Ризықты қалай арттыруға болады?

09 қараша 2021 7630 0
Оқу режимі

Мұсылман адамға ризық-несібесін молайтуға себеп болатын нәрселер бар ма? 


Жауап

Алла Тағала және Оның Елшісі (с.ғ.с.) бізге ризықты арттыратын нәрселерді баяндап берген. Ол үшін төмендегі себептерді жасап, оған сай әрекет ету керек:

1) Тақуалық әрі Алладан шынайы қорқу. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Ал кім Алладан қорықса, оған (қиындықтан) шығар жол жасайды. Әрі (Алла) оған ойламаған жерден ризық береді. һәм кім Аллаға тәуекел етсе, Ол оған жеткілікті! Шындығында, Алла – Өз ісін (ақырына дейін) жеткізуші. Алла әрбір нәрсенің мөлшерін белгілеген»[1].

2) Туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болу. Әнас ибн Мәліктен жеткен риуаятта ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын естідім дейді: «Кімде-кім ризық-несібесінің молаюын әрі өмірі ұзақ болуын қаласа, туыстарымен қарым-қатынасын үзбесін»[2].

3) «Истиғфарды»[3] көп айту. Алла Тағала Құранда: «Һәм (оларға) былай деді: «Раббыларыңнан кешірім сұраңдар, расында, Ол Аса Кешірімшіл! (Сонда) (Алла) сендерге аспанды [жаңбырды] нөсерлете жібереді, һәм сендерді мал-мүлікпен және балалармен қолдайды да, сендер үшін (жер бетінде) бақтар жасайды әрі сендер үшін өзендер жасайды»,[4] - дейді.

4) Дұғаны көбірек жасау.Әли (р.а) жеткен риуаятта оған бір «Мукатиб»[5] келеді де: «Мен мына келісімді ары қарай жалғастыруыма шамам келмей жатыр, маған көмектес», – деп сұрайды. Әли (р.а.): «Мен саған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) маған үйреткен сөздерді үйретейін бе? Егер сенің таудай қарызың болса да, (ол дұғаны айтып жүрсең) Алла қарызыңнан құтқарады. Ол: «Аллаһуммә әкфини бихаләликә ән харамика уә ағнини би фадликә аммән сиуакә». «Я, Раббым! Мені халалға қанағат етіп, харамдардан сақтанатын ете гөр және ұлылығыңмен Сенен басқаға мұқтаж болудан сақтай гөр» - деп айтуың»[6] - дейді.

 


[1] «Талақ» сүресі, 2-3 аяттар.
[2] Бұхари риуаяты.
[3] Яғни, Аладан кешірім сұрап, өзіне жарылқау тілеу.
[4] «Нұһ» сүресі, 10-12 аяттар.
[5] Қожайынымен белгілі қаражатқа бас бостандығын алуға келісім жасаған құл.
[6] Термизи риуаяты.

Автор: Fatua.kz – ҚМДБ Шариғат және Пәтуа бөлімі

Пікірлер Кіру