Жұма күнінің қасиеттері

19 сәуір 2019 30337 0
Оқу режимі

Жұма – аптаның сұлтаны, күндердің төресі, қасиетті күн. Алла Тағаланың қасында ең ұлығы. Жұма күні – Алла Тағала үшін Ораза айты мен Құрбан айтынан да ұлығырақ. Жұманың бес қасиеті бар: Жұма күні Алла Тағала Адам атаны (ғ.с) жаратты; осы күні Адам ата (ғ.с.) жерге түсті; осы күні Адам ата (ғ.с.) қайтыс болды; жұма күні бір сәт бар, ол сәтке дөп келген пенде Алла Тағаладан харамнан басқа не тілесе, соны береді; Қиямет жұма күні болады. Сондықтан, періштелер, аспан, жер, жел, тау, өзен-көл, теңіздер барлығы да жұма күнінен қорқады: шыққан күндердің ең жақсысы - жұма күні.

Жұма күні Адам ата (ғ.с.) жаратылды. Жұма күні жәннатқа кіргізіліп, жұма күні жәннаттан шығарылды, жұма күні оның тәубесі қабыл болды. Кімде-кім жұма күні толық ғұсылданып, жұма намазына бірінші болып келсе, бір түйені құрбандыққа шалғанның сауабын алады. Одан біраз кешігіп екінші болып келсе, сиырды құрбандық шалғандай сауап жазылады. Үшінші болып барған мүйізді қошқарды құрбандыққа шалғанның сауабына ие болады. Төртінші - басқалардың соңында барған бір тауықты сойып, оны садақа еткеннің, ең сонында намаз басталайын деп жатқанда барған адам бір жұмыртқаны садақа еткеннің сауабына ие болады. Имам хұтбаға шыққанда оның сөзін тындауға періштелер де келеді. Жұма күні болғанда періштелер мешіттердің есігінің алдында қаламдарымен келген жандарды жазып отырады екен. Егерде бір кісі жұма күні жұма намазының уақытынаң кешіксе періштелер тексеріп, бір-бірінен «Пәленше неге өз уақытынан кешікті?» деп сұрай бастайды екен.

Кейін періштелер осы намазға кешіккен кісінің атынан Аллаға истихса етіп: «Жаратқан Иеміз, егер ол пеңдене жұмаға келуіне кембағалдық кедергі еткен болса, оны байытқын. Егер де ауырып қалған болса, шипасын бергін, басына бір іс түскен болса, оны ғибадатың үшін құтқарған. Ал, енді оны пайдасыз болған ойы ойландырып қалған болса, оның жүрегін өзіңнің тағатыңа бұрғын», – деп дұға етеді екен.

Адамдардың жұма күні мешітке ерте баруына бір дәлел. Бірде Ибн Масғуд (р.а) жұма күні мешітке ерте барса, бұл кісіден алдын ала үш кісі келіп қойған екен. Сол уақытта Ибн Масғуд (р.а) өзіне-өзі кейіп, «төрт адамның төртіншісі болдың ба» деген екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде айтады: «Кімде-кім жұма күні немесе жұма күннің түнінде дүниеден өтетін болса, Алла Тағала оған мешіттің сауабын жазады және қабір сынағынан сақтайды».

Жұма күнінің мархабатын,сауабын үміттеніп ізденбеген кісіге жақсылық жоқ. Қайта оның ділін көр түйенің адасып жүргеніндей етіп қояды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Сондай-ақ, кім жұма намазды үш мәрте үзіліссіз қалдырса, Алла оның жүрегін мөрлеп қояды», – деген. Енді осы жоғарыда айтып өткен жақсы қасиеттеріне жетуіміз үшін Имам Ғазалидың «Ихия улумиддин» кітабында айтылған он әдепті есте сақтауымыз қажет:

1) Жұма күнінде қабыл болатын дұғаның қай уақытта екендігі белгілі болғандықтан, жұма күнінің жақсылығын бейсенбі күнінен бастап үміт ету керек. Бейсенбі күнінің намаздыгерінен кейін Аллаға тәспі, истиғфар айту және дұғалар жасау ләзім.

2) Жұма күнінің таңы айтқаннаң кейін құсыл етеді, яғни жуынады. Жұма күні жуыну-мустахаб делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балиғат жолына жеткен әрбір кісіге жұма күні жуыну– уәжіп»; «Сондай-ақ, кім жұма күні дәрет алса, дәрет алғанның саубын алады. Ал, кімде- кім жұма күні жуынса, жуыну -жақсырақ, яғни сауаптырақ», – деген. Осы сөздерге орай ғұламаларымыз: «Жұма күні жуыну – уәжіп», – деп айтқан.

3) Жүма күні жақсы киімдер кию. Киімдердің ең жақсысы – ақ түсті киімдер. Өйткені, «Аллаға киімдердің сүйіктісі – ақ киімдер», – делінген. Ал, қара киім кию сүннеттен емес, қайта ғұламаларымыз мәкрүк деген. Жұма күні сәлде кию – мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әлбетте, Алла және оның періштелері жұма күніндегі сәлде иелерін рахметімен бөлейді», – деген. Мисуақпен тістерін тазалау,шаштарын, тырнақтарын, мұрттарын қысқартады. Ибн Масғуд (р.а.) Пайғамбарымыздың мына бір хадисін жеткізеді: «Кімде- кім жұма күні тырнақтарын алса, Алла Тағала одан кеселін алып, шипасын береді», – деген.

4) Жұма күні жұма намазына ертерек бару. Ерте барудың уақыты таң атқаннан басталады. Жұмаға ерте бара жатқанда Алланың разылығын, сауабын алу және күнәсін кешіруін үміт ету қажет.

5) Мешітке кіргеннең кейін адамдардың үстінен аттап өтпеу.

6) Намаз оқып тұрған адамның алдынаң өтіп кетпеу.

7) Барынша алдыңғы сапта тұру.

8) Имам құтпаға шыққанда намазды және сөздерді доғару. Азан айтылғанда ішінен қайталап отыру және құтпаға құлақ салу. «Имам хұтба оқып тұрғанда орынсыз сөйлеген адамның жұмасы жұма болмайды», – деген.

9) Жұмаға келгенде басқа орындарда айтылып өтілген нәрселерге амал келтіру.

10) Екінті (асыр) намазын оқығанша мешітті тастап кетпеу. Міне, Алла жақсы көрген және оның Пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) жақсы көрген жұма күнінің қасиеттері көп. Әр жұмада осы айтып өткен қасиеттерін орындап, Алла Тағаладан үміт етейік. Алла Тағала пенделерім алсын деп нығметтерін шашып тұрғанда жұма намазына барып құлшылық, шүкіршілік етейік!

Ғайырфулла Қуанышбекұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру