Үйленбеймін деп ант еттім, енді үйлену харам ба?

25 қаңтар 2022 1454 0
Оқу режимі

Ассаламуалейкум! Бірде анама қатты ашу кезiнде «арағыңды қоймайынша тұрмыс құрмаймын» деп, Алланың атымен ант еткен едім. Енді тұрмыс кұруым харам ба? Сiздерге Алла разы болсын! Алия Қ.


Жауап

Уағалейкум ассалам! Қадірменді Алия, кімде-кім бір қайырлы істі істемеуге ант еткен болса, әлгі антын бұзғаны абзал. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бір нәрсені істемеуге ант еткен болса, бірақ ол нәрсені істемеуден гөрі істеген абзал екендігін ойласа, антын бұзып, кәфаратын өтесін де әлгі істі істесін»[1], – деген.

Үйленіп, үй болу – қайырлы іс. Сондықтан анаңыз ішімдігін қоймаған болса да, сіз тұрмысқа шықпаймын деген антыңызды бұзғаныңыз дұрыс. Тұрмысқа шыққаннан кейін бұзылған анттың өтемін, яғни кәффаратын өтейсіз.

Бұзылған анттың кәффараты – он міскінді тамақтандыру немесе киіндіру яки бір құл азат ету. Бұл – ауқатты адамдардың кәффәраты. Ал, бұған шамасы келмейтін жағдайы төмен кісілер үш күн қатарынан ораза ұстауы тиіс[2].

«Кәффарат» дегеніміз – антын бұзған адамның Алла алдында күнәсін жуып-шаюы. Ол болашақтағы іске ант беріп, оны орындай алмай қалған жағдайда ғана өтеледі[3].

Дегенмен, мынаны да ескеріңіз, егер анаңыз ішімдігін қойған болса, сізге кәффарат өтеу қажет емес.

 


[1] Муслим, Китабуль Әймән – №1650 хадис.
[2] Бақара,225-аят.
[3] Әл-Маусули, Ихтияр  3/383 бет.

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру