БАС МҮФТИ ШЫМКЕНТТЕГІ ЗӘУЛІМ МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ

24 мамыр 2024 1331 0
Оқу режимі

Бүгін Шымкент қаласында «Есжанұлы Сейітжан қари» мешітінің ашылу рәсімі өтті. Игі іс-шараға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Игі іс-шарада қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ғұмырын Құран жазуға арнаған жерлесіміз, әйгілі каллиграф, Сауд Арабиясынан арнайы келген Осман Тоһаға Мемлекет басшысының дұғай сәлемін жеткізіп, иығына шапан жапты.

Ашылу рәсімінде сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Сіздерді «Есжанұлы Сейітжан қари» мешітінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала бұл мешітті ізгіліктің, бірлік пен берекенің, білім мен сүйіспеншіліктің ордасы еткей. Осы мешіттен тәлім алған жастарымыз шырайлы шаһардың, қала берді Қазақ елінің рухани дамуына өз үлестерін қосады деген сенімдемін. Алла Тағала мешітті салған азаматтарға мол сауаптан жазғай.

Рухани азық беретін бірден-бір орда – мешіт. Мешіттің атқаратын қызметі, қоғамдағы орны өте үлкен. Мешіт – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Себебі мешіттеріміз тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, жаңадан отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиятын, дүниеден өткен аяулы жандарға Құран оқытып, дұға бағыштайтын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалатын, қиналған адамдарға рухани қолдау көрсететін мейірім мекені. Мешіт салудың сауабы мол болатыны сондықтан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адамдар Алланың үйлерінің ішінен бір үйде жиналып Құран оқып, оны үйренетін болса, оларға әлбетте тыныштық түседі және оларды рахымшылық бүркеп, періштелер қоршауына алады», – деген. Бұл мешіт жүрек тыныштығы мен барлық жақсылықтың ордасы болғай», – деді.

Бас мүфти зәулім мешітті салуға демеушілік жасаған белгілі меценат Серікжан Сейтжанұлына алғысын жеткізді. Сонымен қатар мәртебелі мейман Осман Тоһа ақсақалымызға құрмет көрсетіп, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тағып, иығына шапан жапты.

Айта кетсек, жаңа мешітте бір мезетте 12 мың адам құлшылығын өтей алады. Мешітте конференция залы, 600 адамға арналған асхана, жастарға рухани білім беретін медресе, неке қию залы, 736 көлік сиятын жерасты автокөлік тұрағы бар.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру