Бармен болу шариғатқа қайшы ма?

05 қаңтар 2021 7882 0
Оқу режимі

Ассаламуағалейкум! Бармен жұмысын атқарамын. Яғни ішімдік арасында 3 жыл болды. Өзім мүлдем арақ-шарап аузыма алған емеспін, темекі тартпаймын. Бойдақпын. 25 жастамын. Табысымды адал жолға жұмсаймын. Алайда, осы қызметім дұрыс па? Сол жайлы ақыл-кеңестеріңізді айтсаңыздар!


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Құран Кәрімде: «Ей, мүміндер! Мас ететін ішімдік және құмар ойындары әрі табыну үшін қойылған нәрселер және бал ашатын таяқшалар – жиіркенішті дүниелер әрі шайтанның ісі. Мұраттарыңа жету үшін оларға жоламаңдар. Ақиқатында, шайтан мас ететін ішімдік пен құмар ойыны арқылы араларыңа дұшпандық пен жек көрушілік салып, сендерді Алланы еске алудан және намаз оқудан тосуды қалайды. Ендеше, тыйыларсыңдар?»[1] – деп, арақ-шараптың харамдығы және оның себебін түсіндіруде.

Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларының бірі Ибн Аббас (р.а.) «Арақ-шарап харам болғаны жайлы аят түскен кезде сахабалар бір-біріне «арақ-шарап харам болды, серік қосуға теңелді» деп құлағдар етті», – деген.[2]

Ал, мына хадисте: «Арақтың өзі, ішуші, құюшы, сатушы, сатып алушы, арақты өндіруші, өндіруге тапсырыс беруші, тасымалдаушы, тапсырыс етіп алдырушы және арақтан түскен табысты жеуші лағынетке ұшыраған»,[3] –делінген. Міне, бұл хадисте арақ-шараппен қоса, арақтың төңірегінде жүруі ықтимал он түрлі адамның лағынетке қалатындығын баяндалып тұр.

Өйткені, ішімдіктің салдарынан қаншама адамдар денсаулығы мен өмірінен айырылуда. Арақ ішуші немесе сатушы тікелей немесе жанама түрде өзінің және басқалардың өміріне балта шабады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Арақ-шараптан аулақ жүріңдер. Өйткені, ол –  жамандық атаулының анасы. Кімде-кім бұдан аулақ жүрмесе, Аллаға және Елшісіне қарсы шыққандықтан азапқа лайық болады...», – деп текке айтпаған.


[1] Маида сүресі, 90-91 аяттар
[2] Табарани
[3] Әбу Дауд

 

Пікірлер Кіру