алмай жатырсың?
– Әй, Майсара! Керуеннің есептері мен өзімнің жеке есептерімді бөлген едім. Алайда, қалай екенін білмеймін, кішкене араласу байқалады. Керуеннің ақшасы менің ақшама қосылып кетті ме? Әлде менің ақшам керуеннің ақшасына қосылып кетті ме? Білмеймін. Осылай күмәнданып, басымды қатырғанша сен куә бол – өз ақшамды керуеннің ақшасына қосамын. Керуеннің бір дирхамы маған өткенше, менің дирхамым керуеннің есебіне өтсін,
 – деп жауап береді.

Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұқыптылығына һәм есепке деген кіділіген таңырқаған Майсара тілі байланып, үн-түнсіз қалады. Шынтуайтында, Майсара қанша жылдан бері сауда керуеніне еріп жүріп, дәл «Мұхаммед Әминдей» (Сенімді Мұхаммед) ішкі тазалығы жоғары дегдар жанды көрген емес еді.

Осы тұста айтып өтетін жайт, сол замандағы үрдіс бойынша саудагерлердің көпшілігі затын өткізу үшін ант-су ішіп жататын. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болса, жоғарыда айтып өттік, сауда жасағанда, ант су ішпей-ақ алымсақты сендіре алатын. Шам базарында осыны аңғарған бір яһуди саудагері Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккенің ең атақты пұттары Лат пен Уззаның атынан ант етуін сұрайды. Жаңа ғана күлімсіреп тұрған Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түрі қара күреңтіп, өзгеріп, қабағы түйіліп, даусы да өзгеріп сала береді. Сонда, Шамның базары болашақ пайғамбардың мынадай қатқыл, кесімді сөздерін естіді:

– Сен мен сенбеген, жансыз нәрселердің атынан мені ант етуге шақырып тұрсың ба? Мен сүйкімсіз пұттардың атынан ешқашан ант етпеймін.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арайлы дауысын естіген Шам базары әп-сәтте илаһи реңкке бөленіп, басынан мүлде басқа рухани күйді кешіреді. Әлгі, яһуди саудагер болса, таңданған күйі базардан ұзай береді.

Сөйтіп, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұйдасын ұстаған сауда керуені шылқыған мол табыспен Меккеге келеді. Ол  қылдай қате жіберместен, Хадиша анамызға асқан ұқыптылықпен өз есебін тапсырады. Хадиша анамыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше мұқиятттылығына, шынайылығына тәнті болады. Хадиша анамыз шексіз разылық танытып, керуенбасы Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әу баста келіскен еңбекақыдан артығымен төлеп, қосымша түрлі сыйлықтар тарту етеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үзеңгілес серіктерін және мұсылман қауымын әрдайым өз маңдай терімен нәпақа табуға үндеген. Мұсылманның қас сипатының бірі ретінде қанағатшыл болуды, мүсәпір күйге түсіп, алақан жайып, ешкімге кіріптар болмау керектігін насихаттаған. Тіпті, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өнегелі өмірімен жеке тұлғаның әлеуметтік-экономикалық жай-күйі қалай болу керектігін де үйреткен.

Сахабаларының бірі:

– Уа Алланың Елшісі! Маған қайырлы бір іс туралы айтсаң. Ол істі жасағанымда Алла да, адамдар да жақсы көрсін!», дейді.

Хақ Елшісі:

– Дүниеқұмар болма. Сені сонда Алла жақсы көреді. Өзгенің мүлкіне сұқтанба, сонда адамдар да сені жақсы көреді, – деп жауап береді.

Рафи Бин Хадиждің риуаяты бойынша сахабалардың бірі Алла Елшісінен: Уа, Алланың Елшісі! Қандай табыс адал (таза)?» – деп сұрайды. Сонда Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Адамның маңдай тері төгілген заңды сауда – ең таза табыс», – деп жауап береді.

Парасат падишасы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадис-шарифінде үмбетін адал сауда-саттық һәм еңбек етуге үндеп: «Ризықтың оннан тоғызы саудада. Ал, оннан бірі түйе мен сиыр тәрізді ірі қара немесе қой мен ешкі сияқты ұсақ малдарда», деп бұйырған.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына адал сауда-саттық жасауды Хақ жолында жасалған жиһад деп суреттеген. Хадиске нақты тоқталатын болсақ: «Өзің және отбасың үшін адал еңбек ет. Өйткені, бұл – Алла жолындағы бір жиһад. Біліп қой, Алланың көмегі заңды саудамен бірге», деп айтылған. Тіпті: «Әділ және сенімді саудагерлер – пайғамбарлар, адал адамдар және шәйіттермен бірге» деп адал кәсіптің сауабы мол екенін жеткізеді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір айтқан діни үкімді алдымен өзі мүлтіксіз іске асыратын. Қанағатшылдық һәм адал маңдай термен еңбек ету туралы да сахабаларына не айтса, бірінші өзі сол істе амалымен үлгі болатын. Оның сонау балалық шағынан бастап, Мәдинада Ислам мемлекетін құрып, көз жұмғанға дейінгі өнегелі өміріне назар салсақ,  сөзі мен ісінің сабақтасып жатқанына, тірі жаннан садақа алмағанына көз жеткізе аламыз. Жақсылықтың жаршысы болған Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұқым мұсылман баласын масыл болудан сақтандырып, керісінше өз еңбегімен өмір сүруге үндеген. Осы себептен де, саңлақ сахабалар тіршіліктің ауыр тауқыметін тартса да, кісі қолына қарап күн кешуден барынша алыс тұратын.

ХХ ғасыр – ғылыми технократияның дамыған дәуірі. Бұл дәуірде жұмырбасты әрбір пенде заманға сай кәсіп иесі болумен дәуір тудырған бәсекеге лайықты азамат бола алады. Осы бәсеке алаңында мұсылман баласына өз саласының майталманы болумен қатар адал әрі қағілез бола білуі керек. Өйткені, масылдық – ислам діні құптамаған іс. Ал, алақан жайып қайыр сұрау – азаматтыққа сын. Сол себепті, әрбір мұсылман азамат Аллаға иланып, нар-тәуекел етіп, өз табиғаты мен болмысына лайықты адал кәсіп иесі болуы шарт. Осы жолда Алла Тағала баршамызға ада ләрі шынайы болу білуді жазғай!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру