Фамилияны өзгертуге бола ма?

02 тамыз 2018 16211 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум, мусылман бауырлар. Сіздерден бір маңызды нәрсе сұрағым келген еді. Негізі, фамилия ауыстыруға бола ма? Мен бұрынғы туған әкемнің фамилиясындамын. Сол фамилияны қазіргі әкемнің фамилиясына өзгертсем бола ма? Қазіргі әкем кішкене кезімнен бері тәрбиелеген, қиын кезде досым болған...


Жауап

Уа алейкум ассалам. Жалпы, фамилия деген – адамның кім екенін көрсететін нәрсе. Ол адамның әкесі, ата-бабасы, руы, керек десеңіз ұлтының кім екенін баяндайды. Себепсіз фамилиясын өзгерту дұрыс емес. Себебі, Алла Тағала Құран Кәрімде: «ادْعُوهُمْ لِآبَائِهِمْ» (Оларды әкелерімен шақырыңдар[1]), – деген. Алайда, фамилияңызда әкеңіздің аты болса, оны атаңыздың, арғы атаңыздың немесе әкеңіздің әуелгі аты ұмытылып, танымал болып кеткен кейінгі аттарына ауыстырсаңыз болады. Себебі сіз әкеңізге де, әкеңіздің әкесіне де, арғы аталарыңызғы да бірдей ұрпақ болып саналасыз. Бірақ, бір әулеттің жемісің өзгеге бұрып жіберу зұлымдық болады.

Сонымен қатар, адамның әкесінің кім екеніне қарай шариғаттың ол адамға қатысты үкімі анықталады. Себебі, кімнің-кімге үйлене алатыны, кімнің кімге махрам болатыны, кімнің кімнен мирас алатыны, қайда жерленетіні сынды т.б. мәселелер адамның тегімен (фамилиясымен) тығыз байланысты.

Ал, қазіргі әкеңіз сізді жақсылап бағып-қағып тәрбиелеген болса, оның сыйы, ақысы фамилияны өзгертумен болмайды. Оның өтемі – оның сізге жасаған жақсылығын мүмкіндігінше, керек болса, есесімен қайтаруыңызбен орындалады. Әрі жетім баланы бағушы адамға ақыретте Алла Тағала Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге көрші болу бақытын сыйлаған.

Тоқетері: фамилияңыз өзіңіздің туған, биологиялық әкеңізбен қалсын, өзгертпеңіз.

Ең дұрысы Аллаға мәлім.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Ахзаб 5

Пікірлер Кіру