Пайғамбардың (с.ғ.с.) аяулы жарларынан үйренетін 10 қасиет

07 наурыз 2019 12325 0
Оқу режимі

Мұсылман қыз-келіншектер күнделікті өзімізді жетілдіріп отыруға тырысамыз. Біздің өміріміздегі маңызды әрі басты мақсатымыз – ерімізге жақсы жұбай бола білу. Бұл әйел ретінде әрі ана ретінде өзін таныта алатын Алла Тағала сыйлаған ең жоғары, ең қастерлі дәреже. Алла Тағала бізге осындай бақытты сыйлаған екен, ендеше жақсы болмауға, тақуалардың, сахабалардың әрі сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) аяулы жарларына еліктемеуге қақымыз жоқ. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелдеріне қалай еліктей аламыз, ол кісілер қандай мінездерге ие болғандығын Алла елшісінің (с.ғ.с.) төмендегі хадистерінен білетін боламыз.

КҮЙЕУІНЕ ТОЛЫҚТАЙ БОЙҰСЫНАТЫН

Үйдің қожайыны отбасының əрбір мүшесінің ақысына құрметпен қарап, олардың алдындағы міндеттерін толық орындауға күш салуы қажет. Сол секілді əйелдің де оған бағынып, ортақ мүдде, отбасы бақыты үшін айтқандарын орындауға тырысуы да аса маңызды. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: Алла елшісінен (с.ғ.с.): «Ең жақсы әйел қандай?» - деп сұраған кезде: «Көзің түскенде қуандыратын, бұйырғанда бойұсынатын, сен болмағанда ар-намысың мен малыңды сақтағаны», - деп жауап берген екен.

ЕРІН ҚҰРМЕТТЕЙТІН

Ислам нəрімен сусындаған отбасында əйел ерін, ер əйелін құрметтейді. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Мұндай жағдайда отағасы ашу шақырып, қаһарына мінбей, өзіне сай ұстамдылықпен, əйел адам болса өзіне тəн нəзіктік пен сыпайылығын сақтап, мəселені бейбіт шешулері қажет. Ислам тек әйелге келмеді, тек ерге де келмеді, күллі адам баласына келді. Дей тұрғанмен де, қазақ халқы қашанда ер-азаматты «отағасы» деп құрмет көрсетуден танбаған. Пайғамбарымыздың да хадисінде бұл құрмет: «Егер адамның басқа бір адамға сәжде етуін бұйырар болсам, онда әйелінің күйеуіне сәжде етуін бұйырған болар едім, өйткені оның күйеуінің алдындағы міндеттері аса зор»[1], - деп көрсетілген.

АУЫРТПАЛЫҚ САЛМАЙТЫН

Ерлі-зайыптылардың өзара жақсы қарым-қатынасы – екеуіне де ортақ уәжіп. Бір-біріне суық қарап, отбасының құтын қашыратын ешқандай да қақылары жоқ. Шариғаттың осы заңы аясында әйел адам ерінің көңіліне кірбің салып, сөзімен де, ісімен де ренжітіп алмауы тиіс. Бір хадисте: «Бұл дүниеде әйелі күйеуін ренжітіп, қайғыртса, Жұмақта оған бұйырылған хор қыздары былай айтады екен: «Сені Алла құртсын, ол сенімен уақытша ғана өмір сүруде, жуырда ол сенімен қоштасып, бізге келеді»[2], – делінген.

ҮЙІН ҚҰНТТАП ҰСТАЙТЫН

Үйінің тазалығына мән берген әйел берекені кіргізеді. Әйел адамның үйі шашылып, дастарханы жиылмаса, ол үйдің берекесі сол ластықпен шығып кетеді. Ардақты пайғамбарыздың (с.ғ.с.) хадисінде мұны: «Әйелі күйеуінің үйіне жауапты әрі сол үшін жауап береді»[3], – деп айтып кеткен.

АЙЫБЫН ЖАСЫРАТЫН

Ерлі-зайыптылардың татулығының бір сыры – сырларын жасыра білуде. Егер олардың сырлары сыртқа шығар болса, ең бірінші, отағасының абыройына нұсқан келеді. Ер мен әйел бір-біріне киім іспетті болған кезде ғана, отбасында тыныштық пен ынтымақ болмақ. Ардақты елші (с.ғ.с.): «Қиямет күні Алла алдында ең төмен болатындар, өзара жеке қалып, сосын бір-бірінің құпияларын жайып салатын ерлі-зайыптылар»[4], – деп, отбасындағы сырдың сақталуына айырықша мән берген.

ЖҰМСАҚ МӘМІЛЕДЕ БОЛАТЫН

Адам баласын, әсіресе, әйел адамды өзге пенделерден ерекшелеп тұратын бір қасиеті – оның мінезі. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшіл ететін я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез. Осыны ескерген Бұқар жырау: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» деп ұрпақ өрбітіп, бесік тербететін болашақ аналарға ең алдымен жұмсақ мінезді болуды насихаттаған.

«Жұмсақтық қай нәрседе болса оны көрікті етеді, ал қай нәрседен кетсе оны көріксіз етеді», – деп айтқан Алла елшісінің (с.ғ.с.) аяулы жарлары иілгіш әрі жұмсақтық секілді ұнамды әрі зәру қасиеттерді өн бойына жия білген. 

ЕРІНЕ ЖАЙДАРЫ БОЛҒАН

«Көркем мінез» сөзін көп айтамыз. Шын мәнінде көркем мінез дегеніміз не? Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Бір адам пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Маған кеңес бер!» – деп өтінеді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ашуланба!» – деді. Осыдан кейін әлгі адам өз сұрағын бірнеше рет қайталады. Бірақ пайғамбарымыз әр жолы: «Ашуланба», – деуден танбады», – делінген. Әр істе сабырлы әрі жайдары қалпынан танбау салиқалы әйелге тән қасиет. Тағы бір хадисте: «Күйеулеріне жайдары, ал басқа еркектерге алынбас қамалдай болатын әйелдерді Алла жақсы көреді», – делінген.

КҮЙЕУІНЕН БАС ТАРТПАЙТЫН

Ер азамат негізінен харамнан сақтану, яғни, зинаға бармау үшін əрі ұрпақ жалғастыру үшін үйленеді. Ал, əйел бұл міндетіне немқұрайлы қарайтын болса, отбасының шырқы бұзылып, күйеуінің жаман жолға түсуіне себепкер болуы мүмкін. Сондықтан, адамзаттың ұстазы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) əйелдерге ескерту жасап былай дейді: «Егер күйеуі әйелін төсекке шақырып, ал әйелі бас тартар болса, онда періштелер таң атқанша оған лағынет айтады...».[5]

ӨЗДЕРІН ТӨМЕН ҰСТАЙТЫН

Әйел адамның басты асыраушысы, жалпы үйдегі басты адам қашанда ер адам болғаны абзал. Әйел адамның ерінен бір саты төмен тұру керегінің мәні осында. Бұл – отбасындағы барлық мәселенің шешімі әрі ер мен әйел арасындағы байланысты бұзбай ұстап тұратын фактор. Әйел биік болу үшін ғана төмендейді. Ол ақылды әйелге айналған сайын Алланың алдында және ерінің алдында дәрежесі биіктей береді. Ғалымдар әйел үшін Алла мен Оның елшісінің бұйрығына бағынғаннан кейін күйеуінің алдындағы хақыларын орындағаннан маңызды нәрсе жоқ деген. Әйелдің ерін биіктеткені – жеңілгені емес, керісінше, сол арқылы биіктегені. Бұл биіктік оны әйел бақытына кенелтеді. Бірде Айша анамыз (р.а.) әйелдерге қарап тұрып: «О, әйелдер, сендер өз құқықтарыңды білсеңдер, өздерің шаңға батып жатып, әуелі күйеулеріңнің бетіндегі шаңды сүртер едіңдер», – деген екен.

РАЗЫЛЫҒЫН АЛУҒА ТЫРЫСАТЫН

Бойсұну, абыройын қорғау, жайдары болу, үйін таза ұстап, айыбын ашпай, ауыртпалық салмай, ыңғайын тауып ерін құрметтеген әйелге отағасы да разы болып, жәннаттық болуына кепіл болады. Алла елшісі де: «Күйеуі оған разы болып, бұл дүниеден өткен әйел Жұмаққа кіреді»[6], – деген.

 


[1] Бұхари.
[2] Тирмизи.
[3] Бұхари.
[4] Мүслим.
[5] Мүслим
[6] Тирмизи.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру