Кітап иелерімен мұсылмандардың қарым-қатынасы қандай болуы керек?

19 қаңтар 2022 7979 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Кітап иелері яһуди және насаралармен мұсылманның қарым-қатынасы жайлы шариғатта не айтылған. Бұл жөнінде Құран және хадисте деректер бар ма?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ислам – кең шариғатты дін. Өзіңізге белгілі, біздің дінімізде жалпы барша адамдармен, оның ішінде кітап иелерімен де ерекше жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады. Бір ғана ескерер шарт – кітап иелері мұсылмандарға одақтас және серіктес ел болып, қарсы іс-әрекет жасамаған жағдайда. Бұл байланыс шариғатта – әділдік, жақсылық және ешкімге жамандық жасамау негізіне құралады. Құран Кәрімде «Алла дін тұрғысында сендермен соғыспағандарға және жұрттарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Шын мәнінде, Алла әділдік етушілерді жақсы көреді»[1] деген аят бар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бір муғаһидке[2] зұлымдық етсе, ақысын бермей қойса, шамасы келмейтін шаруа міндеттесе, қалауынсыз бір затын алып қойса, қиямет күні оның (муғаһидтің) қорғаушысы мен боламын»[3], – дейді. Хадис мұсылман елінде өмір сүретін кітап иелерінің құқығын толығымен баяндап тұр.

Сонымен бірге, кітап иелерімен өмірдегі барлық дерлік қарым-қатынас түрлеріне рұқсат бар. Олардың арақ-шарап және доңыз еті араласпаған тағамы мен сусыны – мұсылмандарға адал. Құран Кәрімде: «... Сондай-ақ, Кітап берілгендердің тағамы (бауыздаған малы) сендер үшін рұқсат етілген...»[4], – деген анық аят бар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманында Мадина қаласында мұсылмандармен бірге кітап иелері де тату-тәтті, бейбіт өмір сүрді. Яһуди әйелдің Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қонақ шақыруы, науқас яһуди жігіттің көңілін сұрап баруы, Нажран насаралық мешітте қарсы алып, сонда қонақ етуі – осы сөзіміздің ең үлгілі көрсеткіші. Бұл үрдіс халифалар заманында да өз жалғасын тапты. Оған ең жақсы мысалдың бірі – Омар бин Хаттаб (р.а.) халифаның Құдыс қаласы насараларына берген кепілдік хаты. Насаралардың өміріне, мал-мүлкіне, шіркеулеріне және басқа дүниелеріне қауіпсіздік кепілдігі берілген бұл хат тарихта «Омар кепілдігі» атымен қалған.

Руслан Камбаров

 


[1] «Мумтахина сүресі», 8-аят.
[2] Муғаһид – мұсылман елінде бейбіт келісім негізінде өмір сүретін басқа дін өкілі
[3] Әбу Дәуід
[4] «Мәида сүресі», 5-аят

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру