Дуаны сиқырмен емдеу дұрыс па?
Ассаламу алейкум! Менің жағдайы жақсы отбасынан шыққан досым өмірден түңіліп, өзіне-өзі қол жұмсамақ болды. Ешкіммен араласпай, ата-анасы және жора-жолдастарымен сөйлеспей қойды. Бұл оның дуалануы себепті болуы мүмкін бе? Дуаны сиқырмен қайтаруға бола ма? Жалпы сиқырмен емделуге рұқсат етіле ме?
Жауап
Уа алейкум ассалам!
Сиқыр немесе дуаланған адамды сиқырмен емдеуге болмайды. Өйткені, жаман жаманмен қайтарылмайды. Себебі, сиқыр – күпірлік. Күпірлік күпірлікпен жойылмайды. Жамандықты тек жақсылықпен жоюға, емдеуге болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) нушра – сиқырмен дем салу жайлы сұрағанда, «ол – шайтанның ісі», - деп жауап берген. Адам сиқырды шайтан арқылы үйренеді. Сиқыр тек шайтанға құлшылық етумен, оларға қызмет жасаумен бойға дариды.
Сиқыр және дуаны емдеудің жолдары – Құран Кәрім оқу, шариғи дем салу және медицина. Хадисте: «Әрбір дерттің дауасы бар. Егер дауа дертке дөп тисе, Алланың қалауымен ауруына ем табады[1]»,-деген. Сонымен бірге, «Алла жіберген әрбір дертке оның шипасын да жіберген[2]»,-делінген.
Дем салудың көптеген пайдасы және жақсылығы бар. Сиқырдан ем ретінде Құранның ең ұлық сүресі Фатиханы оқыған абзал. Бұл орайда, Фатиханы қайта-қайта тиләуат еткен дұрыс. Фатиха сүресімен бірге, Аятул Курси, Ықылас, Фалақ, Нәс және басқа да шипалы сүрелер мен аяттарды оқуға болады. Бұған қоса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дем салғанда оқыған дұғалар бар. Мысалы, Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен дұға:
اللهم رب الناس ، أذهب البأس ، واشف أنت الشافي لا شفاء إلا شفاؤك شفاء لا يغادر سقماً
«Аллаһуммә Роббән нәс, әзһибил бәс, уәшфи Әнтә әш-Шафи, лә шифәә иллә шифәук, шифәән лә юғодиру сәқомән[3]» (Уа, Алла! Адамдардың Раббысы! Зиянкесті кетір. Шипа бер, Сен – Шәфи, шипа берушісің. Сенің берген шипаңнан басқа шипа жоқ. Дерт пен сырқаттан құлан-таза айықтыратын шипа бер).
بسم الله أرقيك ، من كل شيء يؤذيك ، ومن شر كل نفس أو عين حاسد الله يشفيك ، بسم الله أرقيك
«Бисмилләһи урқикә, мин кулли шәйин юузикә, уә мин шәрри кулли нәфсин әу ъайнин хасидин Аллаһу яшфикә, бисмилләһи урқикә[4]» (Алланың атымен саған дем саламын. Саған зиян тигізетін әрбір нәрсеге қарсы. Әрбір жанның немесе көздің жамандығынан Алла саған шипа береді. Алланың атымен саған дем саламын). Бұл дұғаларды үш немесе одан көбірек оқуға болады.
Сиқырға қарсы оқылатын аяттарды суға оқып, науқасқа ішкізуге болады. Бұл аяттар:
وَأَوْحَيْنَا إِلَى مُوسَى أَنْ أَلْقِ عَصَاكَ فَإِذَا هِيَ تَلْقَفُ مَا يَأْفِكُونَ. فَوَقَعَ الْحَقُّ وَبَطَلَ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ.فَغُلِبُوا هُنَالِكَ وَانْقَلَبُوا صَاغِرِينَ.
«Уә әухайнә илә Мұса ән әлқи ъасокә фәизә һиә тәлқофу мә иафикун. Фә уәқоъәл хаққу уә бәтолә мә кәну әъмәлун. Фә ғулибу һунәликә уәнқоләбу соғирин[5]»;
ائْتُونِي بِكُلِّ سَاحِرٍ عَلِيمٍ. فَلَمَّا جَاءَ السَّحَرَةُ قَالَ لَهُمْ مُوسَى أَلْقُوا مَا أَنْتُمْ مُلْقُونَ. فَلَمَّا أَلْقَوْا قَالَ مُوسَى مَا جِئْتُمْ بِهِ السِّحْرُ إِنَّ اللَّهَ سَيُبْطِلُهُ إِنَّ اللَّهَ لَا يُصْلِحُ عَمَلَ الْمُفْسِدِينَ. وَيُحِقُّ اللَّهُ الْحَقَّ بِكَلِمَاتِهِ وَلَوْ كَرِهَ الْمُجْرِمُونَ
«Итуни бикулли сахирин ъәлим. Фә ләммә жәәс-сахарату қолә ләһум Мұса әлқу мә әнтум мулқун. Фә ләммә әлқоу қолә Мұса мә житум биһис-сихру иннә Аллаһа сәюбтылуһу иннә Аллаһа лә юуслиху ъәмәләл-муфсидин. Уә юхиққу Аллаһул хаққа бикәлимәтиһи уә ләу кәриһәл мужримун[6]»;
قَالُوا يَا مُوسَى إِمَّا أَنْ تُلْقِيَ وَإِمَّا أَنْ نَكُونَ أَوَّلَ مَنْ أَلْقَى. قَالَ بَلْ أَلْقُوا فَإِذَا حِبَالُهُمْ وَعِصِيُّهُمْ يُخَيَّلُ إِلَيْهِ مِنْ سِحْرِهِمْ أَنَّهَا تَسْعَى. فَأَوْجَسَ فِي نَفْسِهِ خِيفَةً مُوسَى. قُلْنَا لَا تَخَفْ إِنَّكَ أَنْتَ الْأَعْلَى. وَأَلْقِ مَا فِي يَمِينِكَ تَلْقَفْ مَا صَنَعُوا إِنَّمَا صَنَعُوا كَيْدُ سَاحِرٍ وَلَا يُفْلِحُ السَّاحِرُ حَيْثُ أَتَى.
«Қолу иә Мұса иммә ән тулқиә уә иммә ән нәкунә әууәлә мән әлқо. Қолә бәл әлқу фәизә хибәлуһум уә ъасыюһум юхайиалу иләйһи мин сихриһим әннәһә тәсъә. Фә әужәсә фи нафсиһи хифәтән Мұса. Қулнә лә тәхоф иннәкә әнтәл әълә. Уә әлқи мә фи яминикә тәлқоф мә сонәъу иннәмә сонәъу кәйду сәхирин, уә лә юфлихус-сәхиру хайсу әтә[7]».
Осы аяттарды суға дем етіп салып, ішкізу қажет. Бұған қоса, Фатиха, Аятул-Курси, Ықылас, Фалақ және Нәс сүрелерін де оқыған дұрыс. Бұл тәжірибеден өткен шариғи тәсілдер. Әрине, дем салушы тақуа болғаны жөн.
Кейде науқас дертінен айықпауы мүмкін. Өйткені, дәм-тұзы таусылып, бұл дерт оның ажалына себеп болуы мүмкін. Алайда, өлім төсегінде жатқан адамға да дем салу адамға жеңілдік береді.
Руслан Камбаров
[1] Муслим
[2] Бұхари
[3] Бұхари
[4] Муслим, Байһақи
[5] Ағраф сүресі, 117-119 аяттары
[6] Юнус сүресі, 79-82 аяттары
[7] Таһа сүресі, 65-69 аяттары