Әйелді жұмаққа жетелейтін амалдар

11 ақпан 2019 11177 0
Оқу режимі

Әнәс ибн Мәліктен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Егер әйел кісі бес уақыт намазын оқып, Рамазандағы оразасын ұстап, ар-намысын қорғап, күйеуіне бағынатын болса, жұмаққа кіреді»[1].

Жұмақ − Алла Тағаланың мүмін пендесі үшін дайындаған сый-сияпаты. Оған тек шынайы иман келтірген, инабатты адам ғана кіре алады. Жүрегінде тарының түйіріндей болса да иманы бар адам тозақта мәңгі қалмай, соңында жұмақпен қауышады. 

Мүмін кісілердің имандары әртүрлі дәрежеде болғандықтан, барлығы бірден (бір мезетте) жұмаққа кіре алмайды. Олардың кейбірі ешқандай сұраусыз жұмаққа кіреді, сондықтан оларды «жұмаққа алғаш кіргендер, алғашқылар» деп атайды. Әйел затының осы алғашқылардың қатарынан орын алуы үшін, хадисте айтылғандай, бойында екі ерекшелік болуы қажет. Біріншісі − Алланың әмірін бұлжытпай орындау. Яғни, хадисте айтылғандай, бес уақыт намазын оқу, Рамазан айында оразасын ұстау, ар-намысын қорғау және т.б. құлшылықтарды орындау. Ал, екіншісі − күйеуінің көңілінен шығу. Бірінші міндетіне екіншісін орындау арқылы қол жеткізеді. Өйткені, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алланың атымен ант етемін! Әйел күйеуінің көңілін таппайынша, Раббысының сүйіспеншілігіне бөлене алмайды», - деген.

Бір күні мұсылман әйелдер жиналып, іштерінен біреуін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құзырына жібереді. Әлгі әйел: «Уа, Алланың Елшісі! Мен әйелдердің сізге жіберген елшісімін. Еркектердің жиһадтарына тең келерлік әйелдер үшін қандай амалдар бар?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Күйеуіне мойынсұнып өз ісін білсе жетіп жатыр. Мұны орындайтындар өте аз», - деп жауап береді.

Алла Тағаланың әмірлерін орындап, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау әрбір кісінің қолынан келе бермейді. Абдулла ибн Омар (р.а.) жеткізген мына хадисте: «Адамдар жұмысқа жарамайтын жүз түйе секілді», - дейді. Бұл хадиске түрліше түсініктеме берілген. Соның бірі мынадай: дүниеде жүрегін бүтіндей ақыретте арнаған тақуа адамдар өте аз. Бұл жұмысқа жарамайтын түйелердің саны көп болғанымен, жарайтындарының саны аз деген сөз.

«Салиқалы әйелдің өзге әйелдерден айырмашылығы: олар қос қанатты ақ қарғаға ұқсайды, яғни екі қанатты ақ қарға көзге ерекше көрінгені секілді, салиқалы әйел де сондай ерекше», - деп оларға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жоғары баға береді. 

Батыржан Мансұров

 

[1] «Мишкәтул-Мәсабих» II том, 202 бет

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру