ЕСКІРГЕН ҚҰРАНДЫ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

23 мамыр 2024 564 0
Оқу режимі

Сұрақ: Ескірген Құранды не істеу керек?


Жауап

Жауап: Құран – ұлы періште Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) арқылы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға уахи етілген Алла Тағаланың сөзі. Құран Кәрімге деген құрмет халқымыздың санасына ерте заманнан бері сіңген. Тіпті «Құранды кіндіктен төмен ұстама», «оған қаратып аяғыңды созба», «дәретсіз ұстама» деген ескертулерді жиі кездестіреміз. Сондықтан Құранға құрметсіздік танытуға жол бермеу керек.

Жыртылған, ескірген Құранды тігіп, желімдеп оқуға жарамды етуге болады. Ал оқуға да жарамсыз болып, парақтары жыртылған, ескірген Құран кітабын аяқ асты болмау мақсатында төмендегі тәсілдердің бірін қолданады.

1. Ескірген, оқуға жарамсыз Құран және діни кітаптарды жерге көму. Бұл – Ханафи және Ханбали мәзһабы ғалымдарының көзқарасы. Ханафи мәзһабының ғалымы Имам әл-Хәскафи: «Құран егер оқу мүмкін болмайтындай жағдайға жетсе, мұсылман адам сияқты жерге көміледі», – деген (әд-Дур әл-мухтар, 1/191). Осы кітаптың хашиясында: «Таза шүберекке оралып, адамдар баспайтын жерге көміледі», – делінген. «Әз-Захира» кітабында: «Жер ләхад етіп қазылып, кейін көміледі. Себебі топырақты Құранның үстіне тастаса, Құранға деген құрметсіздік болады. Сондықтан топырақ Құранның үстіне түспейтін етіп көмілсе, жақсырақ болады», – деген. Ханбали мәзһабының ғалымы имам әл-Бәһути: «Егер Құран ескіріп, оқуға жарамсыз болып қалса, жерге көміледі. Имам Ахмад былай дейді: «Әбә Жәузаның Құраны ескіріп, жарамсыз болып қалғанда мешіттің аумағынан жер қазып, сол жерге көмді», – деген. (Кәшфу әл-Қанағ,
1/137).

2. Ескірген, оқуға жарамсыз Құран және діни кітаптарды отқа жағу. Бұл – Мәлики және Шафиғи мәзһабының ғалымдарының көзқарасы. Оқылмайтын қолжазбаларды аяқ асты етпеу Осман ибн Аффан (оған Алла разы болсын) заманынан бері бар. Ол Құран Кәрімді бір мусхафқа жинақтағаннан кейін Құран аяттарының басқа нұсқасы жазылған парақтарды түгел жинап, аяқ асты болмау мақсатында отқа жаққан болатын. Ибн Баттал: «Османның (Алла одан разы болсын) Құранды бір мусхафқа жинаған соң, басқа Құран аяттары жазылған парақтарды, Алланың есімдері жазылған кітаптарды аяқ асты болмаудан сақтау мақсатында өртегені бұлай жасауға рұқсат екеніне дәлел болады», – деді (Шарх сахих әл-Бухари, 10/226). Имам әс-Суюти: «Құранның ескіріп, жыртылып қалған парақтарын өртеудің оқасы жоқ деп, Османның (Алла одан разы болсын) ескі жазбаларды түгел жинап, отқа жаққанын алға тартады (Әл-итқан фи улуми әл-Қуран, 2/1187). Алайда жарамсыз Құран, діни кітаптарды жағатын жер таза болуы керек. Кітаптарды өртеу кезінде беттерінің соңына дейін жанғанын, жазылғандары оқуға болмайтын дәрежеге жеткенін қадағалау керек. Сонымен қатар оларды әртүрлі қоқыспен бірге жағуға болмайды.

3. Ескірген, оқуға жарамсыз Құран және діни кітаптарды ағынды сумен жуу. Бояуы кеткенше ағын суға салып қою керек. Бірақ бұл суда еритін сиямен жазылған кітаптарға ғана жарайтын әдіс. «Әл-Биная шарх әл-Һидая» кітабында (12/238): «Жарамсыз кітаптардан Алланың есімдері, пайғамбарлар мен періштелердің аттарын өшіру керек. Кейін отқа жағады. Егер ағынды суға тастаса немесе жерге көмсе оқасы жоқ. Алайда ең абзалы – жарамсыз діни кітаптарды жерге көму», – делінген.

Демек жыртылған, ескірген Құранды тігіп, желімдеп оқуға жарамды ету мүмкін болса, солай жасап пайдаланады. Өйткені Құранға құрметсіздік таныту – харам әрі үлкен күнә. Ал оқуға да келмейтін мүлдем жарамсыз Құранды, басқа да діни әдебиеттерді аяқ асты болмау мақсатында адам аяғы баспайтын жерге көмген абзал. Егер не істеу керектігін білмесе, оларды мешітке апарып, сол жердегі қызметкерлерге тапсыруға болады.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

«Иман» журналы, №4, 2024 жыл

 

Автор: Қожанов Қасым

Пікірлер Кіру