РАМАЗАНДА ТӨРТ ІСТІ КӨБЕЙТІҢДЕР

12 сәуір 2023 2857 0
Оқу режимі

Рамазан айының соңғы он күндігінде Пайғамбарымыз құлшылыққа деген ыждағаттылығын көбейтіп, түнін құлшылықпен өткізіп әрі отбасына да соны бұйыратын. Пайғамбарымыздың бұл әрекетінің бір себебі, соңғы он күндіктегі Қадір түнін іздеу еді. Себебі, «Қадір түнін шын иман келтірген әрі сауаптан үміттенген халде өткізген пенденің бұрын істелген күнәлары кешіріледі». (Муслим)

Имам Тирмизи риуаяат еткен хадисте Айша анамыз: «Расулалла Рамазанның соңғы он күндігінде мешітте өткізіп: әҚадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігінен іздеңдер», - деген.

«Пайғамбарымыз Шағбан айының соңында бізге: «Өте ұлы және берекелі Рамазан айы келе жатыр. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, түнгі намазды сауап алуға себеп етті. Бұл айда ізгі амал істеумен Алла Тағалаға жақындаған адам Рамазан айынан тыс уақытта парыз амалын істеген болады. Рамазан айында парыз амалын орындаған адам басқа айда орындаған жетпіс парыз амалдың сауабын алады. Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат. Бұл – қайырымдылық айы. Бұл айда мүминнің ризығы молаяды. Біреудің ораза ұстағанды тамақтандырғаны оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді. Сонда сахабалар: «Я, Алланың Елшісі! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейді»,-дегенде Пайғамбарымыз: «Алла Тағала, тіпті, бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі — Хақ Тағаланың рахметі, екінші бөлігі — кешірімі, үшінші бөлігі – тозақтан азат болу. Хақ Тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді. Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуі сендерге міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ»,-деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал: Хақ Тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстағанға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хауызымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейді»,-деді».(Канзул-Ғүммәл)

Осы жерде бұл хадисті келтірудегі мақсат: назарыңызды Пайғамбарымыздың: «Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсендер, екеуі сендерге міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ»,-деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал: Хақ Тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу»,-деген сөзіне аудару.

«Жер айтып жеткізбесін» демекші, өмірімізде қаншама күнә істедік? Қанша намазымыз бен оразамыз қаза болды? Тағысы тағы бар. Ал енді Жаратушы Иенің рақымы мен мейірімі ерекше жауған қасиетті Рамазан айында тәубеге келіп күнә-кемшіліктеріміз үшін кешірім сұрамасақ, «лә иләһә илләл-лаһ» кәлимасын көп айтып иманымызды жандандырмасақ, Раббымыздан бізді жәннатқа кіргізіп, тозақ азабынан аман етуін тілемесек, не болғаны? Бұл біздің тағы бір кемшілігіміз бе, әлде жетістігіміз бе?!

Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Менің сахабаларым жұлдыз тәрізді. Олардың қайсына ерсеңдер де, тура жол табасыңдар»,-деп  сипаттаған сахабалар Рамазан жақындаған сайын қуанып, біткен кезде: «Рахмет айы аяқталды»,-деп өкінетін.

Бұл Пайғамбарымызды жан-тәнімен жақсы көрген, дін үшін аштық пен жоқшылыққа сабыр еткен, сахараның шыжыған ыстығында кәпірлермен жалаң аяқ жүріп шайқасқан, Пайғамбарымыздың «Ислам діні» атаулы аманатын бізге ұшақ, теледидар, газет арқылы емес, мыңдаған шақырымды жаяу жүріп, жолда түрлі қауіп-қатерді бастан өткізген, «мұсылман», «үммет» десе жүрегі елең еткен сахабалардың Рамазан айын құрметтеуінің белгісі.

Ал біз осы айтылғанның барлығын бастан өткермей-ақ, тым болмаса Жаратушы Иеміз бізге нәсіп етіп тұрған мүмкіндікті жіберіп алмасақ етті!

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру