Мұсылман адам мақтау естігенде не істеуі керек?

10 ақпан 2022 1955 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Әдетте, жөнімен кейде жөнсіз мақтау естіп жатамыз. Кейбір адамдар, бет алды мақтауға бейім тұрады. Ал, бәзбіреулер «мені мақтаса екен» деген кейіпте тұрады. Мақтау жайлы түсіндіріп берулеріңізді сұраймын.  


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Әсілі, мақтаудың кісіге едәуір зияны бар. Әсіресе, мақтау адамның діни амалына қатысты болса. Абдурахман бин Әбу Бәкра өзінің әкесінен мынадай хадис риуаят етеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құзырында бір кісі жайлы әңгіме болды. Сонда біреу: «Уа, Алла елшісі! Сізден кейін мына және мына істе одан абзал жан жоқ», – деді. Сондай пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тәйт, сен жолдасыңның (мақталып тұрған жанның) мойнын шауып түстің ғой», – деп қайта-қайта айтқан екен. Сосын пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер біреуіңіз бауырын мақтау керек болып тұрса, «Мен пәленшені былай деп ойлаймын» деп айтсын, егер сол кісінің бойынан әлгі жайтты көрсе, алайда мен ешкімді Алла Тағалаға ақтап сөз айтпаймын»[1], – деген екен.

Адам баласын осы әрекетінен тиған хадисте: «Егер әсіре мақтаушы адамдарды көрсеңдер, олардың жүзіне топырақ шашыңдар»[2], – деп айтылған.

Мақталып тұрған адам тәкәппарлық және босаңсу салдарынан сақтанғаны жөн. Мақтаудың шырмауынан тек өзін таныған адам ғана құтылады. Өйткені, адамның ешкім білмейтін іс-әрекеті мақтаушыға аян болса, ол лезде тиылар еді. Міне, сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кісі мақтау естіген сәтте осылайша әрекет етуді бұйыруда.

Ал, мақтап тұрған әке-шеше болса, ол кісілерге тыйым салуға, тіпті «тәйт» деуге болмайды. Өйткені, перзент ата-анаға жұмсақ сөйлеуге әмір етілген. Құранда: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал, егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле»[3], – деп әмір етілген.

Ал, ата-анадан басқа кісі мақтаған жағдайда жұмсақтық һәм әдеппен тоқтатқан жөн. Имам Ғазали мақтаудың зиян жайлы: «Мақталып тұрған адам екі жолмен зиян шегеді, бірінші: ол кісінің бойында өзіне таңқалу және тәкәппарлық пайда болады. Бұның екеуі де кісіні бұзады. Екіншісі: Кісі бір жақсылығы себепті мақталса, оған қуанып, босаңсиды да өзіне көңілі толады. Ал, кімде-кім өзіне таңырқай бастаса, оның іске деген ұмтылысы азаяды. Әдетте, өзіне сынмен қарайтын адам ғана алдыға ұмтылады»,– дейді.

Хазреті Әлидің (р.а.) өзін мақтаған кезде: «Аллам! Олардың мен жайлы білмейтін амалында мені кешіре гөр. Және олардың айтқаны үшін мені жазғырмағайсың. Олар ойлағанынан да мені жақсы ете гөр», – деп жауап берген екен. Ал, Суфиян бин Уиайна: «Өзін таныған адамға мақтаудың зияны тимейді», – деген.

 


[1] Мұттафақун алейһ
[2] Муслим
[3] Исра сүресі, 23-аят

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру