ОРАЗАДА ЖЕУГЕ БОЛМАЙТЫН «ЕТ»

24 наурыз 2023 5113 0
Оқу режимі

Сол өсиеттерінің бірінде: «Расында, Алла өтірік айтуын доғармаған біреудің ішіп-жемін тоқтатқанына мұқтаж емес»,[2] – деп келеді. Яғни, ораза тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес екен. Рамазан айында  мұсылман баласы барлық жағымсыз іс-әрекеттен, бейәдеп қылықтан тыйылып, екі елі аузына төрт елі қақпақ қоя білгені абзал. Әйтпесе, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, «қаншама ораза тұтушылар бар, олардың бар тапқан пайдасы – шөлдеу ғана»[3].

Хаким таратқан риуаятта Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінберге көтеріліп бара жатып үш рет «Әмин» дегені айтылады. Сонда сахабалары мұның мәнісін сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген екен: «Маған Жәбірейіл (ғ.с.) көрініп: «Рамазанға жетсе де, күнәсі кешірілмеген жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Екінші мәрте көтерілгенімде: «Сенің есімің аталғанда, салауат айтпаған жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Үшінші мәрте көтеріле бергенімде: «Ата-анасының екеуі не біреуі көз алдында қартая тұра, жұмаққа кіруіне себепкер бола алмаған (ата-анасына лайықты қызмет ете алмаған) жан аулақ кетсін!» – деді. Мен тағы да: «Әмин» – дедім».

Хадисте айтылғандай, рамазан айында бола тұра Алла мейірімінен мақұрым қалғандардың жағдайы неткен жаман! Ал, рамазан айында ауыз бекіте тұрып, бар тапқан пайдасы – ашығу мен шөлдеу ғана болғандардың күйі қандай аянышты еді! Сондықтан да қасиетті рамазан айын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеттеріне сай өткізіп, сауапқа кенеле білейік! Мысалға, Алла Елшісі өзінің бір хадисінде: «Ораза тұтушының үндемеуі Аллаға тәсбих айтқанымен тең», – дейді. Расында, өсек пен өтірік желдей қаулап, ғайбат пен балағат орын алған ортада адамның үндемей тұруы үлкен сабырлықты қажет ететіні сөзсіз. Қазақы тілмен айтсақ, «үндемеген үйдей пәледен құтылады». Саңлақ сахабалардың бірі Әбу Бәкір (р.а.) үнемі аузына тас салып жүретін болған. Одан не үшін былай жасайтынын сұрағанда кезде: «Пайдалардың маған келтірген пайдасы», – деп жауап қайтарады екен.

«Айтылған сөз – атылған оқ» дейді халқымыз. Ұңғысынан ұшқан оқты қайтып қайтара алмайтынымыз секілді, отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге лезде тарайтыны мәлім. Сондай-ақ, сол «атылған оқтың» көбіне біреулерді жаралап жататынын ескере бермейтініміз өкінішті. Бұны дінімізде ғайбат дейді. Ислам дінінің кейбір ғалымдары ғайбатты үшке бөледі: біріншісі – ғайбат жасап тұрып, «мен ғайбат айтып тұрған жоқпын, оның бойындағы мінді атйып тұрмын» деуі. Бұл – харам екені белгілі нәрсені халал деу, яғни күпірлік. Мұсылман баласының, ең әуелі, ғайбаттың осы түрінен сақтанғаны абзал. Шындықты айтып тұрмын деп, күнә арқалаудан аулақ болыңыз! Әсірісе, қасиетті Рамазан айында!

Ғайбаттың екінші түрі – айтылған сөз ғайбатталған жанның құлағына жететін болса, оның кешірімі болмайынша, пенденің тәубесі толық болмайды. Ғайбаттың бұл түрі кісі құқығына қол сұғып, ақысын жегенмен бірдей.

Ал, үшінші түрі – ғайбатталушының құлағына жету ықтималдығы жоқ ғайбат. Бұл жағдайда пенде өзі үшін және ғайбаттаған адамы үшін кешірім тілеп, тәубе етуі тиіс.  Бұл айтылғандардан бөлек, ғайбат мәселесінде абай болуды қажет тағы бір жайт бар. Ол – кейбір адамдардың ғайбаттан сақтанған болып, «Одан да бетер нәрселері бар. Оларды айтсам, ғайбат бола ма деп тұрмын» деп жұмбақтап сөйлеп, тыңдаушысын күмәнді ойларға батыруы. Бұл – ашық айтылған ғайбаттан да ауыр күнә болып есептеледі.

Қасиетті Құран Кәрімде ғайбат айтқан жанның жазасы қандай болатындығы жөнінде былай деп келтіріледі: «Әй, мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар! Өйткені, күмәнның кейбірі – күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын! Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында, Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді».[4]

Әнас ибн Маликтен (р.а.) жеткен бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқаны баяндалады: «Мені көкке көтерілгенімде, тырнақтары жезден болған адамдардың өз беттері мен кеуделерін тырнап жатқандарын көрдім. Мен: «Ей, Жебірейіл! Бұлар кімдер?» – сұрадым. Ол былай деп жауап берді: «Бұлар пәни жалғанда адамдардың етін жеуші еді, яғни  ғайбат айтушы еді. Және де адамдардың ар-намысыңа қол сұғушы еді»[5]. Демек, адам баласының айтылған сөзіне есеп берместен, ғайбат айтуы – ақыретте айтқысыз азапқа душар етіп, жан төзгісіз жазаға себеп болады.

Сондықтан да, әрбір ізгі амалдар еселенетін қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамыздың қабыл болуынан үміт етсек, ең әуелі, ғайбаттан аулақ болғанымыз жөн. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасайды: «Мен рұқсат етпейінше ешкім ауыз ашпасын!».

Аллаға иман келтіргендердің барлығы бұл сөзден соң ас пен судан тыйылып, ауыз бекітеді. Кеш түсіп, көз байлана бастаған шақта ораза ұстағандар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, ауыз ашуға рұқсат сұрап жатты. Сол сәтте Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір кісі келіп, қыздарының ауыз бекіткенін айтып: «Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді», – деп өтініш білдірді.

Алайда рұқсат берілмейді. Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрайды. Үшінші рет келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын», – дейді.

Әлгі кісі айтылғандарды қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде, кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) білдіргенде: «Құдіретті Алла Тағалаға ант етемін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді», – деген екен.

Мінекей, қасиетті рамазан айында ғайбат сөйлеп, өсек айтқандардың о дүниедегі азабы осындай болмақ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының бірі Осман ибн Аффан (р.а.): «Ғайбат, өсек айту, сөз тасу – бір отар қойдың шүйгін шөпті қырқып жеп кеткені сияқты, иманды да қырқып жоқ етеді», – деген. Осы себепті де, Алла Елшісі (с.ғ.с.) өз үмметіне: «... Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе,жақсы сөйлесін немесе тіліне ие болып, тыныш тұрсын», – деп бұйырған.

Ақиқатында, Алла Тағаланың сауабынан үміт етіп, ауыз бекіткен жандардың ғайбат айтылған ортадан аулақ болғаны абзал. Өйткені, Әбу Дәуідтен риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 58-аятындағы «Алла сендерге аманттарын өз иелеріне тапсыруды бұйырады» деген жерін оқып тұрып, қолымен құлағы және көзін көрсетіп: «Құлақ – аманат, көз – аманат» дегені айтылады. Демек, ораза ұстаған жан құлақты харам естуден, яғни өсек пен өтірік сияқты харам нәрселердің баршасынан сақтауы қажет. Өйткені, айтуға болмайтын нәрсені естуге де болмайды. Бұл жайында қасиетті Құран Кәрімде былай әмір етіледі: «Олармен (өтірік сөйлейтін, ғайбат, өсек айтатындармен) бірге отырмаңдар. Әтпесе, сендер де солар сияқты (күнәһар) боласыңдар!»[6]

Халқымыздың данышпан ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің өлеңінде: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз», – деп жырлайды. Қарап тұрсаңыз, адамзаттың бес дұшпанының үшеуі осы айтылған ғайбат төңірегінен табуға болады. Жел сөзге еріп, мақтаншақтыққа салынудың соңы жақсылыққа апармасы белгілі. Ал, өсек пен өтіріктің өрге баспайтынын дана халқымыз әлдеқашан айтып қойған.

Сөз соңында, сағына күткен қасиетті аймен қауышып, шіліңгір шілденің ыстығына қарамастан, ауыз бекіткен ағайындарға айтарымыз – оразамыз кәміл болсын десек, ас пен судан, нәпсі қалауларынан тыйылғанымыздай, барлық жаман әдеттеріміз мен әрекеттерімізді тоқтатып, Алла Елшісі (с.ғ.с.) көрсеткендей ауыз бекіте білейік!

 


[1] «Бақара» сүресі, 185-аят.
[2] Әбу Дәуід, Тирмизи.
[3] Ибн Мәжә.
[4] «Хужурат» сүресі, 12-аят.
[5] Ахмад.
[6] «Мәида» сүресі, 42-аят. 

Дереккөз: Muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру