Қабір иелерінен медет тілеуге бола ма?

07 ақпан 2023 1227 0
Оқу режимі

Әруақтардан көмек сұрауға бола ма?


Жауап

«Медет» сөзі қазаққа арабтың «мәдәд» сөзінен енген, «көмек, қолдау» мағынасын білдіретін сөз. Дүниеден өткен кісіден медет тілеу, яғни көмек сұрау шариғатымызда қаншылықты дұрыс?

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімнің «әл-Имран» сүресінде былай дейді:

بَلَى إِن تَصْبِرُوا وَتَتَّقُواويأْتُوكُمْ مِّن فَوْرِهِمْ هَذَا يُمْدِدْكُمْ رَبُّكُمْ بِخَمْسَةِ ءَالَفٍ مِّنَ الْمَلائِكَةِ مُسَوِّمِين

«Әрине егер сабыр етсеңдер, сақсынсаңдар, сондай-ақ, жау дереу осы араға жетіп келетін болса, Раббыларың сендерге бес мың белгілеулі періштелермен жәрдем етеді».

Осы аятта Алла тағала  يُمْدِدْكُمْ رَبُّكُم   «Раббыларың сендерге медет береді» деп, жәрдемнің өзінен болатынын айтқан.

Ал дүниеден өткендерден медет тілеу бойынша  Пайғамбарымыздан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадисбар:

إذا تحيّرتم في الأمور فاستعينوا باهل القبور

«Абдырап қалған кездеріңде, қабір иелеріне де Алладан көмек сұраңдар».

Біріншіден, араб тілі грамматикалық ережелерге толы тіл. Егер бір әріптен қателік кетсе, сөздің мағынасы түбегейлі өзгеріп кетеді. Осылайша жоғарыдағы хадисті араб тілі грамматикасын білмей аударғандар: «Абдырап қалған кездеріңде қабір иелерінен көмек сұраңдар» деген мағына шығарып, амал етіп жүр.  Асылында, хадистің мағынасы бұлай емес. Хадис мәтінінде «қабір иелері» сөзінің алдында «бә» «харфі жар» әрібі бар. Ал бұл хадисті: «Абдырап қалған кездеріңде, қабір иелеріне де Алладан көмек сұраңдар» деген мағынаға әкеледі.

Екіншіден, хадисте сәнәд (хадис жеткізушілері) тұрғысынан олқылықтар болған себепті, ғалымдар бұл хадисті әлсіз хадистердің қатарына жатқызады. Үкімі бойынша, әлсіз хадис тек қана әдеп-ахлақ тұрғысынан болса ғана амал етуге жарамды. Ал медет тілеудің сенім (ақида) мәселесіне жататынын ескерсек, бұл хадиске амал етуге болмайды.

Қорыта айтатын болсақ,  шариғатымыз қабір иелерінен көмек сұрауға үзілді-кесілді тыйым салады. Себебі, жәрдем беруге тек Алла лайық. Алла Тағала баршамызды Өзінің бұйырғанымен жүріп, тыйғанынан тыйылып өмір сүруімізді нәсіп еткей!

 

Алтынбек Хусаинов

«Ырыскелді қажы» мешітінің наиб имамы 

Пікірлер Кіру