Бас мүфти: Діни басқарма «Darhan dala» жобасын іске қосты (ФОТО)

18 маусым 2021 322 0
Оқу режимі

Бұл туралы бүгін Түркістан облысына ресми сапармен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында «Darhan Dala» жобасын іске қосты. Жоба мақсаты – халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, жұртшылыққа шариғат әдебін сақтауды үйрету, Түркістан қаласына, басқа да тарихи, киелі орындарға тур ұйымдастыру. Аталған жобаны ҚМДБ жанындағы «Darhan Dala Travel» туристік фирмасы имамдардың атсалысуымен жүзеге асырады.

Кейде киелі орындарға зиярат жасау рәсімдері кезінде шариғат талаптары сақтала бермейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге назар аударып, өткен жылы имамдар форумында «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын қабылдады. Мақсатымыз – елімізде жалпыға бірдей зиярат мәдениетін қалыптастыру және зиярат жасау кезінде шариғат әдебін сақтауды қадағалау», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, «Darhan Dala Travel» туристік фирмасы бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, шетелдегі және еліміздегі киелі орындарға зиярат, денсаулық, экотуризм бағыты бойынша арнайы сапар ұйымдастырады.

Брифинг барысында Бас мүфти жергілікті журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру