Талақтан кейін әкелік құқық сақтала ма?

17 қараша 2020 8413 0
Оқу режимі

Ассаламуәлейкум! Әйелін талақ еткен адам балаларына әкелік құқы бар ма? Ажырасқан соң әкенің қандай міндеттері бар? Рүстем


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Әкенің міндеті – балаға қамқорлық ету, тәрбиелеу және білім немесе кәсіп үйрету[1]. Ал, анасы немесе басқа да қамқорлық құқығына ие тұлға тиесілі қаражатты әкесінен алып баланың қажетіне жұмсайды. Ол қаражат соттың әкенің жағдайына қарап шығарған шешіміне сай бір күндік немесе бір апталық немесе бір айлық мөлшерде беріліп отырады. Алайда, әке балаға қамқор анасына: «Баланы маған жіберіп тұр, менің үйімде тамақтанып жүрсін», – деуіне болмайды. Өйткені, мұндай әрекет балаға зияны тиеді[2].

Шариғат бойынша, барлық фиқһ ғалымдары бірауыздан балаға қамқоршы болмаған екі ата-ананың бірі баламен көрісуге немесе балаға барып тұруға құқылы деген. Көрісу мерзімі ортақ шешімге байланысты.

Ханафи мазһабы бойынша, бала анасының қамқорлығында болса, әкесі баланы көруге құқылы. Әр күні баланы көруге мүмкіндік беретін орынға алып келіп тұру керек.

Анасы қамқорлық құқығынан айырылған немесе қамқорлық мерзімі біткен себепті бала әке қарамағында болса, әйел де өз баласын көруге құқығы бар. Баланы күнде бір рет анасы көретіндей жайға алып барып тұру керек. Ең ұзақ мерзім – аптасына бір рет көру. Бұл – әйелдің әке-шешесіне барып тұру мерзімі секілді. Ал, нағашы әпкенің құқығы тура анасының құқығындай сақталады, тек нағашы әпкесі баланы айына бір рет көреді[3].

Руслан Қамбаров


[1] Хашиат Ибн Абидин
[2] Маусуғат әл-Фиқһ әл-Ислами, 8-том, 685-бет
[3] Маусуғат әл-Фиқһ әл-Ислами, 8-том, 699-бет

 

 

Пікірлер Кіру