Үйден шыққанда қандай дұға оқылады?

25 наурыз 2020 14546 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Үй босағасын түрлі себептермен аттап көшеге шығамыз. Біреу жұмысқа, ал біреу оқуға дегендей. Күніміз сәтті өту үшін үйден шыққанда қандай дұға оқу қажет? 


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Үйден шыққан адамның ойында сан алуан шаруа тұратыны рас. Бір жағынан жұмысы, бір шетінен үйге қажетті азық-түлігі, қала берсе ағайын-туыс пен көрші-қолаңға қатысты шаруасы. Тіршілік қамы деп жүріп зиянға ұшырамау үшін, басқа біреуге залалы тимеу үшін үйден шығар алдында сәл кідіріп, жұмысына және де басқа іс-әрекетіне Жаратушы жар болып, жеңіл де оңай етуін сұрағаны дұрыс.

Үмму Салама (р.а.) риуаят етеді:

اللَّهُمَّ أَعُوذُ بِكَ أَنْ أَضِلَّ، أَوْ أُضَلَّ، أَوْ أَزِلَّ، أَوْ أُزَلَّ، أَوْ أَظْلِمَ، أَوْ أُظْلَمَ، أَوْ أَجْهَلَ، أَوْ يُجْهَلَ عَلَيَّ

(Аллаһумма әғузу бикә ән адиллә әу удоллә, әу әзиллә әу узәллә, әу азлимә әу узләмә, әу әжһәлә әу южһәлә ғаләйә).

«Уа, Алла! Сенен адасудан немесе адастырудан, біліп-білмей күнә жасаудан немесе біреудің күнә жасауына себепкер болуда, зұлымдық жасаудан немесе зұлымдық көруден, дөрекілік етуден немесе дөрекілік көруден сақта деп пана сұраймын»[1]. Бұл – пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үнемі айтып жүрген дұға.

Әнас бин Малик (р.а.): «Кісі үйінен шығар болса:

بِسْمِ اللَّهِ تَوَكَّلْتُ عَلَى اللَّهِ، لاَ حَوْلَ وَلاَ قُوَّةَ إِلاَّ بِاللَّهِ. 

(Бисмиллә тәуәккәлту әлә Алла. Лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ)

«Алла атымен, Аллаға тәуекел еттім. Күш-құдірет пен шама-шарқы тек Алладан», – деп айтсын. Сонда оған (періште тарапынан): «Тура жол таптың, уайым-қайғың сейілді, дұшпанның зияндығынан қорғалдың», – деп айтылады...», – деп риуаят етеді.

Осы дұғаларды үнемі оқып жүру адамды пәле-жаладан қорғайды. Сонымен бірге, басқаларға да жамандығымыз тимеуге ықпал етеді.

 


[1] Әбу Дәуід, Насаи, Ибн Мәжә

Тегтер: дұға
Пікірлер Кіру