МЕШІТ ШӘКІРТТЕРІ ЕМТИХАН ТАПСЫРДЫ (ФОТО)

27 мамыр 2023 2459 0
Оқу режимі

Имандылықтың ордасына айналған «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі әйел шәкірттер арасында Құран үйрену сабағынан жылдық қорытынды емтихан өтті.

Жыл бойы білім алған 400 шәкірттен ауызша,  барлығына бір уақытта арнайы емтихан алынды. Мешіт ұстаздарының шәкірттері арнайы бекітілген тәртіп бойынша басқа ұстаз алдында өз білімін көрсетті. Нақтырақ айтсақ, бастауыш тобын бітірген 96 шәкірт «Мұғалім сәни» кітабы бойынша ұстаз алдында емтихан тапсырса, Тәджуид ережелерін тәмамдаған 206 шәкірт 30-параның сүрелерін тәджуид ережелері бойынша талдап берді. Тасхих тобының 46 шәкірті емтихан алушы ұстаздың қалауымен Құранның кез келген жерін көркем түрде оқу арқылы тапсырды және хифз (құран жаттау) тобының 15 шәкірті жыл бойы жаттаған Құран аяттарын жатқа оқумен биылғы оқу жылын сәтті аяқтады.

Емтихан аяқталғаннан кейін олардың барлығы қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлының қолынан анықтама қағазы мен Құран кітабын алды. Діни сауат ашу курсына жауапты имам Омар Салимбеков оқу жылын аяқтаған шәкірттерді жетістіктерімен құттықтады.  Сондай-ақ, осынша шәкіртке білім беріп отырған мешіт ұстаздары Эльмира Бұқарбаева, Әсел Қыдырмина, Зарина Жукенова, Мухлиса Сайдулақызы мен Тантьяна Сыщенконы да құттықтап, дін жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Елорданың төріндегі «Әзірет Сұлтан» мешітінде осы жылы түрлі білім сайыстары ұйымдастырылды. Ер және әйел шәкірттер Құран сайысы, ақида, фиқһ пәндері бойынша түрлі емтихандар тапсырып, өз білімдерін жетілдіріп келеді. Жылдан жылға мешіт шәкірттерінің де қатары артып келеді.

Суреттер топтамасын ФОТОГАЛЕРЕЯ айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру