Тағамға байланысты кейбір ырым-тыйымдар

29 қаңтар 2020 11306 0
Оқу режимі

«Асына қарап адамын таны» деп бекер айтылмаса керек-ті. Ендеше, дана халқымыздың тағамға байланысты ырым-тыйымдардың кейбірі төмендегідей.

1. Қызға кәрі жілік ұстатпайды – оң жақта көп отырып қалады. Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болады.

2. Дәм үстіне келіп қалған адам немесе бір нәрсе сұрап, анықтап білуге кірген адам асығыс болып, дәмге қарамайтын жағдайда астан үлкен еместігін білдіріп, қандай да бір дәмнен ауыз тиіп кетеді.

3. Тұзды бейберекет шашпайды, астың иманы – тұз деп қарайды.

4. Ішіп отырған шайға шама түссе – қонақ келеді.

5. Бiр жылда адамның көптеген арман тiлегi орындалып, мақсатына жетiп, табысқа кенелсе, сол жылды құт жылы санап ерекше еске алады. Осы жылы құт-береке ортаймасын деген ырыммен сол жылдың атауы болған жануардың басына ақ құйып, ырым жасайды.

6.  Егiннiң тұқымы үшiн бiреу қарызға дән сұраса ренжiмей бередi, дәндi адам емес, қара жер тiлеп жатыр деп ырымдайды.

7. Үйге кірген жыланды өлтірмей, басына сүт, айран, құйып шығару ырымы да бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы. Кейде үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құю жамандыққа жақсылықпен жауап берудің белгісі саналған.

8. Қалыптасқан дәстүр бойынша тамақты сол қолмен жемейдi – салдары жаманшылыққа апаруы кәдік.

9. Халқымыз түнде тамақтың бетiн жауып қояды. Ашық қалса, жаман, зұлым күш қонып, асты дуалап кетеді, оны жеген адам кеселге ұшырап, ұшынып, дерт жабысуы мүмкін деп сенген.

10. Әйел адамға малдың құты дарысын деп өңеш береді.

11. Ас. Тамақ ішіп отырғанда сырттан келген адамды «Мақтап жүреді екенсің!»,-деп құрметтеп жоғары шығарады,асқа шақырады.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру