Миғраж кешін атап өту дұрыс па?

26 ақпан 2022 6412 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Исра және миғраж кешінде арнайы жасалатын құлшылық бар ма? Бұл кеште ғибадат ету бидғат па?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ережеп айының 27-ші кешінде Исра және Миғраж оқиғасы орын алды. Исра – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам мешітінен Ақсадағы Байтул-Мақдис мешітіне жасаған сапары. Ал, миғраж – жеті қат аспанға көтерілуі.

Ережеп айының бұл кешін ғибадатпен өткізуге ешбір тыйым жоқ. Ең бастысы – Құран тиләуат ету, зікір жасау және намаз оқу сияқты шариғатта құп саналған құлшылықтармен айналыса отырып, қайшы амалға жол бермеу. Өйткені, шариғатта бұған тікелей тыйым жоқ.

Ал, «Кімде-кім бұл істе (дінде) бір жаңалық істесе, ол кері қайтарылады» деген хадиске келер болсақ, бұл өсиетте барлығы емес, кері қайтарылған және қабыл етілмеген жаңалық жөнінде айтылған. Ал, көпшілік құп санаған және мұсылман қоғамы тарапынан қабыл етілген жаңалықтарға тыйым жоқ.

Мәселен, Біләл (р.а.) әр дәрет алған сайын артынан екі ракағат намаз оқитын болған. Сондай-ақ, Мұғауия (р.а.) рукуғтан тұрған кезде «Роббәнә уә ләкәл хамд...» деген зікір айтқан. Ал, бұл екі жайттан хабардар болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі сахабаға да сүйінші хабар жеткізген. Тыйым салмаған.

Қорыта айтқанда, қай уақытта болса да Құран тиләуат ету және нәпіл ғибадатпен айналысуға шариғатта тыйым салынбайды.

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру