Құран оқудың пайдасы

29 қаңтар 2019 45911 0
Оқу режимі

Құран – уақыт көші жылжыған сайын жасара, жаңара түсетін, қартаймайтын қасиетке ие жалғыз Кітап. Авторы Дара әрі Дана болған кітапты әрбір ашқан сайын жаңадан оқығандай әсер алып, тамсанасың, таңғаласың.Адамзатты тура жолға бастауға жіберілген, кемел адам қалыптастыратын қағидалардан тұратын Құранның бойында бізге құпия қаншама қазына жатыр десеңізші... Дегенмен, хадис мәтіндерінде, ізгі ғалымдар еңбектерінде өзгерту мен бұрмаланудан қорғалған, мұсылмандар үшін тура жол, мейірім әрі қуаныш болған Алланың сөзін оқудың кейбір пайдалары мен құндылықтары хабарланады.

ҚҰРАН ИМАНДЫ КҮШЕЙТЕДІ

Құран – Алланың берік тұтқасы әрі ашық нұры. Ол тұтқадан ұстағанды Алла Өзі сақтап, ол нұрға ергендерді Алла Өзі құтқарады. Жаратушы Құранның бір уақытта емес, белгілі уақыттар арасында бөлім-бөлім болып түсірілу себебін адамдардың жүрегіне иманды орнықтыру үшін деп хабарлаған: «Ал, күпірлік етушілер: «Оған Құран бірден түсірілсе еді?» деді. Біз жүрегіңдегіні онымен орнықтыру үшін оны осылай түсірдік және оны бөліп, ретімен (анық етіп) оқып бердік»[1]. Құран жүрекке иманды орнатып, Алламен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. «Әнфал» сүресінің 2-аятында: «Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)», – делінген. Құран жүрекке байсалдылық пен саламаттылықты орнатады. Сондықтан оны жамандықтар мен бүліктердің құйынды желдері теңселте қоймайды.

ҚҰРАН АДАМДЫ БАҚЫТТЫ ЕТЕДІ

Қазіргі психология пәнінің оқулықтарында «бақыт» термині – өз өмірінен қанағаттанушылық сезімін сезінген адамның психологиялық көңіл-күй ауаны деп түсіндіріледі. Демек, бақыт – жүрегің мен көңіліңнің тыныштыққа бөленуі. Жүрек түзелсе, өмір түзеледі: «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса қалған дүние түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек»[2]. Ал, жүрек Құран оқумен тыныштық таппаушы ма еді? «Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады»[3]. Тәпсір саласының бірқатар ғалымдары аяттағы «Еске алуды» Құран деп түсіндіреді. Құран аяттары және ондағы хикметті өсиеттермен танысқан жүрек онымен тыным тауып, орнығады. Өйткені, ол аяттар бұлжымас ақиқатты, көз жеткізер айғақ, дәлелдермен куәландырады. Мұның бәрі адам жүрегіне тыныштық әрі айқын сенімділік сыйлайды. Бұл ілімді кемшілігі болмаған әрі кемел сипаттарға ие Құраннан ғана табуға болады.

ҚҰРАН ОҚУШЫ ТӘНІ МЕН ЖАНЫНА ШИПА ТАБАДЫ

Алла Тағала күллі адамзатты: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді»,[4] «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз»,[5] – деп сүйіншілейді. Жүрек Құранмен тазарады, тыныштық табады, көркем мінез-құлыққа бастайды. Кейбір адамдар тәкәппарлық, қызғаныш, күншілдік, қанағатсыздық, құмарлық, екіжүзділік, күйзеліс секілді жүрек ауруларына шалдығып, емделу шараларын қарастырып, психологтардың есігін қағып жатады. Асылында, мұндай науқастың дәрігерлері – Пайғамбар (с.ғ.с.) мен ізгі ғалымдардың жолын ұстанушылар екенін ұмытпайық. Алланың сөзі Құран – дәрі-дәрмек секілді. Дәріні уақытынан кешіктірмеу әрі дәрігерлер бұйырғандай етіп қабылдаудан дертіңізден оп-оңай айығасыз.

Егер мұсылман Құранды Алла разылығы үшін оқитын болса, Құран аяттары оның тәніндегі дерттерге өздігінен шипа бола береді. Дегенмен, дем салып емдеуге болатын бірнеше сүрелер мен аяттар да нақтыланған. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қайыры ең көп болған сүре – Фатиха, барлық дертке дауа»,[6] – деген болатын. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сахабалары да, одан кейінгі ізгі мұсылмандар да «Фатиха» сүресімен емделген екен. Егер адам ешбір қателіксіз, тек қана сүннетте келгендей Құран сүрелерімен дұрыс емделетін болса, тән ауруларынан да айығады.

ҚҰРАН ҚАС ДҰШПАННАН ҚОРҒАЙДЫ

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, ал «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді»,[7] «Кім таңертең «Аятул Күрсіні» оқыса, кешке дейін шайтаннан қорғалады, ал кім кешке оқыса, таңға дейін қорғалады»,[8] – деген.

Әбу Хабис (р.а) Пайғамбардың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Уа, Әбу Хабис! Мен саған Алладан қорған іздеген адамның айтатын ең жақсы сөзін хабарлайын ба?». Ол: «Иә, Алла Елшісі!» – деді. Ол: «Таңның Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін...»[9] деп айт  және «Адамдардың Раббысына (Иесіне) сиынып, қорғауын тілеймін»[10] деп айт, осы екі сүре Алладан пана тілеушілерге», – деді».[11]

Басқа хадисте: «Кім түнде (жатарда) «Бақара» сүресінің ең соңғы екі аятын оқитын болса, ол оған жеткілікті болады»,[12] – делінген. Имам ән-Науаи осыған байланысты: «Бұл оған түнімен намаз оқығанның сауабын алмастыруға жеткілікті немесе түнімен шайтанның кесірінен сақтануға және барлық жамандықтан сақтауға жеткілікті», – деген.

ҚҰРАН ДӘРЕЖЕЛЕРДІ КӨТЕРЕДІ

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, Алла Тағала осы Кітаппен (амал еткен) қауымның (екі дүниеде де) мерейін өсіріп, ал (амал етпеген) қауымның дәрежесін түсіріп, қор қылады» деп айтты»,[13] – делінген.

Сондай-ақ, Құраннан теріс бұрылғандар жайлы Ақырет күнінде Пайғамбарымыздың Раббына арыз-шағымда болатындығы аятта былай баяндалады: «Пайғамбар (қиямет күні) былай дейді: «Уа, Раббым! Қауымым бұл Құранды тастап кетті»[14].

Осы себептен әрі өзімізді, әрі бала-шағамызды Құран Кәрімнің сүйіспеншілігі және көркем ахлағымен безендіруіміз қажет-ақ.

ҚҰРАН ӨЗІН ОҚУШЫҒА КЕШІРІМ ТІЛЕЙДІ

Қасиетті Құранның бұл дүниедегі пайдасы қаншалықты көп болса да, мәңгілікке созылатын Ақыретіміздегі пайдасы да шаш етектен. «Адам өмірде арқасына дорба арқалаған жолаушы сияқты. Ішіндегі нәрсе тағдырын шешеді. Сондықтан, әркім дорбасына не салып жүргеніне қарасын» деген екен ізгі ғұламалардың бірі.

Егер сіз сауапты қалай және қайдан тереріңізді білмей жүрсеңіз, Құран оқыңыз! Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Құран оқыңыздар! Расында, Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді»,[15] – деген.

Алла алдында шапағат ету, бұл – өзге жаратылыстардың күнәлары мен қателіктері үшін кешірім сұрап дұға қылу. Алайда, бұл мүмкіндік тек қана Алла Тағаланың рұқсатымен, қалауымен ғана орындалмақ.

Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк! Неткен кеңшілік! Сіз бен біз аз ғана уақытымызды бөліп, Құран оқимыз. Алайда, осы амалымыздың өзі қайтарымсыз қалмайды. Ертең сүр үрленіп, Қиямет басталғанда, күн төмен түсіріліп, адамдар қорқыныштан жылап, терлей бастағанда, таразылар құрылып, есеп басталады. Сонда сіз оқыған Құран сіз үшін шапағат ететін болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде шапағат ететін бірнеше сүрелер аталған. Мәселен, «Бақара» және «Әли Имран» сүрелері туралы: «Құран оқыңдар! Расында, Қиямет күні Құран өзін оқушыға шапағат етеді. Екі нұрды оқыңдар: «Бақара» және «Әли Имран». Расында, Қиямет күні олар екі бұлт күйінде келеді... және өзін оқушыларды қорғайды»,[16] делінсе, «Мүлк» сүресі хақында: «Құранда отыз аяттан тұратын сүре бар. Кім оны оқыса, Қияметте оның күнәсі кешірілмейінше шапағат етуін тоқтатпайды. Ол – Мүлк сүресі»,[17] – деп айтылады.

Ал келесі бір даналық бұлағына айналған хадисте: «Қиямет күні Құран келіп: «Я, Алла, Құран оқушыны көріктендір», – дейді, сонда оған қошемет тәжі кигізіледі. Содан кейін Құран: «Я, Алла, онан сайын еселе!» – дейді, сонда оған қошемет киімі кигізіледі. Содан кейін Құран: «Я, Алла, оған разы бол!» – дейді, сонда оған разы болады. Осыдан кейін ғана Құран оқушыға: «Оқы және биіктей түс» – делінеді, сонда ол оқыған әрбір аятқа сауап жазылады»,[18] – делінген.

ҚҰРАН АДАМДАРДЫҢ ЖАҚСЫСЫН АНЫҚТАЙДЫ

Әрбір адам «жақсы» деген мәртебеге ие болғысы келеді. Және «жақсылармен» жолдас, сұхбаттас, пікірлес болуды қалайды. Ендеше, «ең жақсы адам деген кім?» деген сауалыңызға жауап табылды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің»,[19] деген. Ал енді, осы адамдардың жақсылары хош иісті лимонға теңелген екен. «Құран оқушы мүмин тамаша иісті және дәмді, тәтті лимон секілді, ал Құран оқымайтын мүмин иісі жоқ, бірақ дәмді құрма секілді. Құран оқитын екіжүзді хош иісті, бірақ дәмі ащы райхан секілді, ал Құран оқымайтын екіжүзді, иісі де жоқ дәмі де ащы колоквинт (өсімдіктің бір түрі) секілді»[20].

ҚҰРАН ОҚУШЫНЫ ҚЫЗҒАНЫҢЫЗ!

Білесіз бе, ата дініміз байға да, мансаптыға да, сұлуға да, сымбаттыға да емес, Құранды көп оқитын адамды қызғануды өсиет етеді. Бұл Құран оқушының қаншалықты үлкен табысқа жеткендігін көрсетеді: «Екі түрлі қасиеті бар адамнан басқа ешкімге қызығуға болмайды, (олар): Алла оған Құран білімін нәсіп етіп, оны күндіз-түні оқыған адам және Алла оған байлық нәсіп етіп, ал ол оны күндіз-түні (игілікке) жұмсаған адам»[21].

ҚҰРАН САУАПҚА КЕНЕЛТЕДІ

Құран оқушы сый-сауапсыз да қалмайды екен. «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді. Мен «Әлиф, ләм, мим» бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп»,[22] делінген хадисте. Сондай-ақ, Құранды қиналып үйренуші де көл-көсір сауаптың астында қалмақ. «Кімде-кім Құранды оңай үйренген болса, мәртебелі оқушы (қари) атанады, ал қиындықпен мүдіріп оқыған болса, екі есе сауапқа ие болады»[23]. Ғалымдар осы хадистегі «қиындықпен» деген сөз араб тілінде сөйлемейтін барлық халыққа қатысты деген екен.

ҚҰРАН ОҚУШЫНЫ АЛЛАНЫҢ ӨЗІ ЕСКЕ АЛАДЫ

«Қай уақытта болмасын адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, онда Алланың Кітабын оқыса, оларға, әлбетте, тыныштық түседі (орнайды), сондай-ақ, оларды мейірім орап, жан-жақтарынан періштелер қоршайды және Алла оларды Өзінің алдарындағылардың ішінде еске алады»[24]. Алла Құран оқушыны еске алып қана қоймай, оны тыңдайды: «Алла тамаша дауыстыны, ол Құранды ырғағымен оқығанда тыңдағандай, ешкімді тыңдамайды».[25]

ҚҰРАН ТОЛЫҚТАЙ ОҚЫЛЫП БІТКЕНДЕ ЖАСАЛАТЫН ДҰҒА ҚАБЫЛ БОЛАДЫ!

«Егер адам Құран оқуды түннің әуелгі бөлігінде аяқтаса, онда періштелер ол үшін таң атқанша дұға етеді, ал егер де ол Құран оқуды түннің ақырғы бөлігінде бітірсе, онда періштелер ол үшін кешке дейін дұғада болады»[26]. Сәбит әл-Бунани былай деп айтатын: «Әнас ибн Мәлик Құранды түгелдей оқып аяқтаған кезде, бала-шағасы мен отбасы мүшелерін жинап, Аллаға дұға ететін еді»[27]. Ибн Утайба былай деген: «Бірде Мужаһид пен Абда ибн Әбу Любаба мені (кісі жіберіп) шақыртып алды. Мен оларға келгенімде, олар маған: «Расында, біз сені шақырған себебіміз, Құранды тилауат етуді (оқуды) аяқтап жатқан едік. Ал Құран оқудың соңында жасалған дұға қабыл болады», – деді».[28]

ҚҰРАН ОҚУШЫ МЕН ОНЫ ҚАЛДЫРУШЫНЫҢ АЛЛА АЛДЫНДАҒЫ ХАЛІ

«Ал, кім Менің Еске салуымнан (Құраннан) теріс бұрылса, оған тар өмір болады әрі Қайта тірілу күні оны соқыр күйде тірілтеміз. Ол: «Раббым! Мені не үшін соқыр күйде тірілттің?! Мен көретін едім ғой» дейді. Алла айтты: «Міне осылай. Саған аяттарымыз келген еді, бірақ, сен оларды ұмыттың. Сол секілді бүгін сен де ұмытыласың» дейді»[29]. Яғни, ол дүниеде қанша дәулетті болып, қалағанынша өмір сүргенімен, тура жолда болмағандықтан, жүрегі орныққан, кеудесі тар, іштей қашқақ күйде өмір сүреді. Ал, Қияметте Алланың үгіт-насихатын тыңдамағаны үшін Жаратушы одан теріс бұрылып, Тозақ отына тастайды. Керісінше, Құран оқушы және оны амалына асырушы Алламен сауда жасасып, ең үлкен табысқа ие болмақ: «Ақиқатында, Алланың кітабын оқитын, намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындайтын және Біз ризық етіп бергеннен жасырын әрі ашық түрде жұмсайтындар ұтылмайтын (зиянға ұшырамайтын) саудадан үміт етеді. Ол (Алла) оларға сыйларын толық береді әрі Өз кеңшілігімен арттырып береді».[30]

ҚҰРАНДЫ ТҮСІНБЕЙ ОҚУДЫҢ ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?

Тау бөктерінде орналасқан ауылдың шетінде ақсақал мен немересі өмір сүріпті. Атасы үнемі ерте тұрып, Құран оқуды әдетке айналдырған екен. Ал немересінің кез келген істе атасына ұқсауға тырысатыны, оның ізгі істерін қайталайтын қасиеті әркімді де қызықтыратын. Бір күні көңіл-күйі түскен бала: «Ата, мен де күн сайын сен секілді Құран оқимын, бірақ, түсіне алар емеспін. Оқығанымды кітапты жапқан бетте ұмытып қаламын. Сонда Құран оқуымның не пайдасы бар?» – деп сұрақ қояды. Сонда пешке көмір салып жатқан қария кілт тоқтайды да немересіне мейірлене қарап: «Балам, сен мына көмірдің себетін ал да, ана жердегі өзеннен толтырып су алып кел», – дейді. Таңғалған немересі ештеңе деместен себетті ала жүгіреді. Алайда, үйге жеткенше себеттегі су түк қалмай төгіліп қалады. Күлімсіреген ақсақал: «Тезірек жүруге тырыс» – деп, баланы қайта жібереді. Ол бұл жолы жылдам қимылдайды, дегенмен, су тағы да таусылып қалады. Бала себетпен су тасудың мүмкін еместігін айтып, шелекке қолын соза беріп еді, атасы оны тоқтатады. «Жоқ, балам, маған шелек емес, себет қажет. Сен барыңды салмай жатқан боларсың...» – деп оны тағы да құлшындырды. Бала өзін дәлелдемек болып, себетке толтырып су алады да бар шамасы жеткенше қатты жүгіреді. Атасының алдына жеткенде тағы да бос себетке көзі түседі. «Ата, көрдіңіз бе? Мұның еш пайдасы жоқ!» – дейді терге малынған бала. Қария: «Расымен де, еш пайдасы жоқ деп ойлайсың ба? Себетіңе қарашы», – дейді. Мұқият қараған бала көмір ыдысының сырты да, іші де тап-таза болғанын байқайды. «Құлыным, сен Құранды оқығанда дәл осындай жағдай болады. Түсінбеуің де, ештеңе есіңде қалмауы да мүмкін. Бірақ, ол сенің ішіңді де, сыртыңды да өзгертеді. Сонан кейін Алла Тағала сенің өміріңді өзгертеді», – деп, үнемі Құран оқудың пайдасы мен даналығын түсіндірген екен.

 


[1] «Фұрқан» сүресі, 32-аят.
[2] Муслим.
[3] «Рағыд» сүресі, 28-аят.
[4] «Юнус» сүресі, 57-аят.
[5] «Исра» сүресі, 82-аят.
[6] Бәйһақи.
[7] Ахмад, Муслим.
[8] Хаким.
[9] «Фәлақ» сүресі, 1-аят.
[10] «Нас» сүресі, 1-аят.
[11] Нәсаи.
[12] Бұхари, Муслим.
[13] Мүслим.
[14] «Фұрқан» сүресі, 30-аят
[15] Муслим.
[16] Муслим.
[17] Әбу Дәуід.
[18] Тирмизи.
[19] Бұхари.
[20] Бұхари, Муслим.
[21] Бұхари, Муслим.
[22] Тирмизи.
[23] Муслим.
[24] Муслим.
[25] Бұхари, Муслим.
[26] Ахмад.
[27] әд-Дәрими.
[28] Әбу Дәуід.
[29] «Таһа» сүресі, 124-аят.
[30] «Фатыр» сүресі, 29-30-аяттар.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру