«Әзірет Сұлтан» мешітінің еріктілер тобы науқас балаларға сыйлық жасады (ФОТО+ВИДЕО)

15 маусым 2019 8903 0
Оқу режимі

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірттерінен құралған «Мейірім жүрегі» атты еріктілер тобы кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы» (КММ) науқас балаларды зиярат етіп, кішігірім мереке ұйымдастырып қайтты. Қасиетті жұма күні сүннет жаңғыртқан еріктілер тобымен бірге Muslim.kz порталының қызметкерлері де игі шараға атсалысып, балдырғандарға қуаныш сыйлады.

Топ мүшелерінің бірігуімен орталықтағы балаларға сыйлықтар таратылып, тәтті тағамдар мен жемістер берілді. Орталыққа қажетті жаялықтар мен сулы майлықтар қорын табыстады. Бәрінен бұрын бауырмал жүректің мейіріміне зәру балдырғандар үшін өздерін арнайы зиярат етіп келген аға-әпкелерінің аппақ пейілдері артық болғандай. Әр баламен жекелей танысып, бауырына басқан топ мүшелерінің ыстық сезімдері орталықтың аядай акт залын мерекелік күйге толтырды. Осылайша, орталықтағы кездесу балалардың бақытты күлкісіне толы өтіп, кетерлерінде қимай қоштасты. Аз ғана уақыттың ішінде аға-әпкелеріне бауыр басып үлгерген балалардың «енді қашан келесіздер?» деген сөзі – «Мейірім жүрегі» еріктілер тобының ай сайын осы орталыққа келіп, қайырымдылық шарасын өткізіп тұруға уағдаласуына жол ашты.

Қасиетті жұма күні қайырымдылық шарасын маздатқан «Мейірім жүрегі» еріктілер тобының құрылғанына да көп болмаған. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айы кезінде Бас мешітте қайырымдылық шараларының қатарын көбейте түсуге бастама көтерген болатын. Жақсылықта жарысуға үндеген имам уағызына амал еткен шәкірттер арасында осылайша бой көтерген «Мейірім жүрегі» еріктілер тобы бұған дейін мешітте өткен түрлі шараларға да өз үлестерін қосып үлгерген.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру